Америкалық Ansys технологиялық компаниясы жаһан тұрғындарының арасында арнайы сауалдама жүргізген болатын. Нәтижесінде, ұшқышсыз ұшатын көлікті пайдалануға респонденттердің 64%-ы дайын екен. Бұған Үндістаннан (92%), Қытайдан (86%) және Жапониядан (57%) тұрғындар үлкен қызығушылық танытып отырған жайы бар.
Бұл ретте сауалдамаға жауап бергендердің 86%-ы көліктің жаңа түрлері техникалық ақауларға және күрделі жөндеулерге әлі де дайын еместігін, сөйте тұра тың жаңалықты қолданғысы келетіндердің күн санап артып келе жатқанын тілге тиек етті.
Жуырда Аустрияның Линц қаласында қоғамдық көлік жүйесі аэротаксимен, яғни әуеде ұшатын рейстік көліктермен толықтырылады. Бұл инфрақұрылым 2021 жылы қолдануға берілмек. Аэротакси тек жолаушыларды тасымалдап қана қоймай, жүк тиемелерін де жеткізетін болады. Сынақтан өткізу барысы халық қоныстанбаған аймақта және жолаушыларсыз тәжірибеден өтеді. Алғашқы тікұшақ айлағы Дунайдың екі жағалауында пайда болады деп жоспарланып жатыр.
Линц қаласы – Аустриядағы тұрғындар саны бойынша үшінші орында. Онда 200 мыңнан астам халық шоғырланған. Тұрғындардың басым көпшілігі қала маңында қоныстанған. Жоба ұйымдастырушыларының пікірінше, аэротаксиді сынақтан өткізу үшін осы аймақ қолайлы.
Линцте пайда болатын EHang 216 аэромобильдерін аустриялық және қытайлық инженерлер бірлесіп әзірледі. Кабинада екі жолаушыға арналған орын бар. Сондай-ақ аэротакси 260 кило жүк тией алады. Ал дизайны алып квадрокоптерге ұқсайды. Аэротакси сағатына 150 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшады. 2019 жылы Вена орталығындағы футбол алаңында EHang 216-ның алғашқы сынағы болған еді. Сол кезде аэротакси жолаушылармен бірге әуеге көтеріліп, стадионды айналып ұшқан.
Сонымен қатар Түркияның Baykar Defense компаниясы Cezeri-дің «ұшатын көлігін» сынақтан сәтті өткізді. Тікұшақтың сыртқы бөлігі алып дронға ұқсайды. Көліктің 230 кило болатын түпнұсқасы 10 метр биіктікке көтерілген. Осылайша компания өкілдері түпнұсқалардың бірнеше түрін құрастыратынын және бортты адаммен бірге ұшыратынын хабарлады.
Болжамдарға сәйкес «ұшатын көлікті» сағатына 100 шақырымға дейінгі жылдамдықпен дамыта отырып, 2 мың метрге дейін биіктікке көтеріле алатындай етіп құрастыру. Алайда нарыққа шығару үшін тағы 10-15 жыл қажет болатынын еске салды. Сондай-ақ «ұшатын көлікке» XII ғасырдың әйгілі мұсылман инженері және эрудиті Исмаил әл-Джазаридің (Ismail al-Jazari) есімі берілген.
Бұдан бөлек, әлемге әйгілі Lilium стартап компаниясы 2025 жылы ұшатын таксиді қолданысқа шығаруды жоспарлап отыр. Алғашқы кең көлемді ұшатын құрылғыны сынақтан өткізген стартаперлер Gett және Airbus менеджерлерімен бірлесе жұмыс істеуде. Gett-такси компаниясының Еуропа бөлігіне жауапты директоры Ремо Гербер: «Біздің компания ұжымы әрдайым ерекше дүние жасауға атсалысып келеді. Жобамыздың бастапқы нұсқасы да дайын. Оған қоса, Lilium стартаперлері – өте білікті мамандар. Жолаушыларға арналған аэротакси құрылғысын жалғастыра береміз», дейді.