13 Қараша, 2013

Екі мектеп құрылысы. Екі түрлі есеп

295 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл кімнен кеткен қателік?

Астана қаласына іргелес елді мекендерді дамытудың кешенді жоспары өңір өміріне елеулі серпін берді. Қазір мұнда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, оның өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы қуатты нысандар жұмыс істей бастады.

Айрықша аймақ әлеуметтік нысандарымен де түрлене түсуде. Қосшы ауылында заманауй тұрғын үйлер, Жібек жолы ауылында зәулім мектеп ғимараты бой көтерсе, биыл бес ауылда 4500 оқушыға арналған мектеп, үш ауылда балалар бақшасы, Ақмолда орталық аурухана құрылысы қарқын алған.

Бұл кімнен кеткен қателік?

Астана қаласына іргелес елді мекендерді дамытудың кешенді жоспары өңір өміріне елеулі серпін берді. Қазір мұнда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, оның өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы қуатты нысандар жұмыс істей бастады.

Айрықша аймақ әлеуметтік нысандарымен де түрлене түсуде. Қосшы ауылында заманауй тұрғын үйлер, Жібек жолы ауылында зәулім мектеп ғимараты бой көтерсе, биыл бес ауылда 4500 оқушыға арналған мектеп, үш ауылда балалар бақшасы, Ақмолда орталық аурухана құрылысы қарқын алған.Сондай-ақ, 1,5 миллиард теңге көлеміндегі жергілікті бюджет қаржысына Ақмол ауылының су тарту жүйелері қайта жаңғыртылып, 5 елді мекеннің көшелері жарықтандырылды. Қажымұқан, Қаражар ауылдарында медпункт­тер ашылып, таяу күндері тағы да үш балабақша жұмысқа қосылмақ. Бұл игіліктер ішкі көші-қон мәселелерін реттеу­ге, жұмыс орындарының көптеп ашылуына септігін тигізеді.

Дей тұрсақ та, мемлекеттің қаржы саясатында әр нәрсенің өз өлшемі, өз сұрауы болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің 2013 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындыларын талқылаған кеңейтілген мәжілісте осыған қаратып қатаң сындар айтты. «Қуаты да көлемі де бірдей екі нысанның бағасы екі түрлі болатынына неге шүбә келтірмейсіңдер? – деді Президент. – Мәселен, Ақмола облысында 1200 орындық мектеп дәл сондай 900 орындық мектептен 219 млн. теңгеге арзанға түскен». Осыған байланысты біз облыстағы құзырлы мекемелердің бәріне сұрау салып, алдымен білім басқармасының және құрылыс басқармасының басшылары Балым Ізбасаровамен, Михаил Косачевпен тілдескенбіз. Облыс әкімінің салалық орынбасары Ермек Маржықпаевтың қабылдауында болдық. Барлығы да ақпараттың қате берілгендігін, оған өздерінің қатысы жоқтығын алға тартады.

Тілшілер қосынына берілген дерек бойынша, 2011 жылы Целиноград ауданындағы Қоян­ды және Талапкер ауылдарында әрқайсысы 900 орындық екі мектеп құрылысын жүргізу жұмыс жоспарына енгізіледі. Кез келген іс жобалаудан басталатыны белгілі. Кілтипан да осы жерден басталғаны байқалады. 2009 жылы Көкшетаудағы «Дизайн Центр» ЖШС жасаған жоба бойынша Қоянды мектебінің толық сметалық құны 916,178 миллион теңгені құраса, Ас­та­на қаласындағы «Бизнес Альянс К» ЖШС-нің Талапкер мектебіне қатысты жобасының сметалық құны 1692,69 миллион теңгеге бағаланған. Яғни, мектептердің сыйымдылығы бірдей болғанымен, Талапкер мектебінің құны Қояндыдан 776,5 миллион теңгеге асып түскен.

Ақмола облысының әкімдігі аталған құрылыс нысандарын оңтайландыру және бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне және Білім және ғылым министрлігіне 2010 жылдың 23 желтоқсанында 05-12/2403 санды хат жолдайды. Онда Қоянды мектебінің жобасын Талапкер ауылындағы мектепке байлау (бекіту) ұсынылған. Агенттік пен министрлік тарапынан 2011 жылдың қаңтарында мұны мақұлдаған жауап алынады. Осының нәтижесінде мемлекеттік сараптама қайта жүргізіліп, Талапкер ауылындағы болашақ мектептің сметалық құны 531,9 миллион теңгеге төмендеген (бұрынғы жобаның құны 1692,7 млн. теңге болса, бекітілген жоба 1160,3 млн. теңге).

Аталған ауылдардың жаңа мектептері 2013 жылдың қаң­тарында пайдалануға берілді. Сон­дай-ақ, Қосшы кентінің балалары биылғы оқу жылын 1200 орындық мектепте бастап отыр. Оның мемлекеттік сараптама бекіткен сметалық құны – 1433,9 миллион теңге. Былайша айтқанда, Талапкер мектебінің іске асырылған жоба құны одан 259 миллион теңгеге арзан. Үкіметтің кеңейтілген мәжілісіндегі дерек Талапкер ауылындағы мектепке қатысты алғашқы жоба (1692,69 млн. теңге) негізінде келтірілуі мүмкін. Осы фактінің өзі атқарушы мемлекеттік органдардың іске тиянақсыздығы мен жауапсыздығын алға тартады. «Қырсыздық Қырым асырады» дейді халқымыз.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.

Соңғы жаңалықтар

Күшті үйлестіру – озық тәжірибе

Аймақтар • Бүгін, 22:56