Оңтүстік Қазақстан • 07 Қазан, 2020

Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру – басты міндет

562 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Геопортал ауадай қажет

Жыл өткен сайын Шым шаһар құла­шын кеңге жая түсуде. Дегенмен жаңа­дан салынған нысандар туралы мағлұмат алу қиындай түсті. Бұл қиындықтан шығу үшін қалаға геопортал ауадай қажет. Жуырда Шымкент қаласы әкімінің орын­­басары Мәулен Айманбетов осы мә­селе бойынша жағымды жаңалықпен бөлісті.

Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру – басты міндет

 

«Шымкент қаласының геопорталы қа­лада орналасқан әрбір нысан туралы толық ақпарат жинақталатын арнайы сайт болады. Портал кезең-кезеңімен іске қосылады. Жыл соңына дейін 1-ке­зең іске қосылады деп күтілуде. Онда жер қатынастары саласындағы көр­се­тілетін мемлекеттік қызметтердің бар­лы­­ғы енгізіліп, толығымен автомат­тан­­ды­­рылады. Яғни қаланың Бас жос­пары, жерге қатысты ақпараттар, мекен­жай анықтамасы қосылады», дейді М.Айманбетов.

1

Жалпы, портал қала аумағындағы нысандар мен процестер туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Ондағы сәулет-жоспарлау тапсырмасын және инженерлік коммуникацияларға қосы­луға арналған техникалық шарттарды алу, оларды келісу және құжаттарды беру секілді процестері геоақпараттық сервис арқылы автоматтандырылады. Сервис арқылы кез келген қала тұрғыны (инвес­торлар, кәсіпкерлер) жер учаскесі туралы, оның кадастрлық құны, кепілдік жарнасы, жер учаскесінің орналасқан жері және өзге де ақпаратты көре алатындай етіп әзірленеді.

«Кәсіпкерлерді қолдауды оңтайлан­ды­ру мақсатында газбен жабдықтау, электр және сумен жабдықтау, жылу жүйе­сіне қосу, байланыс және телекомму­никация желілеріне қосуға арналған тех­никалық шарттарды алу секілді қыз­мет­тер толығымен автоматтандырылады», дейді порталды дайындаушы мамандар.

 

Кондитерлік өндірістің орталығына айналуда

«Рахат-Шымкент» фабрикасы Шым­­кентте қантты күлше шығаратын жаңа өн­дірістік желіні іске қосты. Қала әкім­дігінің қолдауымен жұмыс бас­та­ған фабрика өндіріске қажетті қондыр­ғы­ларды Италиядан алдырыпты. Ал қон­дырғыны орнатуға, өндірістік желіні техникалық талаптарға сай қолданудың жолдарын үйретуге сол елдің мамандары қолғабыс етіп жатыр.

«Қантты күлшеден бөлек келесі айдың басында тәттінің тағы бір түрі «құм­­ды» күлше шығаруды ойластырып жатырмыз. Ол өнімнің құрамы, түр-түсі, дәмі басқаша болады. Ондай печенье отандық нарықта қазір өте аз. Ита­лиялық жаңа қондырғы сары­май­­­дан жасалатын күлшемен бірге оның қамыры майда құм секілді болып келетін түрін шығаруға мүмкіндік береді. Жаңа күлшенің ортасындағы тәтті жұмсағы жемістерден жасалған тосап немесе шоколадты крем болуы мүм­кін. Ресейде бұл өнім кең таралған. Ал Қазақстанда тұңғыш рет біздің фабрикада шығарылмақ. Жаңа қондырғы Polin деп аталады. Ол әлем бойынша кон­дитерлік өнімдер шығаратын ең үздік өндірістік желінің қатарына кіреді. Оның бірден-бір артықшылығы, табиғи газбен де жұмыс істей береді. Сонымен бірге өнімділігі өте жоғары. Мә­се­лен, печенье өндірісінде сағатына 2 мың тоннаға дейін өнім шығара алады», деді серіктестік директоры Жұлдыз Рахипбекова.

Анығында, ірі кәсіпорындар жиі шо­ғырланған өңірлерде сол салаға лайық­талған оқу орындары болатыны бел­гілі. Шаһардағы №6 кәсіптік колледж ұжы­мы кондитерлік салаға маман баулу­дан көш бастап тұр. Бүгінде «Рахат-Шымкент» фабрикасы қаладағы осы кол­ледж студенттерін өндірістік оқу-іс тәжі­рибесінен өткізіп, көпшілігін жұ­мысқа қабылдауда.

Шымкент қаласы әкімінің орынба­сары Айбек Сәттібаевтың айтуын­ша, «Рахат-Шымкент» ЖШС мегаполис­тегі ірі кәсіпорындардың бірі болып са­­налады. Шымкентте «Рахат» компа­ния­­сының өнімдері ең алғаш 2001 жы­лы шығарылды. Содан бері өндіріс орны­ның аясы кеңейіп, бүгінде мұнда 7 түрлі тәтті өнімдер 52 атаумен ішкі-сыртқы нарыққа жөнелтілуде. Жылына 24 мың тонна өнім өндіретін кондитерлік фабрика өнімдерінің көлемі соңғы жылдармен салыстырғанда 20 пайызға өскен.

«Жаңа өндірістік желіні іске қосу үшін 3,2 млрд теңге инвестиция тар­тыл­ды. Мемлекеттік «Өндіріс» бағдар­ла­масы арқылы компанияға жылдық мөл­шерлемесі 6 пайыздық жеңілдікпен 2,6 млрд теңге несие берілді. Қазіргі таң­да кәсіпорында 860 адам еңбек етсе, жаңа желінің өндіріске енуімен жұ­­мыс­к­ерлер саны қосымша тағы 130 адам­­ға толығады. Шымкенттік өнім­дер бүгінде ішкі нарықтан бөлек көр­ші­лес Ресейге, Украинаға, Орталық Азия мем­лекеттеріне, тіпті Германияға экс­­порт­талуда. Фабриканың қала эко­но­­ми­­касына қосар үлесі зор болып тұр. Бірін­шіден, қосымша инвестиция тартылды. Екіншіден, жаңадан қан­шама тұрақты жұмыс орны ашылды. Үшін­ші­ден, кә­сіп­орын өнімдерін шетелге жөнелту ар­қы­лы табысы ұлғаяды, сонымен бірге мем­лекеттік бюджетке тү­се­тін салықтың кіріс бөлігі де артады. Бұл өз кезегінде ел­дегі көптеген әлеуметтік мәселенің оң шешім табуына жұмсалатын болады. Үкі­мет тарапынан кәсіпкерлік саласына үлкен қолдаулар көрсетіліп жатыр. Со­ның бір мысалы, Өңірлік кәсіпкерлікті қол­дау картасы аясында 2011-2019 жылдары 182 млрд теңгеге 105 ірі жоба іске қосылды. Ендігі кезекте осының шең­берінде 2025 жылға қарай жалпы құны 328 млрд теңгені құрайтын 35 ірі жо­баны қолға алмақшымыз. Сондай-ақ қалада «бір терезе» қағидаты бойынша «Кәсіпкерлерге арналған үкімет» арнайы сервистік орталығы бизнес өкілдеріне қызмет көрсетеді. Онда кәсіпкерлер ма­мандардан бизнес-жоспар құру, банк­термен келіссөздер жүргізу, рұқсаттама құжаттарын әзірлеу сынды әртүрлі кө­мек пен кеңес ала алады», деді қала әкі­мінің орынбасары А.Сәттібаев.

«Рахат» АҚ басқарма төрағасының орын­­басары Пак Гюн Ельдің мәлім­де­­уін­ше, тәттілер өндіретін өзіміздің «Рахат» фабрикасы оңтүстіккорея­лық Lotte компаниясының құрамына кіре­тін ­9 ел­дегі кондитерлік кәсіпорындар ішінде өндіріс ауқымы мен табысы жағынан бірінші болып тұр екен. Шетелдік инвестор алдағы уақытта Шымкенттегі «Рахаттың» өнімдері ТМД елдерінің нарығын отандық тәттілермен толтыратынына зор сенім білдіруде.

1

 

Қоғамдық көлік электронды билет жүйесіне көшуде

Қаншама жылдан бері Шымкентте жырға айналған электронды билет жү­йесі енді қолданысқа ене бастайды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орын­басары Мақсұт Исахов ақпараттық-ком­муникациялық орталықта өткен брифингте баяндады.

«Электронды төлем жүйесін енгізу «QazSmartTrans» ЖШС жеке инвестициясы есебінен жүзеге асады. Инвес­тиция көлемі – 1,2 млрд теңге. Бүгінде стационарлық валидаторлар 350-ден аса автобусқа орнатылды. Жалпы, 15 қа­зан­нан бастап төлем жү­йесі енгізіледі.
1 қа­­рашаға дейін жолау­шылардың төлем кар­тасымен және қол­ма-қол төлеуге мүм­кіндігі бар. 1 қа­ра­шадан бастап карта арқылы 70 теңге, қолма-қол төлеу 100 теңге болады. Жо­­­­­­баны іске асырудағы негізгі мақсат – «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағ­­дарламасын іске асыру, қоғамдық кө­лік­тің қызметін жақсарту және жолау­шы­ларға қолайлы жағдай жасау, қалалық бюджетке түсімдерді арттыру, жолау­шы­лар ағынының таралуы бойынша нақ­ты статистикалық есебін беру, ашық деректер арқылы әлеуметтік мәні бар мар­­шруттарды субсидиялау», деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен Шымкентте 15 қазаннан бастап қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесі енгізіледі. Бұл – үшінші мегаполистегі қоғамдық көлік қызметін жаңғырту жобаларының бірі. Шаһарда бұл бағыттағы жұмыстарды жаңғыртуда бірқатар шара қолға алынған болатын. Бұған дейін қалаға жаңа автобустар жеткізілді. Енді төлем жүйесіне де жаңа өзгерістер енгізілмек.

Электронды билет жүйесі әр мар­шруттың тиімділігін, компаниялардың табысы мен шығынын айқындайды. Тағы бір ерекшелігі – төлемнің әртарап­тандырылуында.

Қоғамдық көлікте төлем жасау үшін электронды карталардың 4 түрі қа­рас­ты­рылған – стандарттық (жалпы пай­­далануға), мектеп оқушыларына, сту­дент­­­терге және жеңілдіктерге арналған карталар.

Компания басшысы Сержан Ақыл­баев жаңа жоба жайлы толығырақ мә­лімет берді. Оның айтуынша, кө­лік картасының бағасы – 500 теңге. Жолау­шылар көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып, жол жүру ақысын төлей алады. Төлем карталары қалада 3 мыңнан аса орында, дүкенде сатылады. Картаны банктердің банкоматтары немесе мобильді қосым­шалар арқылы толтыруға болады.

«QazSmartTrans» ЖШС тарапынан 14 мың көлік картасы Ұлы Отан со­ғы­сы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне («Ерен еңбегі үшін» ме­далімен марапатталған­дар), «Ба­тыр ­­ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төс­­белгілері­мен марапатталғандар­ға және І топтағы ­көру қабілеті нашар ­за­ғип жандарға тегін таратылады.

М.Исаховтың айтуынша, жаңа жүйе жалпы талдау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Көлік компаниялары табысын айқындау арқылы несие алуы да қолжетімді бола түседі. Қарапайым халыққа да, мемлекетке де, әкімдікке де, компанияға да қолайлы жоба.

Қала басшысының орынбасары картаны сатып алу арқылы әрбір тұрғын қоғамдық көлік саласын жаңғыртуға үлес қосатынын атап өтті. Жаңа жобаны қол­дану аясы кеңейіп жатса, жүйе одан әрі дами бермек.

Компания жетекшісі Сержан Зиябек­ұлы­ның мәлімдеуінше, бұл жоба бүгінде Атырау қаласында іске асуда. Қазіргі таңда Шымкентте жоба бойынша 22 адам жұмыс істеуде. Болашақта 30 адам жұмыспен қамтылмақ. Төлем карталары 1 қазанда сатылымға шықты. Бүгінде смартфон пайдаланушыларына арналған «Open Shymkent» мобильдік қосымшасы әзірленді. Тұрғындарға тиісті мәлімет беру үшін 4 операторы бар CALL-орталығы жұмыс істеуде.

 

Мәртөбе басында келешек ұрпаққа аманат жолданды

Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын ала­бынан Қарамұрт ауылына қарай шыға­беріс жолдың сол жақ бетінде Мәртөбе кешені орналасқан. Бұл төбе – VІІ-ХІІ ғасырлардағы қалашықтың орны. ­­20х30 м өлшемді цитадель. Биіктігі – 6-7 м, төбесі тегіс.

Мұнда ХVІІ ғасырда билік басына келген Есім ханнан бастап, ХVІІІ ғасыр­дағы Тәуке хан тұсына дейін алты Алаштың баласы бас қосып, билер кеңес құрған. «Есім ханның ескі жолы» және «Жеті жарғы» да осы маңда талқыға тү­­сіп, жарияланған. «Жеті жарғыны» қа­­былдар сәтте қазақтың атақты би-шешендерінен 12 би, олардың қатарында Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билерден өзге Жайма, Сасық, Көкім билер де қатысқан. Мәртөбенің Ұлы дала парламенті аталуы осыдан.

Міне, осындай тарихи кешеннің қа­дір-қасиетін жете сезінген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Мәр­төбе тарихи кешенінде келер ұрпаққа жолдау жазылған капсула салды. Сон­дай-ақ шараға Шымкент қалалық соты­ның төрағасы Ербол Рахимбеков, Шым­кент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев қатысты.

Жиында сөз алған қала басшысы бү­гінгі іс-шараның маңыздылығына тоқ­талып, Мәртөбе ел тарихында айрықша мәнге ие тарихи орын екенін айтты.

«Мәртөбе – елдігіміздің мәртебесін, бірлігіміздің берекесін айшықтаған жер. Бұл аумақта әйгілі дала парламентінің келелі жиындары өтіп, «Жеті жарғыға» сүйене отырып, тарихта ізі қалған ма­ңызды шешімдер қабылданған. Қазақ та­рихы қашанда бірігу тарихы болғанын білеміз. Ішкі бірлігімізді бекемдеген, елдігіміздің еңсесін көтерген мұндай қасиетті орындар ел жадында мәңгі сақ­талмақ», деді шаһар басшысы.

Сот қызметкерлерінің келешек ұр­пақ­қа қалдырған жолдауында XIV-XV ғасыр­лардан бастау алған қазақ елінің заң­нама тарихы мен егеменді еліміздің бүгінгі заң үстемдігі баяндалған.

 

Шаһарда «Эко-сана» қалыптасуда

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Жастар ресурстық орта­лығы» ұйымдастырған «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы аясында «Эко-сана» сенбілігі өтті.

Аталған акция барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шың­ғыс Мұқан және Шымкент қа­ла­сы Ішкі саясат және жастар істері жө­нін­дегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева тазалық шарасына өз үлесін қосып, қала тұрғындарын абаттандыру ісіне белсене қатысуға шақырды.

«Шымкентте бүгін жаңа қозғалысты бастадық. EcoSana деп атадық. Халықтың экологиялық санасын қалыптастыру­ды көздейтін қозғалысқа кез келген адам қа­тыса алады. Қатысушылардың мін­дет­тері – қоқысты тек қана арнайы жәшік­­ке тастау, жерде жатқан қоқысты көрсе­ңіз, қоқыс жәшігіне салу, тазалықты насихаттау, аптасына бір сағатыңыз­ды қоқыс тазалап, ағаш егуге, баптауға жұмсау. Веб-сайт жасау қолынан келетін маман болса, көмегін қабыл аламыз. Ecosana.kz веб-сайтын жасап, тіркеліп, экологиялық қозғалысты бүкіл елге таратып, Қазақстанымызды үйіміздей таза ұстауға атсалысайық. Шымкент жастарымен Бәйдібек бабамыздың басына жиналып, табиғатты таза ұстауға серттесіп, Шымкент қаласының бірер көшесін түгел тазалап шықтық. Жол жиегінде жат­қан сынған шиша, мыжырайған ­пластик бөтелке мен желге ұшқан селдір пакет, темекі тұқылын қол жеткен жер­ге дейін тазалап шықтық. EcoSana-ның басты мақсаты – тазалау емес, лас­тамау. Ластамасақ, тазалаудың да қажеті жоқ. Қала тұрғындарынан жол-жөнекей қоқыс тастамауын сұраймыз. Келесі сенбіде де бір жерге жиналып, қаланың қоқысы көп аумақтарын тазалаймыз. Жиналған қоқыс таразыға тартылып, апта сайын және ай сайын жеңімпаздарды марапаттап отырамыз. Бүгінгі тазалықта, алдын ала ақпарат бойынша Медицина колледжінің командасы жеңіске жетті. Қазақстанымызды үйіміздей таза ұстайық!», деді Ш.Мұқан.

Сенбілік акциясына жастар мәсли­хатының депутаттары, қала белсенділері, волонтерлік ұйымдар мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 15 команда жасақталып, 150-ге жуық белсенді жас қатысты. Акцияның мақсаты – эко­логиялық білімді арттыру және қор­ша­ған ортаның ластануына жол бермеу және айналаны қоқыстан тазарту, саламатты өмір салты мен ерік-жігерді шыңдау.

Сондай-ақ екі айға жалғасатын акция барысында көшпелі түрде өзен, көл жағалаулары тазаланып, күл-қоқыстар мен басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қаланың кіреберіс аймағын, орталық көшелер мен әлеуметтік ны­сан­дардың айналасындағы қоқыс қал­дықтары шығарылады.

Аталған акция барысында үздік ұйым­дар мен жастар көшбасшылары арнайы номинациялармен марапатталып, жүлделі орындарға бағалы сыйлықтар тапсырылады. Сенбілікте барлық жұмыс санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтай отырып жасалады.

 

1

 

Дайындаған

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»