Қаржы • 07 Қазан, 2020

Сұйытылған газ нарығы электронды саудаға қашан көшеді?

565 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2021 жылдан бастап сұйытылған газ нарығы толықтай электронды сауда алаңына шығарылуы керек. Алайда Энергетика министрлігі бұған дайын емес сыңайлы.

Сұйытылған газ нарығы электронды саудаға қашан көшеді?

Министрлік нарықты электронды сауда алаңына көшіру мерзімін 2024 жылға дейін созуды ұсынып отыр. Әйтпесе газ құю стансаларындағы сұйы­тыл­ған газдың бағасы 40 пайызға қымбаттауы мүмкін. Белгілі бол­ған­дай, электронды сауда алаңы арқылы жұмыс істеу тәуелсіз газ құю стансаларының оң жамбасына келгенімен, газ қоймалары иелеріне тиімсіз болып отыр.

Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігінің Open Space форматындағы жиынында ай­тыл­­ғандай, 2025 жылы Қазақ­стан­ның сығымдалған газ саласы Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығына есігін айқара ашуға тиіс. Осы орайда ішкі нарықтың бәсекеге қабілетті болуы үшін келер жылдан бастап сұйытылған газды түгелдей электронды сауда алаңына шы­ға­ру жоспарланған болатын. Жыл аяқталуға үш ай қалса да, бұл бағыттағы жұмыстар бір арнаға түспей отыр.

– Тараптардың пікірін тың­дадық. Жоспар мерзімін ше­ге­ру­дің бірнеше сценарийін пы­сық­тау керек. Энергетика минис­трлігі нарықты бірден емес, кезең-кезеңімен электронды сауда алаңына шығаруды ұсынып отыр. Яғни, жыл сайын нарықтың 25 пайызы электронды алаңға көшіп отырса, 2024 жылы міндет толық орындалмақ. Бәлкім, мұны 4 жылға созғанша, 50 пайыздан шығарып, екі жылдың ішінде аяқтаған жөн шығар. Электронды алаңға қаң­тар­да емес, шілдеде көшсе, ха­лықтың қалтасына салмақ түс­пей­тін секілді. Осы сияқты бірнеше нұсқаны пысықтаған абзал. Солардың негізінде ғана шешім қабылдау керек, – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.

Жалпы жаңадан құрылған агенттік энергетика саласындағы монополияның мұртын бұзуға ниетті. Әсіресе көмір, жанар-жағармай, сұйытылған газ нарық­та­рында делдалдар тым көп. Бұл салада негізгі ойыншылардың монополиясы айқын көрініп тұр. Ресми деректерге сүйенсек, негізгі ойыншылардың үлесі мұнай және мұнай өнімдері на­рығында 86 пайызды, тұрмыстық көмір нарығында 78 пайызды,  сығымдалған газ нарығында 95 пайызды  құрап отыр.

– Әрине, мұның қарапайым халықтың қалтасына тікелей әсері бар. Мәселен, Шұбаркөл көмірінің кеніш басындағы баға­сы – 5 819 теңге. Оны тасымалдаушы 17 ұйым бөлшек саудаға 10 117 теңгемен сатып отыр. Ал бөлшек саудадағы ойыншылар қарапайым халыққа көмірдің бір тоннасын 12 500 теңгеге түсіріп береді. Сонда кеніш ба­сын­дағы баға қарапайым тұр­ғын­ға жеткенше 98 пайызға өседі. Қаражыра көмірі де сатып алушыға қымбат күйінде жетеді. Кеніш басында 4 117 теңге тұратын бұл көмірдің көтерме саудадағы құны – 6 288 теңге, қарапайым халық үшін – 12 700 теңге. Мұндағы үстеме баға тіпті 155 пайызға дейін жетіп жығылады. Мұнай өнімдері нарығында санаулы ғана компания үстемдік етіп отыр.  Олар мұнай мен газ сау­да­сының барлық сатысын­да тізгінді иемденіп алған. Мәселен, «ҚазМұнайГаз», «CNPC» компа­ния­ларының мұнай өндірісіндегі үлесі 50 пайыз болса, өңдеудегі үлесі – 100 пайыз. Мұнда да сауда ашық алаңнан тыс жүреді. Яғни келіссөздер екіжақты ке­лісімшарт негізінде бекітіледі. Сәйкесінше, ашықтық жоқ, – дейді агенттік өкілі Арсен Ысқақов.

Сұйытылған газ нарығында да осыған ұқсас жағдай қалып­тас­қан. Қазір тәуелсіз газ құю стансалары өнімді тек газ­же­лі­лік ұйымдар арқылы ғана сатып ала алады. Өндіруші газдың әр литрін 16 теңгеден береді. Құбыр иелері оны газ құю стансаларына 45 теңгеден сатады. Ал стансалар көлік иелеріне 75 теңгемен өткізеді. Егер өнім газжелілік ұйымдар арқылы емес, электронды сауда алаңы арқылы сатылса, газ құю стансалары бір литр сұйытылған газға 29 теңге шығындар еді. Бұл нарықта жыл сайын 100 мың тонна сұйытылған газ сау­                         даланады.

Еске сала кетейік, Энергетика министрлігі 2020 жылдың үшін­ші тоқсанында сұйытылған мұ­най газының көтерме сауда­да­­ғы бағасы қосымша құн салы­ғын­сыз 28 мың теңгені құрайды деп хабарлаған еді. Бұл 2017 жылдың бірінші тоқсанындағы шекті бағамен бірдей.