Таным • 08 Қазан, 2020

«Қара құрдымдағы» әлем

1600 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда астрономдар ғаламдағы қызық құбылыстың бірін анықтады. Ғарыш түкпіріндегі алып «қара құрдымды» алты галактика айналып жүр екен. Ғалымдардың айтуынша, бұл ерекше аспан денесі «Үлкен жарылыстан» кейін пайда болған көрінеді.

«Қара құрдымдағы» әлем

Бұл жаңалықтың астрономия саласында маңызы зор. Өйткені ғаламдағы мұндай құбылыстар ғарышты танып, түсінуге мүмкіндік бермекші. Зерттеушілердің пайымдауынша, ерекше «қара құрдым» Күннен миллиардтаған есе ауыр көрінеді. Күн жүйесі «Құс жолы» галактикасында орналасқан. Біздің галактиканың ортасында да дәл осындай алып «қара құрдым» бар. Ол жан-жағындағы жұлдыздар мен аспан денелерін қомағайлана жұтып, сәт сайын ұлғайып келе жатқаны белгілі. Миллиардтаған жылдан кейін осы «қара құрдым» бүкіл «Құс жолын» тауысатыны да түсінікті. Осындай «ашқарақтың» болмыс-бітімін түсіну қашанда да өзекті. Ендеше, ғарыштың түкпір-түкпіріндегі галактикалар мен «қара құрдымдарды» бақылау «Құс жолының» келешек тағдырын есептеуге мүмкіндік береді.

Былайғы жұрт үшін ғаламның үлкендігін аңғару қиын. Оқырмандарға түсінікті болу үшін ғарышты күнделікті өлшемге салып көрейік. Егер жерді гольф добына тең деп алсақ, бізге ең жақын аспан денесі Айға дейінгі қашықтық 1,3 метрді құрайтын еді. Мұндай жағдайда Күннің диаметрі 4,6 метрге дейін кішірейеді. Жермен арадағы қашықтық 500 метрге тең. Яғни «мәңгілік үйімізді» осыншалықты кішірейткеннің өзінде Күнге жету үшін 5 минуттай уақыт жұмсаймыз. Ал Күн жүйесіндегі ең шеткі планета Нептунға дейінгі қашықтық 15 шақырымнан асады. Жаһанды осыншалықты сығымдағанның өзінде «Құс жолының» диаметрі 3,8 мил­лиард (!) шақырымға жетіп жығылады.

Енді елестетіп көріңіз. Күн жүйесі – галактикадағы сансыз көп жұлдыздың бірі. Ғалымдардың есептеуі бойынша жердегі бүкіл құм түйіршіктерін жинағанның өзінде «Құс жолындағы» жұлдыздар санынан кем түсетін көрінеді. Көзге көрінетін ғарыштың көлемі тіптен орасан. Біз үшін өте алып көрінетін «Құс жолының» өзі ғаламдық деңгейде тарының дәніндей ғана болмақ.

Мұның бәрі, әрине, ғалымдардың ұзақ уақыт бойы тынымсыз жұмысының, ұйқысыз өткізген түндердегі есептеулерінің нәтижесі. Плутон мен Архимедтен басталып, Әл-Бируни мен Әл-Фарабилер жалғастырған, Ньютон мен Эйнштейн жаңа кезеңге көтерген ғаламды түсінуге талпынудың жемісі.

Бүгінде де ғарышты танып-білуге ұмтылу тоқтаған емес. Әсіресе, бұл тұрғыда филантроп Илон Масктың жоспарлары көп. Мәселен, ол алдағы бірнеше жыл көлемінде жер-жаһанды тегін интернетпен қамтамасыз етпек. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін SpaceX компания­сы Starlink жобасы аясында 12 мың спутник ұшыруды көздеп отыр. Қазірдің өзінде аспанда 700-ден астам Starlink жер серігі ұшып жүр.

Мұндай «ноу-хаудың» пайдасын алғаш Сиэтл қаласының тұрғындары көрмек. Илон Маск жыл соңында бүкіл Солтүстік Америка құрлығы жаңа жобаның жемісін көретінін айтады. Жалпы, SpaceX компаниясы Starlink жобасын 2027 жылға дейін аяқтауды көздеп отыр.

Сондай-ақ Илон Маск келешекте Марсты игеруді көздейтінін қазірдің өзінде биік-биік мінберлерде айтып жүр. Оның жоспары бо­йынша адамзат Жерден тысқары, басқа планеталарда өмір сүретін күн алыс емес.

Жер мен Күннің қашықтығын алғаш өлшеген көне грек астрономы Аристархты, Андромеда галактикасы туралы егжей-тег­жей­лі жазып қалдырған ислам ғұламасы Әбду­рахман әс-Суфиді, ғарышты зерттеуге өл­шеусіз үлес қосқан Николай Коперник, Галилео Галилей, Иоганн Кеплер, Исаак Ньютон, Эйнштейн секілді ғалымдарды ғалам­ды зерттеуге қызығуында, Илон Масктар­дың бас­қа планетаға қоныс аударуға ұмты­луын­да ортақ бір нәрсе бар. Ол – адамзаттың болмысын түсіну арқылы ақыл иесінің жаңа даму саты­сына көтерілуіне жағдай жасау.

Осындай технология мен ғылым қанша дамып кетсе де, шартараптың бұрыш-бұрышында әлі күнге дейін ішер ас, киер киім таппай жүрген адамдар жетерлік. БҰҰ-ның есептеуі бойынша 700 миллионға жуық тұрғын күн сайын ашқұрсақ ұйықтайды екен. Таяу Шығыстың тынышы қашып, Африканың көптеген елінде басбұзарлар ойран-топан салып, Йеменде балалар аштықтан қырылып, Таулы Қарабақ секілді шиеленісті өңірлерде әскерлер бір-бірін аяусыз жайратып жатыр. Құдды әлем «қара құрдымға» кетіп бара жатқандай...

Осындайда адамзаттың басқа планетаны бағындыру, ғарышты игеру жоспарлары игіліктің бар екеніне сенім ұялатады. Бәлкім, күндердің бір күні Жер-Анадағы күрделі түйіннің бәрі тарқап, Марсқа масаттана баратын кез келер...