Медицина • 07 Қазан, 2020

Коронавирустан кейін ағзаны қалай қалпына келтіруге болады?

710 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Коронавирус инфекциясымен ауырған адамдардың қайсысына оңалту шаралары қажет, өкпе жұмысын қалпына қалай келтіруге болатындығы, оксигенотерапия, тыныс алу гимнастикасы және тағы басқасы туралы Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру департаментінің басшысы, медицина ғылымынң докторы, профессор Сәуле Қасенова баяндайды, деп хабарлайды Egemen.kz

Коронавирустан кейін ағзаны қалай қалпына келтіруге болады?

Сәуле Лайыққызының айтуынша, оңалту пациенттердің көбіне қажет, ол вирустық инфекциясы деңгейінің ауырлығына байланысты.

COVID-19 жеңіл түріне шалдыққан адам үшін (КТ мәліметтері бойынша өкпе 30%-ға дейін зақымданған) қалпына келтіру 1 айдан 3 айға дейін және көп жағдайда дәрінің көмегінсіз өтуі мүмкін. Бұл ретте дәрігер пациенттің жағдайын (ентігу, тершеңдік, әлсіздік, жүрек соғысының жиіленуі) және талдаудың нәтижелерін бағалайды.

Оңалту шараларына тыныс алу гимнастикасы, күн тәртібін сақтау, толыққанды ұйқы, саябақта жүру секілді өз бетінше орындай алатын жаттығулар кіреді. Кей жағдайларда қосымша дәрі препараттары, мысалы, жүрек соғысын азайту, ентігуді төмендету және т.б. тағайындалады.

Аурудың орта дәрежесінде, яғни өкпе 30-дан 50%-ға дейін зақымданған жағдайда, оңалту 6 айға дейін жалғасуы мүмкін. Жоғарыда келтірілген іс-шаралардан басқа, аурудан жазылып кеткен пациентке терапевт дәрігер немесе жалпы практика дәрігері қанды сұйылтатын препараттарды тағайындайды. Қан кету сияқты кері әсерлерін ескеріп, оларды 45 күннен артық қабылдауға болмайды.

КВИ 3-ші деңгейімен ауырғанда өкпе 50-ден 75%-ға дейін зақымданады. Бұл жағдайда өкпемен қатар жүрек, бауыр, бүйрек, ми да зақымданады. Сондықтан мұндай пациенттерді стационардан шыққаннан кейін пульмонолог, кардиолог, гастроэнтеролог, нефролог, невропатолог пен психотерапевт бақылауға алады. Оңалту шаралары барлық зақымданған ағзалардың қызметін қалпына келтіре отырып, кешенді өтеді. Бұл шаралар кемінде бір жыл уақытты алады.

Вирус адамға тыныс алу жолдары арқылы кіреді. Ағзадағы тыныс алу және газ алмасу қызметін өкпе жүзеге асырады. Сырқаттың ауыр болған жағдайларында олар өзінің қызметі мен қанды оттегімен қанықтыру қызметін жоғалтып, функционалдық және құрылымдық өзгерістерге шалдығады.Ауыр ентігу микро немесе макротромбозға әкеледі.

Сондықтан аурудың күрделі түрін емдеу пациенттің күйін, стационар жағдайында тексерудің мәліметтерін күн сайын, кейде тіпті сағат сайын бақылауды талап етеді. Өкпенің жұмысын қалпына келтіру үшін иммундық қабыну мен қанның қоюлануын емдеу қажет. Қалпына келтіру үшін емхана дәрігері немесе бейінді маманның бақылауымен дәрі препараттары тағайындалады.

COVID-19 кезіндегі өкпенің ауыр зақымдануы процестің өкпе тінінде кейде 100%-ға дейін таралуына әкеледі. Көбіне, өкпенің көп зақымдану жағдайында фиброздың – альвеоляраралық кеңістіктегі тығыз дәнекер тіннің дамуы байқалады. Бұл өкпе бөліктері, өкінішке орай, тыныс алудан алынып тасталады. Ендігі міндет өкпенің сақталып қалған бөліктерінің тек өзі үшін ғана емес, зақымданған бөліктері үшін де жұмыс істеуіне мүмкіндік беру.Оңалту шараларының дер кезінде басталған кешені тыныс алу ағзаларының қызметі мен құрылымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Алайда егер өкпеде фиброзды тін жиналып қалған болса, онда пациентке оксигенотерапия жасау қажет, өйткені бұл терапия ағзаның оттегімен қанығу процесін өтеуге көмектеседі.

"Тыныс алу ағзаларының резервтері мен орын толтырушы мүмкіндіктері жеткілікті екендігін айта кеткім келеді. Менің клиникалық тәжірибемде, түрлі себептермен бір өкпесінен айрылған адамдар жұмыс істеп, отбасын құрып, өмір сүреді, әйелдер бала босанып жатады", дейді профессор.

Оксигенотерапия – оттегінің көмегімен емдеу. Егер ағзада оттегінің аз ғана жетіспеушілігі болған жағдайда бастың ауыруына, шаршау, дене қимылы мен ойлау белсенділігінің төмендеуіне, иммунитеттің әлсіреуіне әкелетін гипоксияның дамитындығы белгілі. Ағзада оттегінің жетіспеушілігін атмосфералық ауадан оттегіні бөліп шығаратын қондырғы, оттегі концентраторының көмегімен қалпына келтіруге болады. Концентрацияланған оттегі ингаляциясы КВИ ауырған барлық науқастардың көбіне, олардың емделу кезеңінде көрсетіледі, өйткені аурудың ең алғашқы көрінісі қандағы оттегінің пайыздық құрамын сипаттайтын көрсеткіш – оттегінің сатурациясының төмендеуі болып табылады.

Оксигенотерапияның нәтижесінде науқастарда ентігу азаяды, жүрек, бүйрек, бауыр қызметі қалпына келеді, метаболизм өнімдерімен улану төмендейді. Оттегі қоспаларымен қаныққан ингаляция сауығу процесін жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Бірақ баллонды оттегіні пайдалануға болмайды, өйткені оны пайдалану адам үшін қауіпті болуы мүмкін. Оттегі концентраттарында оттегіні жеткізу қауіпсіз жүзеге асырылады. Оттегімен демалу кезінде міндетті түрде жиынтықта бар ылғалдағышты пайдалану керек. Мұрын канюлясының көмегімен жасалатын ингаляция жеке пайдаланылуы тиіс. Аппаратта уақытымен фильтр ауыстырылуы тиіс.

Коронавирус инфекциясымен ауырып шыққан науқастар терең тыныстаған кезде қиындықтарды сезінеді, сондықтан дәрігерлер тыныс алу гимнастикаларының ең қарапайым кешендерін жасауға кеңес береді. Бірден күрделі жаттығулар жасауға болмайды. Мысалы, терең демалу, мүмкіндігінше ауаны 2-3 секунд ұстап тұру, ал ауаны шығаруды 5-6 секундқа дейін ұзартуға тырысу керек. Ерінді түтікше секілді жиюға болады. 2-ші нұсқасы – ішпен демалу. Тыныс алу жаттығуларын денсаулық жағдайына қарай күніне бірнеше рет жасауға болады.

Аурудың жіті кезеңінде ингаляцияны үйде жасауға болмайды: өйткені вирустың бөлшектері қоршаған кеңістікте таралып жатады және ол отбасы мүшелерінің жұқтыру қаупі бар.

Кез келген ауру ағза үшін стресс болғандықтан, тамаққа тәбет жойылады. Сауығу үшін адам ағзасына тағаммен келетін энергияны қалпына келтіру қажет. Коронавирус инфекциясы кезінде жоғалған тәбет, иіс мен дәмді сезіну қалпына келеді. Ас мәзіріне сорпа, ақ және қызыл ет, жеміс, көкөністі жеткілікті мөлшерде пайдалану қажет. Жаңғақ, жасыл шөптерді пайдаланған пайдалы. Егер асқазан-ішек жолдарының асқынған аурулары болмаған жағдайда қымыз, шұбат секілді ұлттық сусындарды ішуді де естен шығармаған дұрыс.

Көптеген, әсіресе, орта және ауыр деңгейдегі пациенттерде ауыру барысында депрессия өршиді. Коронавирус кезінде науқас кеудесінде ауыруды сезінеді, кенеттен тыныс алу проблемасы пайда болады. Осыдан қорқыныш, үрей пайда болады. Оттегінің жетіспеушілігінен қолдың дірілдеуі пайда болуы мүмкін. Сондықтан осындай жағдайларда тыныштандыратын препараттар тағайындауға мәжбүр болады. Бұдан әрі адамдарға психологтың және науқастан жазылған топтың көмегі қажет.

Тыныс алу гимнастикасының сабақтары топтарда 1,5 метр арақашықтықты сақтай отырып жүргізіледі. Өз бетінше жүре алмайтындарға мейіргерлер палаталарда жаттығу жасауға көмектеседі. Науқастар қолдауды қажет етеді. Сырқат салдарынан өмір аздап өзгерді, алайда денсаулықты қалпына келтіруге болады!

Ауыр сырқатқа шалдыққан адамдарда, әсіресе өкпенің жасанды желдетуі жасалғандарда нысаналы назар аудару, есте сақтау және дұрыс ойлау секілді функциялардың төмендеуі байқалады. Бұл проблема бірнеше апта немесе айда жоғалып кетеді, бірақ кей адамдарда ол ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Ми қызметін қалпына келтіруге дене қимылының жаттығулары көмектесе алады. Олар жеңіл болуы мүмкін, бірақ онымен күнделікті айналысу керек. Миға арналған жұмбақтар шешу, кітап оқу, ақпаратты есте сақтау секілді жаттығулар жасау қажет. Тізім, ескертпелер, телефонның дыбысы сияқты есте сақтау заттарды пайдалану керек. Жасалатын істерді кезең-кезеңмен жоспарлау қажет. Туысқандар мен достардан көмек сұраудан ұялмау керек.

Қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатқан кезде монша мен саунаға барудан бас тартыңыз. Ауырғаннан кейін арқа мен өкпе өте сезімтал болады, сондықтан ағза қызғаннан кейін қандай да бір салқын тиетіндей болса, ол қайтадан пневмонияға әкелуі мүмкін. Науқасқа банкі мен қыша қағазын салуға болмайды. Сонымен қатар өзіне виброаккустикалық қол массажерының көмегімен арқаға массаж жасауға да болмайды.