Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев праймериздің басталуына байланысты Үндеуінде атап өткендей, «Партиялар билікке жаңа тұлғаларды – өз саласының мамандарын, беделді көшбасшыларды, ел тағдырына жаны ашитын, шешім қабылдап, сындарлы ұсыныстар жасай алатын адамдарды ілгерілетудің қайнар көзі болуы керек». Бұл ретте, праймериз жаңа «әлеуметтік лифт» қызметін атқарып, қатысушылардың жария саясатта өздерін көрсетулеріне, өз көзқарастары мен позицияларын қорғай алуына мүмкіндік бергені белгілі.
– Төрт күн ішінде Nur Otan-ның тіркелген мүшелерінің 662 687-сі немесе 84,2%-ы дауыс беруге қатысты. 581 104 партиялық онлайн форматта таңдауын жасады. Интернетке қосылу мүмкіндігі әлі толық шешілмеген шалғай аудандарда тұратын 81 583 адам қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс берді. Елімізде праймериз жаңа форматта республикалық ауқымда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы тамызда жариялаған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны қайта жандандыру бағдарламасының ең негізгі бағыттарының бірі. Праймеризге 10 990 кандидат қатысты. Оның 7 143-і – өзін-өзі ұсынушылар. 36%-дан астамы – әйелдер, 29%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Үміткерлердің орташа жасы – 43 жас, – деді Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев.
Оның айтуынша, негізгі әлеуметтік топтардың қамтылуы кандидаттардың сапалық құрамының қызметтеріне қарай бөлініпті. Яғни білім және ғылым саласының өкілдері – 31%, шағын және орта бизнес өкілдері – 14%, мәдениет және спорт саласының өкілдері – 7,8%, қызмет көрсету саласының өкілдері – 7,1%, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері – 6,2%, өнеркәсіп және басқа да салалардың өкілдері – 4,6%.
– Бәсеке барысын барша жұрт бақылап, әркім үгіт-насихатын өз жеке стратегиясы мен тактикасы тұрғысынан жүргізуге мүмкіндік алды. Қазақстанның түкпір-түкпірінде 1980 пікірсайыс өткізілді. Олар түрлі сипатта өрбіді. Пікірталастар кей жерде қызу өтсе, енді бір жерлерде әдептен озбай, жайбарақат өткендері де болды. Отандастарымыз осындай ашық саяси доданың негіздерін енді ғана игере бастағанын ескеретін болсақ, барлық саяси пікірталастар тартымды әрі қызықты өтті деуге негіз бар, – деді партия хатшысы.
А.Қырықбаевтың айтуынша, өңірлердегі үгіт науқандары да түрлі қарқында өтіпті. Бұл ретте, кездесулерде әлеуметтік ара қашықтықты сақтау және барша санитарлық нормаларды толығымен орындау сынды пандемияға қарсы қойылған талаптардың барлығы орындалыпты. Праймериз қатысушылары негізінен онлайн форматқа басымдық берді. Шаралар арнайы түсіріліп, бейнероликтер көптеп тараған. Осылайша, қатысушылар жеке сайлауалды күн тәртібін осылай қалыптастыра біліпті.
– Үгіт-насихат кезеңінде 123 656 іс-шара мен жарияланым ұйымдастырылды. Олардың ішінде 62 810 іс-шара тікелей 1,4 млн-нан астам адамды қамтыды. Әлеуметтік желілерде 60 846 (49%) жарияланым шықты. Республикалық және өңірлік БАҚ-та 4 113 материал жарық көрді. Үгіт-насихат кездесулері барысында 216 сайлауалды бағдарлама жобасы талқыланды, – деді спикер.
Оның атап өтуінше, Nur Otan ел тарихындағы әрбір облыс, қала, аудан үшін жеке және нақты бағдарламалар әзірлеген алғашқы саяси партия болды. Тұрғындар өз ұсыныстарын айтып, өзекті мәселелерді талқылады. Осылайша, тұрғындардан 20 мыңнан астам ұсыныс жиналған.
– Олардың басым бөлігі, яғни 21%-ы (3648 ұсыныс) – тұрғын үй және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, 15%-ы (2701 ұсыныс) – көлік және инфрақұрылым саласына, 11%-ы (2052 ұсыныс) – әлеуметтік мәселелерге, 8%-ы (1504 ұсыныс) – білім беру саласына және 7%-ы (1264 ұсыныс) – денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты болды. Өңір тұрғындарының көбі интернет-байланыстың сапасы және экология бойынша сұрақтар жолдаған. Азаматтардың барлық ұсыныстары партия бағдарламаларын пысықтау кезінде ескерілетін болады, – деді А.Қырықбаев.
Бірақ праймериз жұмысының барысында бірқатар кемшілік пен орын алған олқылықтардың болғанын да айта кету қажет. Бұл туралы Nur Otan
партиясы Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бұзушылықтар ұйымдастырушылық комитеттерде де, кандидаттардың қызметінде де анықталыпты.
– 2020 жылғы 17 тамыз бен 4 қазан аралығында Комитет пен барлық деңгейдегі партиялық бақылау комиссиялары 30-дан астам шағым мен өтінішті қарады. Түрлі бұзушылықтар үшін 34 кандидат праймеризге қатысудан шеттетілді. Соның ішінде 28 адам ережеге сәйкес міндетті болып табылатын дебаттарға қатыспағаны үшін шеттетіліп отыр. Шағымдар мен бұзушылықтардың көбісі Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді, – деді Партиялық бақылау комитетінің төрағасы.
Мәселен, Г.Әлиханқызының шағымы бойынша партия атына кір келтіретін іс-әрекеттері үшін Ж.Зекейұлы кандидат ретінде тіркеуден алыныпты. Ал «Азия Центр Снаб ЖШС» БПҰ жаңа мүшелерін партияға жалған қабылдағаны үшін кандидаттар У.Алиева мен Д.Пернееваның тіркелуі жоққа шығарылған көрінеді. Сол сияқты, Нұр-Сұлтан қаласындағы Алматы ауданының партия мүшелерінің мобильді телефон нөмірлерін ОДҚ мен «Праймериз» АЖ-ға жалған енгізгені үшін М.Болысбек тіркеуден алыныпты. Онлайн дауыс беру барысында «Қазақстанның құрылысшылар одағы» БПҰ жалған дауыс бергені үшін Т.Ерғалиев кандидат ретінде тіркеуден алынған екен. Сонымен қатар праймериз кезінде 20-дан астам партия мүшесіне партиялық жаза шарасы қолданылыпты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Бүкіл еліміз бойынша ауқымды праймериз өткізу биліктегі партияның «қайта жаңғыруының» нəтижесі болады. Бұл – партияішілік сайлау. Бұл – шынайы əлеуметтік лифт. Қатаң іріктеу, жаңа идеялар мен жобаларды іздеу. Бұл идеяны көптеген белгілі саясаттанушы мен қоғам белсендісі қолдады. Бұлар – белсенді азаматтық ұстанымы бар, Nur Otan-ды қолдаушылар лигасына біріккен жəне реформаларға қатысуға дайын адамдар», деген еді. Мұндай белсенді тұлғалардың қатарында саясаттанушы, Nur Otan партиясының жақтастары Лигасының мүшесі Ерлан Саиров та бар.
– Кемшіліктер мен олқылықтарды анықтау, шара қолдану кезінде Nur Otan партиясының жақтастары Лигасы жағдайды барынша бақылауға алып отырды. Кездейсоқ оқиғалар орын ала қалған жағдайда біз бірден Nur Otan партиясының орталық аппаратына немесе партия жетекшілеріне хабарласып тұрдық. Мән-жайды түсіндіріп, қандай да бір шара қабылдау қажеттігін айттық. Олар өз кезегінде тиісті шараларды барынша тез қабылдап отырды. Соған қарай жұмыс та өте қызу жүрді. Біз өз кезегімізде бұзушылықтарды жою мәселесіне келгенде партия өкілдері атқарған жұмысқа дән ризамыз, – деді Е.Саиров.