Руханият • 08 Қазан, 2020

Күншығыс елінің күнделіктері: 20 жылдан кейін

729 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жапониядағы қазақтар мен Қазақ­стандағы жапондар туралы көп­теген қызықты репортаждар оқы­дым. Яғни тағдырдың жазуымен Күншығыс еліне табан тіреп, қазір сонда оқып, жұмыс істеп жатқандар хақында. Немесе кері­сін­ше қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүріне деңдеп енген жапон­дар туралы көз жүгірттім. Өте қызықты материалдар. Күн­шығыс елі қай заманнан өзіне тән жұмбақ болмысымен, салт-дәстүрімен және бірегей мента­литетімен қызықты ғой.

Күншығыс елінің күнделіктері: 20 жылдан кейін

Дамыған алдыңғы қатарлы эконо­миканың арқасында, ұлтарақтай жері болса да, Жапон елі адамзат өркениетінің дамуына толассыз үлес қосып келеді. Бұл мемлекет бізден географиялық тұрғыда алшақ, одан бөлек, өзінің ғажайып әлемі бар. Көбіміз үшін жұмбағы әлі де шешілмеген ел іспетті. Сондықтан ба, қазіргі замандағы жаһандану үрдісі мемлекеттер арасындағы шекараларды ашық етсе де, Жапониямен тығыз байланысы бар отандастарымыз аса көп емес.

Маған еліміз егемендігін енді алып, бой түзеп жатқан уақытта, алғашқы қазақстандықтардың бірі болып, Жапо­нияда кәсіби іс-тәжірибеден өтіп, елге оралып, міне қатарынан 20 жыл бойы Қазақстанның дамуына өз үлесін сіңіріп келе жатқан жанмен тілдесу бақыты бұйырды.

Ол – Күншығыс елінің тілін меңгеріп қана қоймай, кәсіби білім алып, оның сан салалы мәдениетін таныған, мемлекет және қоғам қайраткері, білім мен ғы­лым саласындағы жетекші сарапшы, бас­қару саласының топ-менеджері, сая­си ғылымдар докторы, профессор Әмір­хан Рахымжанов еді. 1998 жылы ол – Жапонияда тағылымдамадан өтіп, онда қазақ­стандық білім беру саласын дамыту міндеттерін жүзеге асыру үшін өте құнды білім мен тәжірибе жинақтады. Сол жылдары Қазақстанда мұндай мамандар санаулы болды.

Қазақстан үшін Жапониямен серік­тестік әрқашан маңызға ие. Бұл елдің жалпы басқару мен білім жүйесін дамыту саласындағы жетістіктері аса құнды. Әмірхан Мұратбекұлы тағылымдамадан өтетін уақыт тәуелсіз жас Қазақстанның, оның экономикасы мен қоғамдық-саяси институттарының құрылу кезеңіне, ел­ордасы Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) салынып жатқан сәтіне тұспа-тұс келді. Бұл тәжірибеден өтудің мақ­саты біреу ғана – жапон білім жүйесінің негізін, заманауи басқару технологияларын меңгеріп, жас ұрпақтың жақсы жабдықталған ортада дамуына ықпал ететін ұлттық білім беру жүйесін құруға кішігірім болса да үлес қосу болатын.

Әмірхан Мұратбекұлы Жапонияға нақ­ты жоспар қойып, айқын мақ­сат­та­ры­мен аттанады. Осы уақытқа дейін ол Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақ­стан) Үржар ауданындағы бірқатар мек­­теп­терде директор, аудандық білім бас­­қар­­масының меңгерушісі, Семей қаласы білім басқармасының басшы­сы, облыстық білім департаменті бас­шы­сының бірінші орынбасары, об­лыстық біліктілікті арттыру институ­ты­ның ди­ректоры болған еді. Оған мұ­ның алдын­дағы партиялық және шаруа­шылық жұ­­­мыс­тардың тәжірибесін қосы­ңыз. Ол ауыл мектептерінің қарапайым тұр­мыс­тық қиындықтардан бастап қандай мә­селелерге тап болатынын айтқызбай-ақ тү­сінетін. Сол сәттен бастап-ақ Әмір­хан Мұрат­бекұлы білім берудің ұлттық мо­де­лін жасау жолдарын ойлап, іздене бас­тады. Оның ықпалымен бірінші рет ауыл­ды аймақта дарынды балаларға ар­нал­­­­ған қазақ тілі мен әдебиетін терең­де­­­тіп оқытатын алғашқы мектеп-лицей ашылды.

Бұл туралы Ә.Рахымжанов өзінің «Күн­шығыс еліндегі өмірдің сабақтары. Жиырма жылдан кейін» атты кітабында: «Жалпы жас мемлекетіміз, оның ішінде отандық білім жүйесі – менталитетіміздің ерекшеліктері мен уақыт талаптарына сай келетін өскелең ұрпақты оқытудың ұлттық жүйесін құру жолдарын іздеді. Жаңа буын оқулықтарын әзірлеу, шұ­ғыл түрде жаппай компьютерлендіру­­ді жүр­гізу керек еді. Тұңғыш Прези­­ден­т Н.Ә.Назарбаевтың шешімі осындай болды. Оны жүзеге асыру үшін дамы­ған мемлекеттердің тәжірибесін зерделеу қажет еді. Әлемдік кеңістікте сол жыл­­дары (қазіргі уақытта да) алдыңғы қа­­тарлы ел болып саналатын Жапонияда та­ғы­лымдамадан өтуіме жоғарыда атал­ған жайттар себеп болды», деп жазады.

Әмірхан Мұратбекұлының тағылым­дамадан өту уақыты 1997-1998 жылғы Азия өңіріндегі дағдарыс кезеңіне сәй­кес келді.

Дегенмен білім саласы кезек күттір­мейтін мәселе. Егемен елдің еңсе кө­теруі қаншалықты қиын болса да, жас қазақстандықтарға үздіксіз даму қажет еді. Жаһан талаптарына сай келетін бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең маңызды мақсаты болатын. Дәл осы кезеңдерде Елбасы «Болашақ» Халықаралық бағдар­ламасының негізін қалаған еді.

Халықаралық байқауда тағылым­дамадан өту үшін Күншығыс елінің гран­тын жеңіп алды. Байқау туралы ақпа­ратты оған жақын досы, сол тұстағы ірі квазисекторлық компаниялардың бірін басқарған Нұрлан Рысханұлы хабарлайды. Сол сәтті есіне алған Әмірхан Рахымжанов өз күнделігінде «Оған осы үшін алғысым шексіз», деп жазады.

Жапонияға табан тіреген алғашқы күндері Әмірхан Рахымжанов жетекші елдердің жаңа білімі мен тәжірибесін қа­жет еткен туған елінің алдындағы жауап­кершілікті терең түйсініп, өз сөз­дері мен әрекетінің де парқын барлай алды. Бар ақпаратты «құмарлықпен» бо­йына сіңіріп, үйге оралғаннан кейін ең үзді­гін өз ісіне жарату үшін жапониялық білім жүйесі мен жалпы әкімшілігінің барлық ерекшелігін ұсақ-түйегіне дейін түсінуге тырысты. Ол өзі сияқты жандар арқылы барша қазақстандықтарға, тілі, елтаңбасы, туы, әнұраны мен мем­лекеттік шекарасы бар өзін тәуелсіз жас мемлекет деп жариялаған Отанына баға беретінін ұғынды.

Тағылымдамадан өту кезеңіндегі ең қиыны – аз уақыттың ішінде әлемдегі күрделі тілдердің бірі саналатын жапон тілін меңгеру еді. Күншығыс елі­не сапарға дайындалып жатқан ке­зінде Жапонияда 2 жыл білім алған шенеу­нікпен кездеседі. Ол екі жыл оқыса да жапон тілін меңгере алмағанын айтып, тоғыз айда оны игеріп шығу мүмкін емес­тігін алға тартады. Жерлесінің пес­симистік пікіріне қарамастан, Әмір­хан Мұратбекұлы іштей кез келген жағ­дайдан шығатын жолдың барын ойға алады. Себебі оның жадында өзіне бір кездері айтқан жапондық ірі маманның сөзі сайрап тұрған еді: «Егер сіз мақсатқа жетер жолда табанды және еңбекқор болсаңыз, тоғыз айда жапонша сөйлеп қана қоймай, жапонша ойлайтын боласыз» деген еді ол. Дәл осындай көңіл күймен Жапон еліне ұшып кеттім дейді Ә.Мұратбекұлы.

Сол кездегі қызықты сәттердің бірін Ә.Рахымжановтың досы, бизнесмен, меценат Дәулет Жақыпов былай деп еске түсіреді: «8-9 айдан соң Әмірхан елге оралды. Ол жапон тілін меңгергенін, еркін сөйлей алатынын айтты. Бірақ мен сенбедім. Біз қайта жапондық инженерге бардық. Әрі олар жарты сағат бойы жапон тілінде әңгімелесті. Мен сонда Әмірханға қарап, таңдай қақтым. Жанында бір қазақ, бір орыс болмаса да, шет мемлекетке барып, өзінің еңбексүйгіштігінің, табандылығының, парасаттылығының арқасында жапон тілін үйренді.

1999 жылы Жапониядан елге оралған Әмірхан Мұратбекұлы жапондық білім беру жүйесінде сертификатталған маман ретінде өзінің бұрынғы және қазіргі жинақтаған бар білім-білігін отандық білім жүйесінің дамуына бағыттады. Жапонияда игерген танымдары соның ішінде мемлекеттік әкімшілік саласында жиған-тергені орталық және жергілікті атқарушы органдарда қызмет істеген сә­тінде кәдеге жарады, әрі қазір де кәсі­би қызметінде мұны сәтті пайдаланып келеді.

Әмірхан Мұратбекұлының Күн­шы­ғыс елі туралы күнделігі туған-туыстар мен дос-жарандарға арналып, аз ғана тара­лым­мен шыққан. Маған сол күнделікті оқу­дың сәті түскен еді. Сол жылдардағы басы­нан өткерген сынақтары мен қол жеткіз­ген жетістіктері туралы автор қарапайым тіл­мен ұғынықты түрде турасынан сол жылдардағы сынақтары мен жетістіктері жайлы жазған. Жас қазақстандық ре­тінде мен Әмірхан Мұратбекұлына өзі­нің айрықша тәжірибесімен бөлісіп, қиыр­дағы Жапон еліндегі танытқан ең­бек­­сүйгіштігі мен ерік-жігері үшін, өзі арқылы мақсат қойған жанның алмайтын асуы мен шыңы жоқтығын дәлелдегеніне алғысымды жеткізгім келеді. Журналист ретінде де мен ол кісіден өзіме сабақ алдым: ақиқаттың тілі қарапайым және дана. Әмірхан Мұратбекұлының күн­делігі – публицистиканың жарқын және талантты үлгісі.

 

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

журналист,

«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты