Пікір • 07 Қазан, 2020

Кешігіп жеткен жаңалықтың маңызы жоғалады

225 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мен Шымкент қалалық байланыс бөлімшесінің бастығы болып табаны күректей 42 жыл қызмет атқардым. Бүгінде алпыстың бел ортасындамын.

Кешігіп жеткен жаңалықтың маңызы жоғалады

1990 жылдардың басындағы тоқырау кезеңінде баспасөзге жазылу өте қиын болды. Одан кейін ел егемендігін алған тұстан бастап, ұлттық баспасөзге деген оқырманның рухани сұранысы арта түсті.

Пошта қызметі арқылы қанша­ма газет-журнал жазылушы­лар­­дың қолына жетіп жатты. Дей­тұр­ғанмен, «халықтың үні бол­ған басылымдар бізге уақ­тылы жетпейді», деген сын-ескерт­пелер де жиі айтылып жатады. Бұ­ған бола барлық пошта қыз­мет­кер­лерін айыптауға болмайды. Олар­дың ішінде өз жұмысына де­ген махаббаты өзгеше жандар көп.

42 жылдан кейін зейнетке шыққан шағымда зейнетақы қорындағы санақтан өзімнің 1993 жылы айлық жалақымның 80 теңге болғанын, содан 8 тиын зейнетақы қорына аударылып тұрғандығын көріп таңдандым. Сол қиын-қыстау жылдарда аз ғана жалақыға аталған салада тапжылмай еңбек еттім. Бүгін­де сол бейнеттің жемісін татып отырмын.

Күнделікті жұмыста алдыма келген басылымдарды парақтап отырып, өзімнің ой-өрісімді, біліктілігімді арттырдым. Өз ортамда қазақ баслымыдарына жанашыр жанның бірі болдым.

Жолдасым, «Egemen Qazaq­stan» газетінен бастап бірқатар республикалық басылымды үзбей оқитын. Бір күн келмей кешігіп жатса, кәдімгідей сабырсызданып күтетін. Әр газетті түгендеп, рет-ретімен тігінді жасайтын. Біз еңбек еткен жылдары газет-журнал күнделікті жеткізіліп тұратын. Тіпті алты жұмыс күні тынбай тарату жұмыстарымен айналысатын. Ал қазір аптасына 1-2 рет жинап жеткізіп жатады.

Ащы да болса шындық, бүгін­де пошта саласында газет-журнал жеткізумен айналысып жүрген кей әріптестеріміз өз қызметіне жүр­­дім-бардым қарайды. Сал­дары­нан ақпаратты интернет ар­қылы алған оқырманға кеші­гіп жеткен газеттің маңызы жоға­лып жатады. Осы орайда алтын арқауға айналған байланыс қыз­­метінің мамандарын өз ісінің шы­найы жанашыры болуға шақырамын.

Кейде, газет оқылмайды, жа­ңа­­­лық­­­тарды смартфоннан оқып ала­­мыз деген әңгіме айты­лып, жа­­зылып жүр. Мен оған келі­се қой­­­маймын. Себебі біздің буын әлі де газетті қолға ұстап оқы­­ған­ды, оны сақтағанды әдетке ай­нал­­­дырған. Техника бұзыла­ды, іс­тен шығады. Ал қағазға басыл­ған газет тарих болып архивтерде тұрады.

 

Қадиша БАЛЫМБЕТОВА,

байланыс қызметінің ардагері