12 Қараша, 2013

Бізді биіктеткен бағдарлама

384 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің алдағы ұзақ мерзімдік даму бағыттарын айқындаған «Қазақстан-2050» Стратегиясының жарияланғанына да бір жыл болып қалды. Бұл маңызды құжат біздің болашақ жолымызды айқындап қана қойған жоқ, сонымен қатар, қазақстандықтарды бір мақсат жолында біріктіріп, өз болашақтарын неғұрлым айқынырақ көруіне қызмет етуде. Құжатта қандай салалар, қандай бағыттар бойын­ша дамиды, негізгі назарды қандай мәселелерге аудару керек деген сұрақтарға айқын жауап берілгендіктен, ол қазірдің өзінде қоғамымыздың қалың бөлігін болашақ істерге жұмылдыра түскендігі сезіледі. Қысқасын айтқанда, «Қазақ­­­­стан-2050» Стратегиясы қарас­­­тырылып отырған мәселеге білікті көзқараспен қарайтын сарапшылардың, халық арасындағы әртүрлі қарапайым маман­дық иелерінің толық қолдауына ие болуда. Төменде жария­ланып отырған сарапшылар мен түрлі мамандық иелері мақала­ларынан осындай үндестік рухы сезіледі.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің алдағы ұзақ мерзімдік даму бағыттарын айқындаған «Қазақстан-2050» Стратегиясының жарияланғанына да бір жыл болып қалды. Бұл маңызды құжат біздің болашақ жолымызды айқындап қана қойған жоқ, сонымен қатар, қазақстандықтарды бір мақсат жолында біріктіріп, өз болашақтарын неғұрлым айқынырақ көруіне қызмет етуде. Құжатта қандай салалар, қандай бағыттар бойын­ша дамиды, негізгі назарды қандай мәселелерге аудару керек деген сұрақтарға айқын жауап берілгендіктен, ол қазірдің өзінде қоғамымыздың қалың бөлігін болашақ істерге жұмылдыра түскендігі сезіледі. Қысқасын айтқанда, «Қазақ­­­­стан-2050» Стратегиясы қарас­­­тырылып отырған мәселеге білікті көзқараспен қарайтын сарапшылардың, халық арасындағы әртүрлі қарапайым маман­дық иелерінің толық қолдауына ие болуда. Төменде жария­ланып отырған сарапшылар мен түрлі мамандық иелері мақала­ларынан осындай үндестік рухы сезіледі.

Жаңа қазақстандық патриотизм

«Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз.

Бәріміздің де туған жеріміз біреу, ол – қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан

мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауынан.

...Арды ойлаған бабалар-ай, десеңші! Тағылымның нәрін жүрекке құюда алдымен сөзді ардан бастаған ғой. «Арлы адам жарлы болмас» деген ұлағатта жанға даритын ұлылық барын кім жоққа шығарар?!

Иә, ар адамды сүюден, өмір сүріп отырған ортаңа, Отаныңа ықыласыңнан, тіпті осы жолдағы жанпидалығыңнан аңғарылады. Жанпидалық – ізгіліктің көрінісі. Көрпені өзіңе қарай тартпай, өзгеге көлеңкеңді түсірмей өмір сүруге болады. Күнкөріске ғана құмарлық, өз басын ғана күйттеушілік, адамның күні адаммен екенін елемеушілік – тоғышардың тірлігі. Тоғышар туғанына да, ел-жұртына да жат болатынын дүниенің данышпандары айтарлықтай-ақ айтып кеткен. Осы орайда қазақтың ойшыл ақындарының бірі Қадыр Мырза-Әлінің студент кезімде оқып, әлі күнге дейін жадымнан шықпай жүрген мына жыр шумағын алға тартқым келеді:

Біреулер бар, оларға тек бас қайғы,

Халықты айтсаң, қадам алға баспайды.

Олар үшін алып Отан – бір ауыл,

Жақсылығы сол ауылдан аспайды!

Қадыр ағамыздың осы бір асыл ойын көрнекі жерлерге жазып, іліп қойса, ешқандай артықтық етпес еді.

Біздің бабаларымыз, әсіресе, сәби құндақтап, бесік тербеткен аналарымыз отаншылдықты ұрпағына бесік жырымен дарытқан. Кеңес өкіметі тұсында ұлттық тәрбиеге тура беттей алмадық, бір қазанға екі қошқардың басын салғандай, өктем-зорлықпен әр халықтың өзіндік елжандылығының жолы қиылды. Ұлттық қасиетті биік ұстаған Алаш асылдарының көзі жойылып, олардан кейінгі жақсыларымызды жасытып жіберген күш-пәрменнің ғұмыры еліміздің тәуелсіздігі жеткен күні ғана желкесінен қиылды. «Бұрын – батыр, бүгін – қорқақ, бұғады», деп Мағжан тайсалмай айтқан тірліктің тамырына балтаны Тәуелсіздігіміз шапты.

Тәуелсіздік – аса қасиетті ұғым. Адам­ның жанын тербер осы тәтті сөзде бұрынғы ғұмыр кешкен ата-бабала­рымыздың санғасырлық армандары, көксеген үміттері тоғысқан. Көп ұлтты сипаты бар Қазақстан секілді елде барлық ұлт өкілдерінің тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруі Елбасы белгілеп берген басты қағидаттарымыздың бірі болып табылады. «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы «өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды» деген жолдар ел иесі ретінде қазақ халқының жауапкершілігін де, бедел-пайымын да биіктете түсері анық. Еліміздің геосаяси жағдайы да мұны ерекше қажет етеді. Елбасымыз әлемдік тұрғыдан ойлап, пайымдайтын көрегендігімен, кемеңгерлігімен елімізге, Тәуелсіздігімізге төнетін қауіп-қатерлерді талдап, саралап отырып, көрсетіп берді. Айталық, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік! Экономикалық қуаты мықты дамыған мемлекеттердің өздері не істерлерін білмей дәрменсіздікке ұрынды. Парсы шығанағындағы мұнайлы-газды елдерді азамат соғысының өрті шарпып, сырттан небір қысастықтар жасалуда. Іштегі билікқұмар оппозицияшылардың қолтығына су бүркіп, азулының әлсізге күш көрсетуі, демократияны сылтау етіп, өзгенің тең құқына қол сұғуы үйреншікті әдетке айналған. Жалған, әсіре отаншылдықты қоздыру амалы бұл!

Азық-түлік қауіпсіздігі де басты қатерлердің бірі болып отыр. БҰҰ-ның деректеріне қарағанда, бүгінде жер-жаһан тұрғындарының саны күрт өсіп, 2009 жылы 6,6 миллиард болса, Азия тұрғындары мұның жартысынан асып түскен. Халықтың бұлайша шоғырлануы жер аумағының тарылуын, азық-түлік тапшылығын тудырып, кедей елдердің қатарын көбейте түскен. Мәселен, әлемдегі ең кедей 48 мемлекеттің 33-і Африкаға тиесілі. Кедей мемлекеттердің қатарында біздің кейбір азиялық көршілер де бар. Олардың көші-қон керуені төңіректегі елдерге тоқтаусыз ағылуда.

Елбасымыз сын-қатерлерді алға тартқанда, бұларға да айтарлықтай мән-маңыз берді. Алайда, «біздің «осал тұсы­мыз» деп атаған көпэтностылығымыз бен көпконфессиялығымызды өз артық­­шылығымызға айналдыра алдық», деп Жолдауда атап көрсетілгендей, әрбір қазақ­стандықтың этносына, діни наным-сеніміне қарамай, өз Отанын сүйетіндей тәлім-тәрбиені қалыптастыру аса маңыз­ды. Жолдауда жаңа қазақстандық патрио­тизм барлық қоғамды, барлық этнос­тық әркелкіліктерді біріктіру факторы ретінде алға тартылып, ел бірлігі асыл қасиет ретінде ұлықталды. Бірлігі бере­келі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарас­қан елдің ғана ырысы мен табысы телегей теңіздей болатынын бүгінгі жаһандану дәуірі алабөтен көрсетіп отыр.

Бұл орайда біздің тарихымызда халықтар достығының тамаша мысалдары жеткілікті. Есте жоқ ескі замандардан бері тамыр тартқан ежелгі достықтың ұйытқы боларлық жолдары мен қадір-қасиетін жас ұрпаққа отбасы, ошақ қасынан ұғындырған жөн. Шаңырақта шыр етіп дүниеге келген әр сәбиге ата-анасы елді ардақтауды, көршілермен тату-тәтті тұруды, егделерге ілтипат көрсетуді үнемі айтып отырса, ұлағатты ұрпақ өсіп шығарына талас жоқ. Бұдан тысқары үй тәрбиесі балабақшамен, мектеппен тығыз ұштасып, әрбір әңгіме, тәрбие сағаттары, күнделікті іс-шаралар Отанды сүю тақырыптарына арналып жатса, құба-құп болар еді. Сонда нау­­­қан­дық сипаттан арылып, керісінше, жұ­мысымызда жүйелілік сипат орнығар еді.

Президенттің «Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі», деп қадап айтуы тегін емес. «Қазақстан-2050» Стратегиясында елжандылықтың тамаша үлгісі ретінде Лондон Олимпиадасындағы табыстарымыз мысалға келтірілді. Расында да, тұманды Альбион еліне тағатсыздана көз тіккен қазақстандықтар халқымызды тұтастыққа үндейтін жоғары бірлігіміздің куәсі болды.

Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа қазақ­стандық патриотизм идея­сын қалыптастыру ойларын «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезінде сөйлеген сөзінде одан әрі негіздеп, саяси ұйымның алдына патриот­тық күшке айналу міндетін қойды. Партияның аса маңызды миссиясы ретінде «2050» Стратегиясында жария­ланған Жаңа қазақстандық патриотизм қалыптастырудың жалпыұлттық түпқазығы болу, бұл жұмысқа барлық қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктерді тарту тиістілігі атап көрсетілді.

Елбасы қоғамды ұйыстырушы мәде­ниет пен әдебиеттің қалың өкілдері алдын­дағы мақсат туралы әдебиет және өнер қайраткерлерімен кездесуде баяндап, мәдениет пен өнердегі патриоттық қоғамымызда болып жатқан тарихи оқиғаларда көрініс табуы қажеттігін еске салғаны көкейімізде әлі жаңғырып тұр.

Елімізде мемлекеттік рәміздердің жал­пықазақстандық құрметке бөленуі ай­рықша қуантады. Әнұранымыздың, Елтаң­­­­бамыздың, Туымыздың ардақталуы – отан­шылдықтың көрінісі. Қазақ ұлтының тілін, дәстүрін өзге этностардың қадір тұтып, жаппай үйренуге ден қоюы бұ­дан былай қоғамдық парыздан гөрі, аза­маттық жауапкершілік міндетіне ұласып жатса деген тілек айтқымыз келеді.

*       *       *    

Мемлекеттік тілге қатысты ұстанған бағдарымыз айқын. Енді алдымызда Жолдауда белгіленгендей, тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясатты қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты факторға айналдыру талабы тұр. Оны мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шаралардың түзілуінен-ақ байқауға болады. Бүгінгі таңда қоғамдағы қазақ тіліне деген көзқарасты бұдан 20 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға еш келмейді. Егемендігіміздің елең-алаңында туған тіліміз бұлтты күнгі бұлыңғыр көк­­жи­ек­тен сыңарқұлақтанып, тасада көз жазды­рып қалып қойған күн көзіндей көрініп, қабырғамыз қайысып, өкініштің өксігінде жүргеніміз кеше ғана сияқты еді. Ана сүтімен бойға даритын қасиетті тілімізді өрге домалатпау ниетіне беріліп, дау-дамай ұйымдастырғандардың үні өшті. «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатуды» көздеген Елбасының қиыннан жол тапқан сарабдал саясатына қалай ғана тәнті болмассың! Мемлекеттік тілді Конституция баптарына, қабылданған бағдарламаларға сәйкес дамыту жөніндегі талаптары, қазақ тілін жақтаушыларды сабыр мен төзімділікке шақыру ақыл-кеңестері өз жемісін бергені қуантады.

Қазір мектептерде қазақ тілін оқыту сапасы әлдеқайда жақсарды. Өйткені, мемлекеттік тілді үйрену қажеттілігімен қоса, талаптың да күшейгенін ұстаздар қауымы мен оқушылар қатты сезініп отыр. Орыс тілді ата-аналардың өздері де бұрынғы жылдардағыдай емес, балаларының қазақ тілін меңгеруіне мүдделі. Бұл да болса, елішілік татулықты, тұрақтылықты, рухани келісімді көрсетсе керек. Облыс орталығындағы орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін өзге ұлт адамдарын көргенде, оның негізінде тілді құрметтеу – ұлтты құрметтеу, елді сүю екенін аңғарғандай боласың. Жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір осындай азаматтарды қалай ұлықтасақ та жарасады.

Мемлекет басшысы өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде жатық сөйлеу ынта-тілегін қолдап, қолдайтынына өзіміз талай рет куә болған жайымыз бар. 2005 жылы 27 қарашада Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қайта жаңғыртылу салтанатына қатысу сәтінде өз ойын қазақша толғаған СҚМУ студенті Ольга Лизунді шақырып алып, ақ батасын беріп, ризашылық білдірген еді. Кейін мен осы студент қызбен қазақ тілінде тілдескенімде, зеректігіне таңғалғанмын. Сұрастыра келгенде, Жамбыл ауданның Суаткөл ауылынан болып шықты. Бұл елді мекеннің қазақ жастары орысшаға бейімделіп кеткені жаныма батып жүретін. Қаршадай қыздың талап-ұмтылысы қазақ жастары үшін үлгі, сабақ алар тәлім деген ой түйдім.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан тіл институты ашылғалы қазақ филологиясы факультетін орыс ұлтының бір топ жастары тәмамдап шықты. Олардың алғашқыларының бірі Людмила Милютина қаладағы 26-мектеп-балабақшада қазақ тілінен сабақ береді. Виктория Попова да осында жұмыс істейді. Ол – қазақ фило­ло­гия­сы бойынша магистратура бітірген тұңғыш орыс ұлтының өкілі. Зоя Золотарева, На­талья Толстых та әпкелерінің жолын қуып, қазақ тілі пәнінің мұғалімі болуды ­қалады. Тіл институтында білім алып жүрген Диана Мелихова оқу озаты санал­са, Анастасия Сафронова қоғамдық шараларға белсене қатысады. Ол Петропавл қаласындағы орыс мектебін бітірсе де, қазақша жатық сөйлейді. Тәлім-тәрбиесімен бөлектенеді.

Мемлекеттік тіл саласындағы осындай өрелі өзгерістерден кейін еріксіз ойға кетесің. Бұдан жиырма жыл бұрын біз «Туған тілдің туын жықпайық!» деген ұран тастап, облыстық газетте арнайы айдар ашқанбыз. Ұранды өзгелерге емес, өз ағайындарымызға арнаған едік. Қазақ сыныбына балалар тарту мақсатымен ата-аналарды үгіттеген топтың ішінде болғанбыз. Ол кездері облыс орталығында тұңғыш рет ашылған бірінші сыныпқа оқушы толтыра алмай, табаннан тозған халімізді көзге елестетудің өзі қиын. Ал бүгінгі көрінісіміз көңілге қуаныш ұялатады.

Мен Тұңғыш Президентіміздің әріні болжап, тереңнен ойластырған кемеңгерлігіне мақтанамын. Жас ұрпаққа деген аталық қамқорлығын үнемі көрсетумен келе жатқан Елбасы «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде қазақ тілінде лебіз арнаған қызылордалық Татьяна Куштаеваға риза болып, жастардың мемлекеттік тілді меңгеру жайына тоқталған. «Көрдіңіздер ғой, жаңа Татьяна қазақша қалай сөйледі? Теледидардан хабар жүргізіп отырған өзге этнос өкілдері қазақтардан артық сөйлейді. Тіл мәселесін сөз еткенде кейбіреулер алып қашып, ойбай, оңбай жатыр, неге Президент қазақша сөйлемейді, дейді. Менің қалай сөйлейтінімді көріп отырсыздар. Мен Президент болғандықтан, сөзімді барлық қазақстандықтар түсінуі тиіс. Өйтпесем, мен қалай Президент боламын, сондықтан сіздер де осыған үйренулеріңіз керек. Өзіміз отырғанда қазақша сөйлейікші, алдымен. Онда басқалар да қазақша сөйлейтін болады. Үйренемін дегенді бауырыңа тарт, қателесіп жатса, күлме!», деген еді сонда Президент.

Міне, Елбасының дана ақылы бәрімізге сабақ болуы тиіс. Алайда, қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастау керектігін ұмытып жатамыз. «Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс деген» Жолдау талаптарын басшылыққа алатын болсақ, мемлекеттік тілдің өркендейтініне дау жоқ. Қазақ тілін жоғары деңгейде біліп, жатық сөйлеп, сауатты жаза алатын дәрежеге жететін өзге этностардың легі қалыңдай түсетін күн алыс емес. Сонда әлгі Анастасия, Юлия, Зоя секілді қарындастарымыздың қатарынан қалып жүрмейік! Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенін, еліміздің Қазақ мемлекеті деп аталғанын шын жүрегімізбен қалағымыз келсе, қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, ағайын! Атақты сөз зергері Ғабең айтпақшы, «Авгийдің ат қорасынан бастайық»!

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Солтүстік Қазақстан облысы.

Белестерге бастайды

Ауқы­­мы мен ма­ңы­зы жөнінен алып қа­ра­­­ғанда бұл құжат «Қа­зақ­стан-2030» се­кілді біздің еліміздің да­муы­­на ұзақ мерзімге қызмет ететіндігі анық. Кез келген сарапшы, кез келген ел азаматы оған осындай баға береді.

Қазақстанның ал­ға қойып отырған «Қа­зақстан-2050» бағдарламасы Қа­зақ елінің, жалпы қазақстандық азаматтардың жақсы өмір сүруге деген құлшынысын білдіретін және еліміздің алға басу үде­рі­­­сін әлемге айқындайтын жария мәлімет іспетті. Мұнда ел эко­номикасының қарышты қадам жасауына әрбір қимыл мен әрекетінің дұрыс болжамы жасалған.

Ерекше мән беретін болсақ, бұл құжатта Қазақстанның эко­номикалық әле­уеті мен ғаламдық эко­номикаға қосар үлесі мен өзіндік қол­таң­басы, ел ішіндегі даму жайы мен алға ба­су әдістері жақсы көрсетілген. Елі­міз­дегі импорттық және экспорттық саясаттың, біз­дің отандық эконо­ми­­ка­мызға қатысатын ин­­­вестицияларды ба­­ғыттау тәртібін көр­сететін құ­­­жат ретінде де ма­ңызы аса биік. Қаржылық, инвес­ти­ция­­лық жүйемен қатар, бұл құжат­та еліміздің рухани кемелденуіне де үлкен мән берілген.

Бұның алдында жасал­ған «Қазақстан-2030» бағдар­ла­ма­сының арқасында біз бүгінгі дамыған қоғамға жетіп отырмыз. Ал, мына жаңа стратегия біздің елімізді халықаралық аренада жаңа биіктерге көтеріп қана қоймай, әрбір қазақстандықтың жақсы өмір сүріп, өз ұрпағын өмір жолына дұрыс сала білуіне жағдай жасайды. Бүгінгідей болжауы қиын ауытқымалы заманда жан-жақты қамтылған осындай бағдарлы құжатты берік ұстана отырып қана ертеңгі күннің биік асуларын алатынымыз ақиқат.

«Қазақстан-2050» бағдар­­­­­ла­масы Қазақстанның эконо­микалық климатын реттеп, инвес­­тициялық жүйесін даму даңғы­лына түсіретін мемлекеттік стра­тегиялық жоспар. Бұл бағдар­ламаға сай инновациялық жоба­ларға инвестиция тартылып, келешекте заманауи­ даму үдерісінің үлкен көшінде боламыз. Бағдарламада адамзат баласына ортақ денсаулық, білім, салауатты өмір секілді аса бағалы адами құндылықтар кеңінен қамтылған.

Бұл құжат Қазақстан қоға­­мы­ның алға басуы мен дамуына үлкен ықпал жасайды. Демократиялық түсінік пен құқықтық қоғамның қалыптасуы үшін көп жағдай жасап, осылардың негізінде жем­қорлық, астыртын сыбай­­лас­тық секілді кеселдердің жолын кеседі. Сонымен қатар, еліміздің құқықтық жүйесін бұдан әрі дамыта түсетіндігі ақиқат.

Елбасы өткен жолы Үкімет жұмысын сынға алғанда да осы Стра­тегияның нақты жүзеге асуы­на ел Үкіметінің тікелей ықпал етуін сөз етті. Өйткені, Қазақ­стан қоғамының дұрыс дамуын қамтамасыз ететін нақты бағыттар стратегияда тайға таңба басқандай анық жазылған-ды.

Өзім қарапайым Қазақстан перзенті ретінде бұл құжаттың ертең менің бала-шағамның дұрыс өмір сүріп, жан-жақты азамат ретінде дұрыс қалыптасуына ықпал ететіндігіне сенімдімін.

Осындай келешекке құлаш ұрған бағдарламаларды дұрыс жүзеге асыра отырып, алыс келешекке көңіл көзін жүгірткенде ғана біз үлкен мемлекет екен­­­дігімізді әлемге мойындатамыз. Алдағы экономикалық, сая­си бағыттарымызды қолмен қой­ғандай етіп көрсетіп берген құжат біздің негізгі ұстанымымыз және болашаққа деген бағдарламамыз екендігіне шек жоқ.

Мен тек зерттеуші ғалым ретінде емес, жалпы осы елдің, Қазақстан мемлекетінің бір мүшесі ретінде «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасын толық қолдап қана қоймай, оны жүзеге асыруға қызмет етемін.

Ләйлә МҰЗАФАРОВА,

Қазақстан Президенті жанындағы

Стратегиялық зерттеулер институты басшысының

бірінші орынбасары.

АЛМАТЫ.

Уақыттан озуға ұмтылу – Қазақстанның басты бағыты

Мәскеудегі «Дағдарыстан кейінгі әлем» халықаралық қорының директоры Екатерина Шиповамен биылғы маусым айында Астанаға «Перспектива-2050: әлемнің жаңа саяси-экономикалық картасы» атты жинағының тұсаукесеріне келген кезінде кездесіп, сұхбат құрған едік. Қазақстан Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы туралы өте жоғары пікірдегі сарапшымен кеше телефон арқылы тағы хабарластық. Бұл жолы өткенде айтылған ойларын екі ауыз сөзбен тұжырымдап шығуды өтіндік.

– Екатерина Анатольевна, Қазақстан Президентінің өткен жылғы Жолдауының ең басты жетістігі неде деп есептейсіз?

– Бұл ең алдымен, бір мем­лекеттің алдағы 40 жылға жуық уақытта атқаратын барша жұ­мыстарының нақтылы бір ізге түсірілген бағдарламасы іспеттес. Бүгінгі әлемнің шынында да 2050 жылғы ахуалға қарай бой түзеп, бейімделе бастағанын ескерсек, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл Жолдауы нағыз дер шағында қабылданған құнды құжат болып табылатынын пайымдау қиын емес. Қазір Жер шарындағы ғалымдарды да, саясаткерлерді де, эко­но­мистерді де планетадағы жағ­дайдың алдағы қырық жылда қандай күйде болатыны қатты толғандырып отыр. Қазақстан лидерінің аталмыш стратегиясы сол кездері кездесуі мүмкін қиындықтардың осы бастан алдын алуға арналуымен де аса маңызды болып саналады.

Мен өткен жолы да айтқанмын, қазір тағы қайталап айтқанның артықтығы болмас, жалпы «Қазақстанның қабылдап жүрген тренділері, яғни шешімдері әлемді ұдайы ілгері жылжытатын ұйғарымдар қауызына таңғаларлық дәрежеде үйлесе сіңісіп келеді. Сіздердің елдеріңіз ұзақ мерзімді жоспар жасаудағы мейлінше қызықты тәжірибелер кестесінде де әлем бойынша 6-шы болып келеді. Мұның өте жоғары көрсеткіш екенін өзіңіз де пайымдап отырған шығарсыз. Ақиқатында да Қазақ­стан дамудың ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарын жасауда өзіндік бір модельдік үлгіге қол жеткізген мемлекет болып табылады. Республика кеңестік кезең елдері арасында бірінші болып 1997 жылы жаңғыруға бағыт ұстаған ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» Стратегиясын қабылдады. Әлбетте, елдің соңғы 15 жылдағы дамуының қарқыны мен ауқымын тек бұл ғана айқындап берген жоқ. Алайда, осы аралықта Қазақстанның бұрынғы Одақтан бой көтеріп шыққан дәулеттер арасындағы барынша қуаттылары – Ресей мен Украинамен салыстыра қарағанда да едәуір әлеуетті болып көрінеді. Ал соңғы Жолдау алдыңғы стратегиялық жоспардың заңды жалғасы екені де рас.

– Сонда осы Жолдаулар арқылы Қазақстанның алғы күнге ұмтылысының мәні мен мазмұны айқындала түседі демекшісіз ғой?

– Әлбетте. Өзіңіз ойлап көріңіз, әдепкі «Қазақстан-2030» бағдарламасы шын мәнінде өткен жылы өзінің мақсаты мен міндетін орындап болды. Осыған орай күн тәртібіне жаңа меже мәселесі шықты. Осылайша, «Қазақстан-2050» Стратегиясы пайда болды. Ол осы күндері елді жаңа жаңғыру белестеріне бастап келеді. Бұл Стратегияның тағы бір ерекшелігі, ол сонымен қатар, қысқа және орта мерзімді кезеңдердің бағытын айқындап алуға көмектеседі.

Аталмыш бағдарламаның қажеттілігі планетаның қазіргі замандағы мейлінше ырғақты даму жолына түскен аймағына орналасқан мемлекеттің алдында жаңа кең ауқымды ұран­дар мен мүмкіндіктер қойылып отырғандығымен де айқынырақ түсінікті бола түседі. Ал мұн­дай жоспар түзген елдің оңды қа­дамдары қазірдің өзінде көріне бастады. Ендеше, оның жасаған ұзақ мерзімді жос­парлау жұмыстарының өзін өзін­дік бір форсайт, яғни болжам стратегиясы деп атауға да болады. Бұл ұлтты осындай стратегиялық мақсаттарға жетуге бағыттай отырып, мемлекет олардың күшін біріктірудің де бағытын айқындап берді. Айналып келгенде, бәсекедегі басымдықтың тағы бір қайнар көзі ашылды. Осылайша, мем­лекеттік жоспарлау мен болжау жүйесін жетілдіруге бағыт ұс­таған Қазақстанның таңдаған жо­лы принципті тұрғыдан алғанда сенімді көрініп отыр. Сондықтан да сарапшылар қауымдастығы сіздердің елдеріңіздің ұзақ мер­зім үшін таңдап алған стра­тегия­лық даму жоспарын өте жо­ғары бағалап, дұрыс деп тапты. Осының бәрі Қазақстанның қа­шаннан уақыттан озу, мерзім­нен бұрын қимылдау тактикасын ұстанып келе жатқанын айғақтайды.

Әңгімелескен

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».

Арман ақиқатқа айналады

Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз ұлт денсаулығын жақсарту ісінде едәуір ілгерілеуге қол жеткіздік», деп нақтылады.

Енді осы сөзге өзім еңбек етіп жүрген Алматы облыстық кардиологиялық орталы­ғынан мысал келтірсем, адам жанының ең негізгі қозғаушы күші жүрек ауруын емдеудің барлық тәсілдері өте жоғары деңгейде тура жолға қойылды. Бізге келген науқасқа сала мамандары жиналып, бірінші кезекте оған пайдалы кеңес беруден бастайды. Бұл үдеріс еміміз қажет болса, адам кеудесін ашып ота жасауға дейін жалғасады. Оны Еуропалық дәрігерлер мақұлдаған медицина тілімен айтқанда «алгоритим» дейді. Әрине, дәрігерлік кеңеспен шектелмей науқас адамның жүрегіне қан апаратын тамырлардың бітелген жеріне стент қойылады, ол көмектеспесе ғана кеудесін ашуға тура келеді.

Жүрек қан айналымы аурулары бойынша көрсеткішіміз былтырғы жылмен салыстырғанда 19 пайызға жақсарды. Жалпы, біздің тәжірибемізді Денсаулық сақтау министрі қазақстандық дәрігерлерге үлгі тұтып, іс жүзінде пайдалануларына кеңес берген болатын. Сөз реті келгенде айта кетсем, дәрігерлердің еш алаңсыз жұмыс істеуіне облыстық кардиологиялық орталығы басшысының ұйымдастыра әрі әр дәрігермен тіл табыса білуінің нәтижесінде барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік мекеме болғандықтан құны 2 миллион теңгеге дейін жететін оталарды тегін жасаймыз. Бүгінгі таңда Талдықорған қаласының маңайындағы 100 шақырымға дейінгі ауылдарға тәуліктік кезекшілік қойылып, күн-түн демей қызмет көрсетудеміз.

Бір сөзбен айтқанда, жаңа Стратегия денсаулық сақтау саласының болашағын көзге елестетеді. Жұмысымыз жақсара беретіндігі анық.

Бағдат ҚАНАФИН,

Алматы облыстық кардиология орталығының дәрігері.

Айқын бағдар адастырмайды

Жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның саяси бағытын айқындап бер­ген «Қазақстан-2050» Стратегиясының эко­но­микалық, әлеуметтік, рухани қағидаттары жө­нінде әңгімелейтін болсақ, оның түпкі мәні мем­лекеттілікті одан әрі нығайтып, қазақ­стандық демократияны дамытуды көздейтінін аңғару қиын емес. Бұл орайда, Елбасы өскелең ұрпақ алдына асқаралы міндеттер жүктеп, ұдайы қолдау көр­сетіп келе жатқанын айрықша атап өткім ке­­ле­ді. Жолдаудағы «Мен сіздерге – жаңа буын қа­зақ­­­­­стандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа ба­­ғыт­тың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер. Естеріңізде болсын, сіз­дер­дің табыстарыңыз – ата-аналарыңыздың табысы, туғандарыңыз бен туыстарыңыздың табысы, отбасыларыңыздың табысы, барлық отан­дас­­тарыңыздың табысы, біздің Отанымыздың табысы» деген сөздер елі­міз­­дің болашақ құрылысшылары алдына биік мақсаттар қоюмен қатар жақ­­сы білім алуға, заманауи білім беру жүйесін меңгеруге жігерлендірері анық.

Иә, қазір заман талабына орай білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілік күшейтіліп, басты назар білім беру әдістемелерін жаңғыртуға аударылып отырғаны жасырын емес. Мен өзім оқушы­лармен күнделікті қарым-қатынасымда білім мен кәсіби машыққа қатысты Жолдау талаптарын түсіндіруден жалыққан емеспін. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп текке айтылмаса керек. Мектеп бітіргеннен кейін менің алдымда екі таңдау жолы тұрды. Бірі – әскери білім алу, екіншісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болу. Анамның ақылымен ұстаз болуды қаладым. Сөйтіп, Тіл және әдебиет институтының қазақ филологиясы факультетіне оқуға түстім. Қазақ тілін тез-ақ үйреніп кеттім. Қазір орыс мектебінде ұстаз­дық қызмет атқарамын. Жұмысым жақсы. Жолдасым Валентин де, балаларым да қазақша үйреніп жүр. Мұндағы айтпағым, Прези­дентіміз атап өткендей, 2050 жылғы қазақстандықтардың үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы, өз елінің патриоттары, еңбексүйгіш, жаңа білімді меңгеруге құштар болатынына кәміл сенімдімін.

Анамның тілін алып, дұрыс таңдау жасағаныма қуанамын. Айқын бағдардың адастырмайтынына «Қазақстан-2050» Стратегиясы көзімді анық жеткізіп отыр.

Ирина СЕДОВА,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Солтүстік Қазақстан облысы,

Ғ.Мүсірепов ауданы.

Биік мақсатқа бірлік жеткізеді

Стратегия – елдің келешектегі дамуының темірқазығы. Бұл, әсіресе, жаһан елдерінің экономикасы дағдарыстың қыспағына түскен тұста тәуелсіз Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік өркендеу ырғағын бәсеңдетпеу үшін аса қажетті құжат. Енді оны экономиканың әр саласында, әр өңірде қалай іске асыру қажет? Мен оған қандай үлес қоса аламын?

Шыны керек, бұл сауалдар баршаны толғандыруы тиіс. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарынан лайықты орын алуы қажет деп ұдайы айтып келеді. Өзім осы бастамасын құптаймын. Себебі, біздің тәуелсіз мемлекетіміз ешбір елден кем емес. Біздің елімізде табиғи бай­­­лық мол, тіпті, білек сыбана кіріссек, ұлан-ғайыр жерімізде астықты айтпағанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сан алуан түрін өсіруге болады. Оған бауырым Ақтұрлан екеуміз құрған «Дастан» шаруа қожалығының жетістігінен мысал келтіруіме болады. Бастапқыда, әрине, оңай болған жоқ. Бірақ біз қиындықты жеңуге талпындық. Сон­дай сәтте мемлекеттің қолдауын да сезіндік. Сөйтіп, «Дастанды» көпсалалы шаруашылыққа айналдыруға бағыт ұстадық. Төрт түлік малды да түлетудеміз, көкөніс пен бақша дақылдарын да өсіріп келеміз. Шаруашылығымызда өзіміз кіндік кесіп, үлкен өмірге қанаттанған ауылымыз – Ақжайықтан 20 адамды тұрақты жұмысқа тарттық. Ауыл адамдарының адал еңбегін лайықты бағалап, құрмет көрсетуді ұмытқан жоқпыз.

Бұл әрине, тәуелсіз Қазақстанымызды қуатты елге айналдыруға қосқан үлесіміз екені даусыз. Стратегияның басты мақсаты – Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізе отырып, бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіру. Біз бұл мақсатқа әр саланы екпінді, серпінді дамыту арқылы қол жеткізе аламыз. Осынау елдік мүдде жолында Қазақстанды Отаным дейтін, жүрек түкпірінде отаншылдық сезімі бар әр адамның ауызбіршілігі де ауадай қажет.

Біздің халқымыз о бастан ынтымаққа ұйыған, бірліктің биік мақсатқа жеткізерін жадында мықтап ұстаған ел. Бірліктің қадірін білмеген көптеген елдерде дүрдараздық белең алып, тұрақсыздық өршіп тұр. Ал оның, тіпті, қантөгіске де ұласып жатқанын білеміз. Сол себептен, өз елімізде ішкі тұрақтылықтың діні нығая түсуіне Стратегияның тигізер маңызы айрықша деп білемін.

Қоныс ЕРМАНОВ,

«Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі.

Атырау облысы.

Соңғы жаңалықтар