Президент • 07 Қазан, 2020

Президент коронавирустың екінші толқынына дайындық бойынша 6 мәселеге тоқталды

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық мәселелері бойынша кеңесте 6 мәселеге тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент коронавирустың екінші толқынына дайындық бойынша 6 мәселеге тоқталды

Мемлекет басшысы бірқатар түйткілді мәселелерге толығырақ тоқталды.

Бірінші мәселе. Халықты тестілеуден өткізу қарқыны төмендеген. Күніне орта есеппен, 40 мыңнан 60 мыңға дейін зерттеу мүмкіндігі бар 18 мың зерттеу жүргізіледі. Зертханалардың жүктемесі 40% құрайды. Біз нақты жағдайды білуіміз керек. Сондықтан тестілеу көлемін ұлғайту үшін шаралар қабылдау қажет.

Екінші мәселе. Біз жаз айларында дәрі-дәрмек тапшылығын айқын сезіндік. Менің тапсырмам бойынша нақты жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, екі айға жететін қор жасақталып, ең қажетті деген дәрі-дәрмектің тізімі ұлғайтылды. Оны сырттан әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Бірақ өңірлерде дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорларының көлемі және дайындық жұмыстары біркелкі емес. Мысалы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында – екі жүз миллион теңгеден. Маңғыстау облысында – үш жүз миллион теңге.

Ал Нұр-Сұлтан қаласында бір миллиард алты жүз миллион теңге, Алматыда – бес миллиард теңге.

Денсаулық сақтау министрлігінің өңірлердегі дайындық барысына берген бағасымен таныстық. Соған сәйкес, Маңғыстау және Алматы облыстарында емханалар мен ауруханалардың дайындығы нашар екендігі анықталып отыр. Осы олқылықтарды Үкімет пен әкімдер дереу түзетуге міндетті.

Үкіметке әкімдермен бірлесіп, екі апта ішінде тұрақтандыру қорларын белгіленген нормативке сәйкес жасақтауды және медицина инфрақұрылымының толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын. 

Үшінші мәселе. Мониторинг жүргізетін топтардың белсенділігі төмендеп барады. Әлеуметтік желілер арқылы түрлі жиын-тойларда түсірілген фотосуреттер таралуда. Мониторинг жүргізетін топтар тексерістерін азайтты. Бұл ретте, карантин шаралары сақталмай, заң бұзу деректері көбейіп кетті.

Әкімдерге мониторинг жүргізетін топтардың жұмысын жандандыруды тапсырамын. Ведомствоаралық комиссия осыны қатаң бақылауға алуға тиіс.

Төртінші мәселе. Бірқатар тапсырманы орындауда шикілік бар. «СК-Фармация» мен Медициналық сақтандыру қорына қылмыстық тергеу жүргізу әсерінен денсаулық сақтау саласын цифрландыру процесі іс жүзінде тоқтап қалды.

Бесінші мәселе. Пандемияның екінші толқыны аясында негізгі салмақ қайтадан дәрігерлер түседі. Біздің негізгі ресурсымыз – дәрігерлер. Медицина қызметкерлерін қолдау қажеттілігіне ешкім күмән келтірмейді. Менің тапсырмам бойынша екінші жартыжылдықта дәрігерлерге үстемақы төлеуге қосымша 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда, үстемақы мен сақтандыру төлемдерін алу кезінде кездесетін бюрократиялық кедергілер әлі де бар.

Алтыншы мәселе. Үкімет медициналық көмектің өзге түрлерін де көрсетуді ұмытпауға тиіс. Ана мен бала денсаулығын қорғау – негізгі басымдықтың бірі. Өкінішке қарай, ана өлімі көрсеткіші барлық өңірде бірнеше есе көбейіп кетті.