Аймақтар • 07 Қазан, 2020

Оралдық ғалымдар 56,5 млн теңгенің ғылыми жобасын ұтып алды

1310 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары жаратылыстану ғылымдары саласындағы іргелі ғылыми зерттеулер жобасы байқауында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Egemen.kz

Оралдық ғалымдар 56,5 млн теңгенің ғылыми жобасын ұтып алды

"Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер басым бағыты бойынша 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар" гранттық қаржыландыру конкурсына Махамбет университетінің жаратылыстану-география факультеті ғалымдары ұсынған жоба жеңімпаз атанды.

"Батыс Қазақстан су қоймаларының гидробионттары мен микробиомдары жағдайын бағалау және олардың өзгерісін болжау» атты бұл жоба өңір үшін өте өзекті болатын. Ұлттық ғылыми кеңес мақұлдаған ғылыми жобаның жалпы сомасы 56,5 млн. теңге. Енді университет ректоры, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылыған профессор Нұрлан Серғалиевтің ғылыми жетекшілігімен оралдық биолог, географ ғалымдар 27 ай бойы Батыс Қазақстан су қоймаларының гидробионттары мен микробиомдарының қазіргі жағдайын зерттейді. Бұл жобаға Ресей Федерациясында оқып жатқан жас ғалымдар А.Сарманов пен Е.Сұлтанов та қатыспақ. Олар биологиялық бағыт бойынша ғылыми мектепті дамыту шеңберінде университет қаржысы есебінен Қазан федералды университетінің аспирантурасында білім алып жатқан болатын.

Сонымен қатар зерттеу жұмысын жүргізуге университеттің магистранттары мен студенттері де тартылады.

"Біз осы уақытқа дейін өмірлік қажетті үш тіреудің басын біріктіре алмай жүрдік. Міне, енді білім – ғылым – өндіріс үштігінің басын қосатын нақты заң қабылданып, нәтижелі жұмыс істей бастады. Өндірісті дамытушы ғылымды инвестициялаудың халықаралық қалыптағы жүйесі енді біздің ел өміріне де ене бастады. Бұған дейін ғылым қаражатқа зәру болып, ғалымдар ашқан жаңалықтар өндіріске жолдама алмай келсе, енді ондай тоқырау болмайды", дейді жоба жетекшісі, университет ректоры Нұрлан Серғалиев.

Ректордың айтуынша, елімізде ғылымды инвестициялаудың бірнеше арнасы жұмыс істей бастаған. Мәселен ғылыми-зерттеулер үшін арнайы мемлекеттік мақсатты гранттар бөлу, мемлекеттік тапсырыстар бойынша ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ғылымға бөлінетін қаржыны ғалымдардың өз екшеуінен өткізе отырып бөлу, ақыр аяғында жеке капиталды инвестиция ретінде тарту арналары пайда болды. Ашылған жаңалықтарды өндіріске енгізу ісі жеңілдей түсті. Қазір үкімет деңгейінде жоғары ғылыми-технологиялық кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңес салалық ғылыми кеңестердің ұсыныстарын екшеуден өткізеді.

"Сайып келгенде, бәрінің де мүддесі ғылымды инвестициялау, жаңалықты өндіріске кідіріссіз енгізу жұмыстарын жүйеге түсірген, жемісті ететін бір жаңа арна болғанын айта кету керек. Өткен жылы жас ғалымдар үшін берілетін грантқа 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал биыл "Жас ғалым" жобасы қолға алынып, жас ғалымдар үшін 1000 зерттеу гранты бөлінгелі отыр. Бұл жас ғалымдардың инновациялық идеялары мен старт-ап жобаларын жүзеге асыруға зор мүмкіндік", дейді Нұрлан Хабиболлаұлы.