Қоғам • 07 Қазан, 2020

Полицияның міндеті – халықтың қорғаны болу

1457 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде жергілікті полиция қызметін «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша реформалау мен Қазақстан полициясы жұмысының «сервистік модельге» көшуі туралы көп айтылады. Себебі еліміздегі құқық қорғау органдарының алдында тұрған бүгінгі міндет сервистік жедел полиция қалыптастыру ғана емес, сонымен қатар оның ашықтығын да қамтамасыз ету болып отыр. Заман талабы тәртіп сақшыларынан қоғамда туындаған мәселелерді азаматтармен бірлесе шешіп, тұрғындармен барынша тығыз қарым-қатынас орнатуды алдыңғы орынға қояды.

Полицияның міндеті – халықтың қорғаны болу

Осы бағытта жасалып жатқан ал­ғаш­қы қадамдар да бар. Мәселен, елі­мізде азаматтарды қабылдау орындары ашылды. Бұл орындарда бүгінде аза­маттардың арыз-шағымдарын қарау­ға айрықша көңіл бөлініп келеді. Осы­лайша еліміздің құқық қорғау органдары тиісті кеңестер беруге баса назар аударып, тұрғындарға мемлекеттік қыз­­мет көрсетудің тәртібі айтарлықтай оңтай­ландырылды. Алайда полиция идео­­логиясына өзгерістер енгізбей бұл мә­селелерді шешу мүмкін болмайды. Сон­дықтан Ішкі істер министрлігі осы күні халықаралық тәжірибені зерттеп, зерделей отырып бірнеше бағыт бойынша жұмыс атқаруды қолға алған көрінеді. Сол бағыттардың қатарында «сервистік полицияны» жетілдіру мәселесі де бар. Осы мақсатта халықаралық сарапшылармен өзара іс-қимыл жасау барысы да жолға қойылып отыр.

Неге? Себебі полиция жұмысын жан­дандыру мәселесі бұған дейін де аз айтылған жоқ еді. Осы сала маман­да­рының жұмысына деген сын да, мін де арта түсті. Тіпті құқық қорғау орган­дарының жұмысын жаңғырту мәсе­лесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қа­зақ­стан: іс-қимыл кезеңі» атты биыл­ғы Қа­зақстан халқына Жолдауында да айрық­ша мән берген еді. Президент өз сөзінде «Барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель не­гі­зінде дамып келеді. Біз де мұндай үлгіге көшетінімізді мəлімдедік. Бірақ жұмыс барысында аз ғана нəтижеге қол жеткізілді. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мəн берілетін болады. Учаскелік инспектордың мəртебесін заңнама ар­қылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді əрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұртпен ашық əңгіме жүргізуге үйретудің маңызы зор. Бұл бағыт кадрларды даярлау жəне іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы қажет» деген еді. Яғни, Қазақ елінің қазіргі полициясы жұртқа барынша ашық әрі жақын болуы тиіс. Бұл ретте «сервистік полицияның» жұмысы маңызды. Ең алдымен «сервистік полиция» дегеніміз не?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

«Сервистік полиция» – қоғаммен серіктестік орнату арқылы мәселелерді шешуге бағытталған стратегия. Ал полицияны азаматтардың мәселелерін шешетін және көмектесетін қызмет деп бағалауға болады. Сондықтан жергілікті полиция қызметінде ауқымды реформалар жүргізілуде. Соның ішінде учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысы қайта қаралуда. Аталған ведомство Еуропада­ғы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­­мындағы бағдарламалар офисінің қолдауымен учаскелік полиция инспекторларына арналған әрбір қызметтік жағдайға қажетті іс-қимылдардың қа­дамдық алгоритмін әзірлеп отыр. Сон­дықтан «Жұртқа жақын полиция» қағи­даты ең алдымен учаскелік полиция қыз­меткерлері үшін маңызды.

Бұл қағиданың неліктен учаскелік полиция үшін жақын екені айтпаса да белгілі. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ержан Сәденов бір сөзінде айтқанындай, «учаскелік инспекторлар халықпен тікелей жұмыс істейді және бірінші болып шешім қабылдайды». Сондықтан бұл шешімдерді қабылдау кезіндегі кәсібилік пен тәжірибе өз алдына, полиция инспекторлары ең алдымен жұртпен ашық əңгіме жүргізуге бейімделе білу маңызды болып отыр.

Осы жергілікті полиция қызметін «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша реформалау мен Қазақстан полициясы жұмысының «сервистік модельге» көшуі мәселесіне қатысты ұйымдастырылған Ішкі істер министр­лігінің апталық баспасөз мәслихатын­да ІІМ Кадр саясаты департаментінің бас­тығы Айдар Сайтбеков «Азаматтардың санасында полицияның қызметі жазалаушы емес, қиын-қыстау кезде кө­мек­ке келуші ретінде орнығуы қажет. Құқық қорғау органдарының жұмысы отандастарымыздың мәселелерін шешіп, қажет болған жағдайда қолұшын созуға негізделген. Қоғаммен серіктестік етуге, тығыз байланыс орнатуға қашанда дайынбыз. Бұл туралы еліміздің «Ішкі істер органдары туралы» заңда да жазылған», деді. Яғни, ел полициясының ең негізгі міндеті – жазалау емес, тұрғындардың қорғаны болу. Құқық қорғау органдары саласында жүргізіп жатқан бүгінгі реформалар да  осыны көздейді.