Сол Барқытбел мен Барлық, Алтай мен Сауыр-Сайқан арасында жайылып жатқан қазақ әскерін бір тудың астына біріктіріп, одан төменгі Өскемен мен Жетісарайға (Семейдің сол кездегі аты) көз алартқан қалмақ күрендерін Алтайдан әрі асырып, Құлыстайға дейін қуып тастаған Қабанбай батыр өз жанына халқының қамын, елінің ертеңін ойлаған ержүрек ерлерді топтастыра білді. Керей Жәнібек пен Саты Дәулетбай, Көкжарлы Көкжал Барақ пен Саржомарт Танаш, Уақ Баян мен Бура Қошқарбай сынды от жүректі өрендер Ерасыл бабамыздың Қалба, Тарбағатай, Алтай маңында, Жоғарғы Ертіс бойында құба қалмақпен болған ұрыстарда қайсарлығымен танылған сенімді серіктері болды. Биыл солардың бірі – Үмбетей жырау «Ту алып, тұлпар мінген ер Дәулетбай» деп жырға қосқан, Қабанбай атамыздың өзі «Дәулетбай, едің қайратым!» деп қимай қоштасып, қасиетті ақ туын өз қолымен тапсырып кеткен Саты баласы – Дәулетбай батырдың туғанына да 300 жылдан асып барады.
Дәулетбай – он бесінде жауына қылыш сермеген, отызында бүкіл үш жүздің ұранына айналған ер Қабанбайдың ет жақын етене туыс інісі. Төле би дана «Шаңырағы күйреп, аңырауы жиілеп бара жатқан еліңнің бірлігін шыңдар шырақ бар ма?» деп торыққандай болғанда топ басынан табыла білген жан серігі. Еспембет батыр туралы қиссада жыр басы:
Найманның ту басшысы –
Байжігіт ер Қабанбай… –
деп келсе, «Қабанбайдың жаралмышы» қиссасындағы:
Мағұлым Байжігіттен үш ұл туған,
Жұмық, Тоғас, һәм Мәмбет күнде думан.
Бұлардан неше түрлі жақсы шығып,
Батырлық, жомарттықпен белін буған…
деген жолдар бар. Ал осы Дәулетбай батырдың ата-жөнін қысқаша таратар болсақ, ол былайша өріледі: Найман Қаракерейден – Байжігіт, одан – Жұмық, Тоғас, Мәмбет тарайды. Мәмбеттен – Қожағұл, Қожағұлдан – Қабанбай туған. Ал Байжігіттің бір ұлы – Жұмықтан – Саты, Сатыдан – Дәулетбай туады. Дәулетбайдан: Қыстаубай, Көтеш, Жантүгел, Жәмеңке, Марқа, Байтілес және Байтүгел атты жеті ата тараған. Олардың оныншы-он бірінші ұрпақтары қазір бір шеті Тарбағатай тауының теріскейі мен бір шеті батырлық жыр-дастандарда жиі айтылатын Маңырақ пен Шорға, Зайсанкөл арасында үрім-бұтақ таратып отыр. Дәу атаның шөбересі – Тәнтібай би де от тілді, орақ ауызды шешен адам болған. Бүкіл арғын, найманның көш бастаған көсемдері мен сөз бастаған шешендері бас қосып, жер дауы мен жесір дауын бір жақты ете алмай елді кідіртіп қойған бір сын сәтте сөз сұрап: «Ел болсаң – құшақтасып бітісетін, ит болсаң – ырылдасып кетісетін уақыттарың болды ғой, ағалар. Бұл үнсіздіктеріңнің мәні не?» деп игі жақсыларды сөзден ұтып, алқалы мәжілістің алдын ашып беретін де сол бала Тәнтібай. Ал көк сүмбінің ұшымен, сом білектің күшімен, от жүректің сұсымен өз елін торғауыттың тозағынан, қалмақтың шеңгелінен құтқарған, сол бір сойқан соғыстың басынан аяғына дейін желдің өтінен, жаудың бетінен табылған Дәулетбай батыр жайында әйгілі Үмбетей жырау:
Қалмақты қуып қашырдың,
Қара Ертістен өткізіп
Алтай тауға асырдың, – десе,
Саты Жанұзақұлы Әрімжан ақын кейін өз атасының ерлігін:
Қабанбай, Қосай, Дәулетбай –
Қатаған ханның жиені.
Байжігіттен шыққан үшеуі,
Батыр болып киелі…
Батыр болып бір кезде
Найманды атам бастапты.
Қарсыласқан дұшпанды,
Қайратымен жасқапты
Қабанбай мен Дәулетбай
Жауға қарсы шапқанда,
Халқын оңға бастапты… – деп жырлаған.
…Тарих көмбесінде қалған сонау бір жаугершілік заманда қалмақтың Босмойын дейтін батырының да жерімізге арындап ат ойнатып, төбемізге қайқы қылыш үйіргенінен көзіқарақты қазақ хабардар болар, әрине. Сол Босмойынды жекпе-жекте Тоғастан шыққан Анар батыр өлтіріп, оның үлкен қызын Тоғас батыр алып, одан Қосай батыр, екінші қызын Қожағұл алып, одан Қабанбай батыр, ал үшінші қызына Жұмықтан шыққан Саты үйленіп, одан Дәулетбай батыр туған. Қабекең күш-қайраты ерен, жүрек оты қайтпайтын Дәулетбай інісін сегіз жасынан бастап жанына ертіп жүріп баулып, 13 жасында жауға салған. Өз қолынан үйлендірген. 1984 жылы Пекиндегі «Ұлттар» баспасынан жарық көрген «Қазақ қиссалары» атты көптомдықта жарияланған «Қабанбай» қиссасындағы мына бір жолдар соның айқын айғағындай:
Дәулетбайды сегізде
Серуенге ертіп барып ем.
Тоғыз жасар күнінде
Қоңырат деген бір елден
Айттырып беріп алып ем.
(«Қазақ әдебиеті» газеті, 1990 ж., 5 қаңтар).
Ел аузында, түрлі аңыз-әфсаналарда айтылатын әңгімелерге қарағанда, ол қапсағай денелі, ақсұр жүзді, тік иық, өткір жанарлы, шымыр да жинақы әрі өте қарулы адам болыпты. Ағайынды қос батырдың Алтайдағы жылдарынан бастап аражігінің ажырамағандығы қытайдағы қазақ зерттеушілері Зейнолла Сәнік пен Бейсенғали Садыханның еңбектерінен болсын, әртүрлі жырлар мен қиссалар нұсқаларынан болсын анық аңғарылады. «Сайып келгенде, – деп жазады қос автор өздерінің 1991 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Қаракерей Қабанбай» атты еңбегінде, – Жұмық Дәулетбай батыр, Тоғас Қосай батыр, Мұрын Боранбай батыр, Тума Шыңқожа батыр… бәрі де Қабанбайдың жақын туыстары».
…Моңғолдың Доланқара бастаған елу-алпыс адамы Сауырдағы Меркіт елінің көп жылқысын барымталап, оларды Қабанбай мен Дәулетбай бастаған 40 жігіт Ертістен өте қуып жетеді. Сол жерде Доланқараның өзі білегін сыбанып тастап атып шығады да, Қабекеңді жекпе-жекке шақырады. Қалқанының быт-шытын шығарып, қалмақ батырын әп-сәтте-ақ жайратып салған қазақ қолбасына енді Доланның кегін аламын деп атан өгіздей Түркеш батыр тұра ұмтылады. Аңысын аңдап тұрған інісі – Дәулетбай қайратын жиып алып, тортөбелге қамшы басып, ойнақтап топ ортасына шыға келеді.
Келе салып қалмақ та
Тұра ұмтылды Дәулетке.
Шапшаңдықпен Дәулетбай
Келтірмеді нәубетке.
Сілтеді найза бүйірден,
Қырандай көктен шүйілген.
Жамсатқан көпті қу екен,
Алысты жайпап қиырмен.
Дәулетбай еді қайлалы,
Шанышты сермеп найзаны.
Өкіріп түсіп атынан,
Түркеш батыр жайрады…
Есен қайтты еліне,
Сауырдың шықты беліне.
Қабанбайдың ерлігі
Мәлім болды көбіне.
Жастан шыққан Дәулетбай
Танылды жұрттың көзіне.
Абылай хан болып, Қабанбай қолбасы болып тұрған шақта жоңғар шапқыншылары бейбіт жатқан қазақ жасақтарын сан рет ойсырата шауып, қызыл қырғын соғыс салып, жерін тартып алып отырған. Сондай бір аласапыран кезде, жау жақ қапталда Қосай, Тама батырлардың жасағы қалқан болып, мыңғырған жылқылары сонау Орқашар жеріне дейін созылып жатқан бір мәуетек шақта Алтайдағы Алқабек-Білезікке бекінген торғауыттар тағы да мың-мыңдап жылқы барымталап, бірқыдыру адаммен бірге Таманың ұлы Байқонысты да өлтіріп, Тарбағатай өңіріне біржола бекініп алады. Жаудан үркіп Қалбаға қарай қашқан ел ағыны қатты өзеннен өткел таба алмай, көп адам суға кетеді (Кейін шаруашылық қажеті үшін су бөгені салынған, қазір Бозша, Маңырақ, Ақжар ауылдарының іргесінен ағып өтетін тау өзенінің «Қандысу» аты содан қалған деген аңыз бар…). Тоқсанның сеңгіріне шыққан Тама батыр елді Сауырға тиянақтатып, Дәулетбайды дереу Тарбағатайдың батысындағы Бақтының мойнында отырған Қабанбайға шаптырады. Бұл – атақты Шорға соғысы атанып тарихта қалған, сексен күнге созылған қанды сойқанның басы еді. Қылышынан қан сорғалаған батырлар ата жаудан айласын асырып, жасақтардың жан аямай арпалысуының арқасында Қалбадан Шорғаға дейінгі өңірді жау шеңгелінен қайтадан қайтарып алады. Алтай мен Сауыр-Сайқан, Қара Ертіс пен нұр Зайсан, Марқа мен Нарын арасы торғауыттан тазартылады. Босқан ел Қарғыба-Базар мен Ойшілікке, Шорға мен Боғас Маңыраққа қайтадан қоныс тебеді. Сол жылдары Алакөл мен Бақты маңында да дүрбіттер дүрбелеңі белең алды. «Дүрбіттер Қатынсу бойында тағы бір рет бас құрап, өздерінше тұрыстық бермек болған. Бірақ ол талаптарынан да ештеңе шықпады. Жеке сайысқа шақырған Бадынжап Зайзанды Жұмық Дәулетбай батыр екі айналымға келтірмей, найзамен іліп тастады» (Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» тарихи романынан, І том).
Сол жылдары Тарбағатай өңірі бойынша тарихта қалған қанды шайқастардың ішінде Маңырақ маңындағы ұрыс та аса ауыр болған. Барқытбел, Сауыр-Сайқанның шығыс бет қапталындағы Маңырақ сілемдерінде сіресе бекініп алған әрі оқ қарумен жарақтанған торғауыт пен дүрбіт қатты қарсыласады. «Бұл ұрыста Дәулетбай батыр бастаған Жұмық жігіттері ерекше көзге түсті. Әншейінде әр қадамын аңдап басып, сақ жүретін Дәулетбай бұл жолы өлер-тірілерін ұмытып, үнемі алдыңғы шепте шабуылдаумен болды. Батырдың көзіне қан толып, бет-әлпеті де жан шошырлықтай өзгеріп кеткен. Шамасы, мұндай жанкешті өлермендіктен ажалдың өзі де қаймығатын болуы керек, ақ көбігі шыққан тортөбелдің үстінде ұршықтай үйіріліп, алдаспанын оңды-солды сілтегенде, бейне орман отап келе жатқандай, жау ортасын қақ жарып, арттағы әскерге жол ашып отырды» (Бұл да сонда).
Қабанбай бабамыздың жау келерде дүрілдейтін қасиетті ақ туы да осыдан үш ғасыр бұрынғы жоңғар жорықтарынан хабардар қазақтың есінде болар. «Ер Қабанбай» қиссасында:
Жапанда жел жоқ мезгіл жатқанында,
Ақ туы аспан кернеп күрілдейді, –
деп суреттелетін, жорықта алға ұстап алып жүретін сол туын Батыр баба кейін жан серігі – Дәулетбайға тапсырып жатып: «Елге ие бол, жауыңнан сақтан, Қабанбай өлді дегізбе!» деп өсиет айтқаны «Қисса Мәмбетұлы Қабанбай» дастанында баяндалады. Қабекеңнің жастық жалынындай, асау арынындай болған Дәулетбай батырдың «Ту алып, тұлпар мінген ер Дәулетбай» деген қосалқы аты да содан қалған…
Сын шақта семсер ілген білегіндей болған, қысталаңда иықтас тірегіндей болған жалын жігерлі інісін Қабекең көзі жұмылғанша жанындай жақсы көрген. Ерен туған Ерасыл бабамызды ауыр дерт меңдеп, о дүниелік болуға бет қаратқанда Қызылсу-Шар бойында отырған Дәулетбайға шабарман жіберткен. Жолай кездескен қойшыдан жөн сұрағанда ол Қабекеңнің ауылына кеше ғана барып қайтқанын, ұлы сардардың тетелес інісін асыға күтіп жатқанын айтады. Жырдың көңілді қозғар осы бір тебіреністі тұсы былай өрілген:
Сұлық жатыр Қабанбай,
Екі аяғын жимайды,
Кетуге сізді қимайды.
Еріндерін жалайды,
Келді ме деп Дәулетбай
Есік жаққа қарайды…
Тарбағатайды торыған торғауыт пен дүрбітті, Марқа мен Нарын маңына елеурей еніп кеткен ұранхайларды жапыра қуып тастап, Жұмықтың жеті баласының ата қонысын аңдатқан Қабанбай ағасы сияқты Дәулетбай батыр да Тарбағатай өңірінде ат тізгінін тартқан соң Жұмықтан тараған Сатының бес баласы мен аталас туысы – Сайболат ұрпақтарына Маңырақ пен Арғанаты, Барқытбел мен Зайсан көл арасынан әділдікпен жер бөліп бергендігі де тарихи шындық.
Бірақ, бір өкініштісі – атақоныс жері үшін жанын жалдап, қанын төккен осы батыр баба атына әлі күнге дейін облыс орталығы – Өскеменнің бір көшесі бұйырмай келеді. Халқымыздың жағасына жармасып, тілі мен діліне өршелене қарсы болған, «бүкіл Шығыс Қазақстан – атам заманғы Ресей өлкесі» деп ұранға айтақ қосқан Головков деген депутатқа беттері бүлк етпей-ақ Мир көшесін алып берген қалалық мәслихат басшыларының Қабанбай мен Дәулетбай немесе Көкжал Барақ пен Танаш, би Боранбай десе теріс айналуының астарында бір жымысқы сыр жатқан сияқты... Әйтпесе, қаланың қақ ортасында-ақ Киров, Орджоникидзе, Ворошилов, Питерских Коммунаров, Новаторов сияқты мәнсіз де мағынасыз атаулардан аяқ алып жүре алмайсыз. Тіпті, батырдың өзі туып-өскен, қаншама қанды шайқаста жау шеңгелінен құтқарып қалу үшін жанкештілік жасаған Тарбағатай ауданының өзінде ресми түрде Дәулетбай есімі берілген бірде-бір ауыл-аймақ жоқ. Жоғарыда өзіміз айтқан Қандысу өзенінің бөгелген аузында отырған отыз үйлі Бозша ауылының адамдары бұдан пәленбай жыл бұрын облыс, республикаға жазған өтініш-хаттары мүлде хабар-ошарсыз кетсе де өздерін сол Дәулетбай батыр атындағы ауылда тұрып жатырмыз деп алдарқатып келеді. Сондықтан кезінде бір шаруашылықтың орталығы болған Маңырақ ауылында шоғырланған үрім-бұтағының сол ауылға Ерасыл бабамыздың сарқылмас ырысындай, жан серік тынысындай болған мұрагері – Дәулетбай аты берілсе деген тілек айтып, мәселе көтеруі – толғағы баяғыда жеткен құптарлық бастама. Сондай-ақ, қазақтың хас батырының туын өз қолынан алған айбынды ерге арнап бір еңселі ескерткіш тұрғызатын да уақыт жетті. Бұл – «Болар елдің баласы бірін бірі батыр дейді» деген парасатты түйсіктен туған өте орынды талап әрі аруақтар алдында күні бүгінге дейін өтелмей келе жатқан асыл парыз, ардақты қарыз деп ойлаймыз. Іргелі елдің баласына ірілік жарасады. Тек соны ел тізгінін ұстаған ойы өрелі, кеңесі келелі, намысы биік азаматтар қуана құптап, қолдау көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді.
Жұмағазы ИГІСІН,
Қазақстан Журналистер одағы
Әлихан Бөкейханов атындағы сыйлығының лауреаты.
ӨСКЕМЕН.