12 Қараша, 2013

Маңғыстау маржандары– ұлт руханиятына қосылған үлес

586 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жырда өзіндік мақамы, күйде өзінше мәнері, әнде өзгеше сазы бар деп есептелетін Маңғыстаудың қаламды қанат еткен шығармашылық әлемде екпінді үні, лебі бар. Өңірдің сол әдемі өнері биыл ерекше қуаныш құшағында. Облыстың 40, облыс орталығы Ақтау қаласының 50 жылдық мерейтойларына орай өлкенің өлең мен сөзді серік еткен таланттарының шығармалары топтасып, 50 томдық боп жарық көрді. Жақсылық жақсылыққа ұласып, көптомдықтың тұсауы Астана қаласында, Ұлттық академиялық кітапхана төрінде кесілді.

«Қашекем сөздің дүлдүлі, Сәт-бабам жырдың шынжыры», деп Фариза ақын жырлағандай, Маңғыстаудың жыр өнері дегенде Нұрым, Абыл, Қашаған, Арал­­бай, Ақтан, Сәттіғұл, Түмен деп жыр дүлдүл­дерінің есімдері тізбектеле жөнеледі. Домбыраны қолына алса, сазға оранған өлең ұйқастары көмейлерінен ақтарыла жөнелетін бұл айтқыштардың жолын қалам ұстаған заманның ұл-қыздары жалғастырып әкетті.

Жырда өзіндік мақамы, күйде өзінше мәнері, әнде өзгеше сазы бар деп есептелетін Маңғыстаудың қаламды қанат еткен шығармашылық әлемде екпінді үні, лебі бар. Өңірдің сол әдемі өнері биыл ерекше қуаныш құшағында. Облыстың 40, облыс орталығы Ақтау қаласының 50 жылдық мерейтойларына орай өлкенің өлең мен сөзді серік еткен таланттарының шығармалары топтасып, 50 томдық боп жарық көрді. Жақсылық жақсылыққа ұласып, көптомдықтың тұсауы Астана қаласында, Ұлттық академиялық кітапхана төрінде кесілді.

«Қашекем сөздің дүлдүлі, Сәт-бабам жырдың шынжыры», деп Фариза ақын жырлағандай, Маңғыстаудың жыр өнері дегенде Нұрым, Абыл, Қашаған, Арал­­бай, Ақтан, Сәттіғұл, Түмен деп жыр дүлдүл­дерінің есімдері тізбектеле жөнеледі. Домбыраны қолына алса, сазға оранған өлең ұйқастары көмейлерінен ақтарыла жөнелетін бұл айтқыштардың жолын қалам ұстаған заманның ұл-қыздары жалғастырып әкетті.Әдебиеттен хабары бар кез келген жанға жазушыдан көмбе көкірек, қарымды қаламгер Әбіш Кекілбайды, ақындардан арқалы Сабыр Адай мен Светқали Нұржанды айтса да жеткілікті. Бірақ, күні бүгінге дейін өлке ақын-жыраулары мен жазушыларының туындылары бірге шоғырланып, басы бүтінделіп көрмеген болатын. Енді іздеген жан бұрынғы жы­раулар мен кешегі, бүгінгі қаламгерлердің шығармаларын бір жерден табатын мүмкіндікке ие. Тағдыр әртүрлі ғой, біреу өмірден ерте кетсе, біреудің руха­ни мұрасын жинақтап, насихат­тайтын ұр­пағы жоқ, зерт­теу­ші­сі мен жанашыры жоқ, енді бір­дің жағдайы жоқ дегендей, 50 томға енген 100-ге тарта қалам­герлер арасында өзге түгілі маң­ғыс­таулықтардың өзіне әр­түрлі себептермен мәлім емес болып келген ақын-жазушылардың туындылары бар.

Кітап қашанда рухани бай­лық, баға жетпес құндылық. Те­тікшелерді сартылдата басып, кез келген мәліметті, қажетті шы­ғарманы ғаламтор арқылы тауып алуға болады дегеннің өзін­де кітап өз маңызын жоймақ емес. Өйткені, біріншіден, кітап қол­мен ұстап оқуға ыңғайлы құ­рал, екіншіден компьютердің ал­дында ұзақ отырудың ағза­ға пай­далы емес екендігі бел­гі­лі. Демек, «Қазақпарат» бас­­па­сынан «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітап­ха­насы» сериясымен көптом­дықтың жарық көруі бабалар алдындағы сауапты іс болса, ұрпақ алындағы жауапкершілікті шаруа. Ал оның тұсауының елордада, ұлттық кі­тапханада, халқымыздың көрнекті азаматтарының алдында кесілуі маңызды, мағыналы болды.

– Бүгін сіз бен біз жиылып отырған қарашаңырақ – хал­­қымыздың ең үлкен рухани ордасы – академиялық атауы­на ие Ұлттық кітапхана. Бұл қа­си­ет­ті орынға кез келген дүние­ні қабылдай бермейтініміз де шындық. Маңғыстау ақын-жазу­шы­лары шығармалар жинағы тұсауының осы ордада кесілуі ерекше жаңалық, деген Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ә.Асқаров көптомдықтың тұсаукесер салтанатына қалам­герлерді бастап Маңғыстау облы­сының әкімі А.Айдарбаевтың өзі келуін ризашылықпен атап өтті. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ж.Шаштай, кітапты құрастырушылардың бірі А.Өтегенов, зейнеткер Д.Әрі­пов, рес­публикалық Ардагер­­лер кеңесінің төраға­сы, тарих ғы­лымдарының докторы Ө.Озған­баев, сондай-ақ, қоғам қайраткері, заң ғылым­дарының докторы, профессор Б.Тұрға­раев қатысып, ізгі тілектерін жеткізді. «Жақ­сының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, осы жерде қазақ даласының қай қиырында жүрсе де ұлттық мұраларды қамқорлыққа алып, рухани жауһарларды түгендеп жүретін белгілі азамат Бекет Тұрғараұлының еңбегін атап өтуге тиіспіз. 50 томдықты шығару идеясын көтерген де, оның тұсаукесерінің Ұлттық кітапханада кесілуіне мұрындық болған да Маңғыстауда қызмет еткен бір жыл ішінде біраз шаруаға ұйытқы бола білген Бекең болатын. Жақсы идеяға жан бітірген облыс басшылығына алғыс айтқан ол: «Әркімнің артында айтуға тұрарлық маңызды іс, көзге көрінетін із қалуы қажет. Маңғыстау облысының мектеп, мәдениет ошақтарына таратылатын бұл көптомдық – іс басындағы азаматтардың абыройын асырар еңбек», деді.

Академиялық кітапханаға киелі Маң­ғыстаудан естелік ретінде Отпан тау тарихи-мәдени кешені бейнеленген картина мен өлке ақын-жазушыларының көптомдығы сыйға тартылса, өңір басшысы А.Айдарбаев бастаған маңғыстаулық қонақтарға еңселі кітапхана ғимаратын аралата таныстырған кітапхана директоры «Қазақтың 1000 күйі, 1000 әні» жинағын ұсынды. Бұл кітап пен өнер құрметтеліп, рухани байлық басты орынға шыққан басқосу болды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.

Соңғы жаңалықтар