Жырда өзіндік мақамы, күйде өзінше мәнері, әнде өзгеше сазы бар деп есептелетін Маңғыстаудың қаламды қанат еткен шығармашылық әлемде екпінді үні, лебі бар. Өңірдің сол әдемі өнері биыл ерекше қуаныш құшағында. Облыстың 40, облыс орталығы Ақтау қаласының 50 жылдық мерейтойларына орай өлкенің өлең мен сөзді серік еткен таланттарының шығармалары топтасып, 50 томдық боп жарық көрді. Жақсылық жақсылыққа ұласып, көптомдықтың тұсауы Астана қаласында, Ұлттық академиялық кітапхана төрінде кесілді.
«Қашекем сөздің дүлдүлі, Сәт-бабам жырдың шынжыры», деп Фариза ақын жырлағандай, Маңғыстаудың жыр өнері дегенде Нұрым, Абыл, Қашаған, Аралбай, Ақтан, Сәттіғұл, Түмен деп жыр дүлдүлдерінің есімдері тізбектеле жөнеледі. Домбыраны қолына алса, сазға оранған өлең ұйқастары көмейлерінен ақтарыла жөнелетін бұл айтқыштардың жолын қалам ұстаған заманның ұл-қыздары жалғастырып әкетті.
Жырда өзіндік мақамы, күйде өзінше мәнері, әнде өзгеше сазы бар деп есептелетін Маңғыстаудың қаламды қанат еткен шығармашылық әлемде екпінді үні, лебі бар. Өңірдің сол әдемі өнері биыл ерекше қуаныш құшағында. Облыстың 40, облыс орталығы Ақтау қаласының 50 жылдық мерейтойларына орай өлкенің өлең мен сөзді серік еткен таланттарының шығармалары топтасып, 50 томдық боп жарық көрді. Жақсылық жақсылыққа ұласып, көптомдықтың тұсауы Астана қаласында, Ұлттық академиялық кітапхана төрінде кесілді.
«Қашекем сөздің дүлдүлі, Сәт-бабам жырдың шынжыры», деп Фариза ақын жырлағандай, Маңғыстаудың жыр өнері дегенде Нұрым, Абыл, Қашаған, Аралбай, Ақтан, Сәттіғұл, Түмен деп жыр дүлдүлдерінің есімдері тізбектеле жөнеледі. Домбыраны қолына алса, сазға оранған өлең ұйқастары көмейлерінен ақтарыла жөнелетін бұл айтқыштардың жолын қалам ұстаған заманның ұл-қыздары жалғастырып әкетті.Әдебиеттен хабары бар кез келген жанға жазушыдан көмбе көкірек, қарымды қаламгер Әбіш Кекілбайды, ақындардан арқалы Сабыр Адай мен Светқали Нұржанды айтса да жеткілікті. Бірақ, күні бүгінге дейін өлке ақын-жыраулары мен жазушыларының туындылары бірге шоғырланып, басы бүтінделіп көрмеген болатын. Енді іздеген жан бұрынғы жыраулар мен кешегі, бүгінгі қаламгерлердің шығармаларын бір жерден табатын мүмкіндікке ие. Тағдыр әртүрлі ғой, біреу өмірден ерте кетсе, біреудің рухани мұрасын жинақтап, насихаттайтын ұрпағы жоқ, зерттеушісі мен жанашыры жоқ, енді бірдің жағдайы жоқ дегендей, 50 томға енген 100-ге тарта қаламгерлер арасында өзге түгілі маңғыстаулықтардың өзіне әртүрлі себептермен мәлім емес болып келген ақын-жазушылардың туындылары бар.
Кітап қашанда рухани байлық, баға жетпес құндылық. Тетікшелерді сартылдата басып, кез келген мәліметті, қажетті шығарманы ғаламтор арқылы тауып алуға болады дегеннің өзінде кітап өз маңызын жоймақ емес. Өйткені, біріншіден, кітап қолмен ұстап оқуға ыңғайлы құрал, екіншіден компьютердің алдында ұзақ отырудың ағзаға пайдалы емес екендігі белгілі. Демек, «Қазақпарат» баспасынан «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен көптомдықтың жарық көруі бабалар алдындағы сауапты іс болса, ұрпақ алындағы жауапкершілікті шаруа. Ал оның тұсауының елордада, ұлттық кітапханада, халқымыздың көрнекті азаматтарының алдында кесілуі маңызды, мағыналы болды.
– Бүгін сіз бен біз жиылып отырған қарашаңырақ – халқымыздың ең үлкен рухани ордасы – академиялық атауына ие Ұлттық кітапхана. Бұл қасиетті орынға кез келген дүниені қабылдай бермейтініміз де шындық. Маңғыстау ақын-жазушылары шығармалар жинағы тұсауының осы ордада кесілуі ерекше жаңалық, деген Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ә.Асқаров көптомдықтың тұсаукесер салтанатына қаламгерлерді бастап Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевтың өзі келуін ризашылықпен атап өтті. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ж.Шаштай, кітапты құрастырушылардың бірі А.Өтегенов, зейнеткер Д.Әріпов, республикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Ө.Озғанбаев, сондай-ақ, қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Б.Тұрғараев қатысып, ізгі тілектерін жеткізді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, осы жерде қазақ даласының қай қиырында жүрсе де ұлттық мұраларды қамқорлыққа алып, рухани жауһарларды түгендеп жүретін белгілі азамат Бекет Тұрғараұлының еңбегін атап өтуге тиіспіз. 50 томдықты шығару идеясын көтерген де, оның тұсаукесерінің Ұлттық кітапханада кесілуіне мұрындық болған да Маңғыстауда қызмет еткен бір жыл ішінде біраз шаруаға ұйытқы бола білген Бекең болатын. Жақсы идеяға жан бітірген облыс басшылығына алғыс айтқан ол: «Әркімнің артында айтуға тұрарлық маңызды іс, көзге көрінетін із қалуы қажет. Маңғыстау облысының мектеп, мәдениет ошақтарына таратылатын бұл көптомдық – іс басындағы азаматтардың абыройын асырар еңбек», деді.
Академиялық кітапханаға киелі Маңғыстаудан естелік ретінде Отпан тау тарихи-мәдени кешені бейнеленген картина мен өлке ақын-жазушыларының көптомдығы сыйға тартылса, өңір басшысы А.Айдарбаев бастаған маңғыстаулық қонақтарға еңселі кітапхана ғимаратын аралата таныстырған кітапхана директоры «Қазақтың 1000 күйі, 1000 әні» жинағын ұсынды. Бұл кітап пен өнер құрметтеліп, рухани байлық басты орынға шыққан басқосу болды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.