Аймақтар • 08 Қазан, 2020

Жедел жәрдемге – 22 көлік

173 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырауда қауіпті індет әлі де анықталып жатыр. Бұл медицина саласына барынша қолдау көрсетудің қажеттігін көрсетіп отыр. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметіне сүйенсек, осы саладағы басты түйін – білікті мамандардың жетіспеушілігі. Осыған орай биыл облыс әкімінің мектеп бітірген түлектерге берілетін гранты көбейтілді. Оның ішінде дәрігер мамандығын қалаған түлектерге 27 грант бөлінді. Олардың бәрі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде тегін білім алады. Сонымен бірге резидентурада білім жетілдіретіндерге тағы да 50 грант берілді.

Жедел жәрдемге – 22 көлік

 

Бірақ мұнымен саладағы қордаланған мәселенің бәрі толық шешіле қой­май­­ды. Сол себептен түйіндер бір­тін­деп тарқатылып жатыр. Соның дәле­лін­дей, өткен аптада облыстық меди­ци­на­лық жедел жәрдем стансасы шетел­дік 22 көлікпен толықты. Заманауи авто­көліктер науқасқа алғашқы көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жаб­дық­тармен толық қамтамасыз етіліпті. Жаңа көліктер екі санатқа бөлінген. «С» санатына жататын 13, «В»  санатындағы 9 «Хюндай Н350» маркалы медициналық жедел жәрдем көлігі «Жол картасы» аясында сатып алынып отыр. 

– Коронавируспен күрес кезінде дәрігерлеріміз қажыр-қайраты мен еселі еңбегін көрсетті. Бұл – ерлікке бергісіз еңбек. Пандемияның бірінші кезеңінен үлкен сабақ алдық. Кемшіліктің орнын толтырып, қауіпті індеттің екінші кезеңіне дайындықты тиянақтадық. Облыста дәрі-дәрмек пен құрал-жаб­дық­тар жеткілікті. Дәрігерлеріміз мол тәжіри­бе жинады. Денсаулық сақтау министр­лігінің қолдауымен өңірдің ден­са­улық саласы 22 медициналық жедел жәрдем көлігімен толығып отыр. Енді алдағы қарашада тағы да 18 меди­циналық жедел жәрдем көлігі жет­кізіледі. COVID-19 пандемиясы ұлт­тың саулығын сақтаудың маңызын арт­тыра түсті. Сондықтан біздің басты  мақсатымыз – денсаулық сала­сын дамыту, – дейді облыс әкімі М.Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, денсаулық сақтау саласына қолдау көрсету жалғаса береді. Келесі жылы республикалық бюджеттің есебінен қосымша 60 санитарлық автокөлікті сатып алу жоспарланыпты.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасында қауіпті індеттің ықтимал екінші толқынымен күреске байланысты арнайы штаб құрылды. Осыған орай басқарма басшысының орынбасары Асхан Байдуәлиев құрамына өңірдегі емдеу мекемелерінің басшылары енген штабтың алғашқы отырысын өткізіп, нақты жоспарды бекітті.

– Күн суытқан сайын вирустық жұқпалар өршиді. Сондықтан коронавирус инфекциясы тұмаумен бірге күшеюі мүмкін. Оның үстіне әлем елдерінде коронавирусты жұқтырғандар саны көбейіп отыр. Қауіпті індет өрши қалған тұста жан-жақты дайын болуымыз керек. Сол себептен дайындықты ширата түстік, – дейді А.Байдуәлиев.

Атырау қаласындағы №2 облыстық инфекциялық ауруханасының бөлім меңгерушісі Жантөре Орысбаеваның мәліметіне сүйенсек, наурыздан бері қауіпті індетті жұқтырған науқастардың 96,4 пайызы сауығып шықса, 3-4 пайызы көз жұмған.

– Қайғылы жағдайға ұрындырған бірнеше себеп бар. Біріншіден, науқастар қауіпті індеттің белгісі барын дәрігерге кешігіп хабарлаған. Екіншіден, науқастарда бұрыннан бар қосымша созылмалы ауруларының асқынуы себеп болды. Біздің ауруханадан, сондай-ақ коронавирус инфекциясымен 30 бала, 134 жүкті әйел емделіп шықты. Төрт әйелге шұғыл операция жасалды. Жүкті әйелдерді қосымша ауруларына байланысты эндокринолог, гематолог, кардио­лог секілді арнайы дәрігерлерден онлайн кеңес алу арқылы емдедік, – дейді Ж.Орысбаева.

 

Атырау облысы