Экономика • 07 Қазан, 2020

Коронавирус дағдарысының интернет-маркетинг индустриясына әсері

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пандемияға байланысты әлемдегі құндылықтар күрт өзгеріп, дағдарыстың қатаң кезеңі басталған сәттен бері 7 айға жуық уақыт өтті. Әлемдік карантин шаралары, өзін өзі оқшаулау, төтенше жағдай режімі тұтынушылар үшін ғана емес, бизнес үшін де қалыпты өмір салтына айналып кетті. Жағдайға тез бейімделген әртүрлі саладағы компаниялар онлайн-жарнама құралдарын белсенді қолдануға көшкен. Десе де, корона-дағдарыс интернет-маркетинг индустриясының аяқтан тік тұруына мүмкіндік берді деуге бола ма?

Коронавирус дағдарысының интернет-маркетинг индустриясына әсері

ІЖӨ, карантин және тұтынушылық сұраныс

Шектеу шаралары мен ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) арасында тікелей байланыс бар екендігі белгілі. Бұрын дүкен аралап сауда жасайтын жұрттың үйден шығуы мұңға айналды. Есесіне, үйде отырып «сатып алу» деген батырмаға байланғандар саны күрт өскен дейді мамандар. Google, Allianz Research, Qua­­lified.One, Яндекс, Oto­no­mo, Apple, Euler Hermes із­деу жүйелерінде бұл сөз бір­неше айдың ішінде ең көп қолданылған сөздер қатарына кірді. Бұл – тұтынушылық сұ­раныстың толық дерлік ин­тернетке көшкенін көр­сет­кенімен, әлемдік экономи­каны дағдарысқа дейінгі кезеңде ұстап тұру үшін әлсіз болып отыр.

 

Ақпараттық сұрау жүйесі

COVID-19 адамдардың үрейін ұшырса, карантиндік оқшаулану режімі оларды іздеу, іздену шараларына бейімдей бастады. Жаһан жұртшылығы тарапынан ақпараттық сұраныс арта түскен. Мәселен, сәуір айынан бастап әлемдік сегментте «неге?», «қалай?» және «не?» деген сөздерді қамтитын веб-іздеу сұрауларының саны наурыз айымен салыстырғанда 1,6 есеге өсіпті. Қазір күздің алғашқы айы екенін ескерсек, бұл көрсеткіш тағы 4 есеге артқан.

 

Жарнама және маркетинг

Жаһандық өзгерістерден кейін биз­нес маркетингтік стратегияларды бе­йімдеуге мәжбүр болды. Жалпы, бұл өз­герістер әдеттегі жарнамалық арналардан интернетке ауысу үрдісін жиілетті деуге негіз бар. Digital-агенттіктерімен және жарнама агенттіктерімен байланысты іздеу сұрауларының көлемі Google және Qualified.One жүйелерінде күрт өскен. Бұл классикалық жарнама агенттіктерінің танымалдылығы тө­мен­десе, керісінше, цифрлы қызметтер бар­ған сайын танымал бола бастағанын білдіреді. Мәселен, АҚШ нарығында ең танымал онлайн-арна SEO 2020 жылдың тамызында 2019 жылға қарағанда 2,6 есе жиі ізделген. Бұл жылына 160% өсімді көрсетіп отыр.

Интернет маркетинг жайлы айт­қанда, жарнама агенттіктерінен бөлек, әлеуметтік желіні де ұмытуға болмайды. Өйткені мазмұнды маркетингке деген сұраныс бір жылда 33%-ға өскен. Ал Google Adwords және Facebook желілеріндегі мақсатты жарнамалары 21-22%-ға танымал болды.