Себебі белгілі, салдары қандай болмақ?
Қойнауы табиғи байлыққа, әсіресе, «қара алтынға» толы Қазақстанда жанармай бағасының қымбаттауы ақылға сыйымсыздау көрінеді. Бірақ дәл қазір жанармай бағасының көтерілгеніне куә болған соң, бұған қалай сенбессің? Ал бағаның көтерілу астарына үңілгенде, мұның бірнеше себебіне тоқталуға болады.
Алдымен, бұған әлемдік нарықта «Brent» маркалы мұнай бағасының қымбаттауы әсер еткендігін алға тартушылар көп. Әрине, нарықтың аты – нарық, әлемде мұнай бағасы бірде өсіп тұрса, енді бірде күрт төмендеп, сан құбылып тұрады.
Мәселен, биылғы тамызда «Brent» маркалы мұнайдың баррелі 109 долларды құраса, қыркүйекте бұл баға 113,86 долларға бір-ақ секірді.
Себебі белгілі, салдары қандай болмақ?
Қойнауы табиғи байлыққа, әсіресе, «қара алтынға» толы Қазақстанда жанармай бағасының қымбаттауы ақылға сыйымсыздау көрінеді. Бірақ дәл қазір жанармай бағасының көтерілгеніне куә болған соң, бұған қалай сенбессің? Ал бағаның көтерілу астарына үңілгенде, мұның бірнеше себебіне тоқталуға болады.
Алдымен, бұған әлемдік нарықта «Brent» маркалы мұнай бағасының қымбаттауы әсер еткендігін алға тартушылар көп. Әрине, нарықтың аты – нарық, әлемде мұнай бағасы бірде өсіп тұрса, енді бірде күрт төмендеп, сан құбылып тұрады.
Мәселен, биылғы тамызда «Brent» маркалы мұнайдың баррелі 109 долларды құраса, қыркүйекте бұл баға 113,86 долларға бір-ақ секірді. Мұнай баррелінің әлемдегі осы бағамы Қазақстанның ішкі нарығындағы жанармай бағасының қымбаттауына басты себептің біріне айналды. Осыған орай, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаев «АИ-92 мен АИ-93 бензинінің бағасы 110 теңгеден 117 теңгеге дейін өседі» деп мәлім етіп еді.
Біздегі жанармай құнының қымбаттауының және бір себебін Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин айтқан еді. «Қазақстан Ресейден жоғары октанды бензинді белгілі мөлшерде ұдайы импорттап отыратыны белгілі. Себебі, біздегі зауыттар ішкі нарықты бензиннің мұндай түрлерімен қамтамасыз ете алмайды. Омбы, Уфадағы ірі зауыттарға жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Осыған орай, Ресейден әкелінетін мұндай өнімдердің мөлшері азаяды. Бұл уақытша құбылыс, бұл жайт Қазақстандағы бензин бағасына әсер ететін болады. Бірақ 5-7 пайыздан аспайды деп болжап отырмыз» деуінен аңғаруға болады. Министрдің мәліметінше, Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарынан Қазақстан сатып алатын жоғары октанды бензиннің көлемі жыл сайын 800-900 мың тоннаны құрайды екен.
Елбасы Қазақстанды шикізаттық елден өнім өңдеуші елге айналдыру, импорттан гөрі экспортқа көбірек мән беру қажеттігін ұдайы айтып келеді. Осы тұрғыдан айтқанда, «Көршілес Ресейден жоғары октанды бензин сатып алатындай өзімізде мұнай өңдейтін зауыт жоқ па еді?» деген сауал туындайды. Әрине, бар. Бір емес, мұнай өңдейтін үш зауытымызда өңделетін мұнай көлемін де аз дей алмайсың. Басқаша айтқанда, үш зауыттың мұнай өңдеу қуаты жылына 19,4 миллион тоннаны құрайды. Ал, өндірілетін мұнайдың көлемі бұдан бірнеше еселеп артып келеді. Үш зауытта бір жылда осынша мол көлемде мұнай өңделсе де ішкі нарықты жоғары октанды бензинмен қамтамасыз етуге қауқарсыз болып шықты ма? Әлде біздің елімізде шығарылатын жанармай сапасы төмен бе еді? Олай деуге негіз жоқтай көрінеді. Өйткені, біздегі «қара алтын» өңдейтін ең ірі кәсіпорынның бастауындағы Атырау мұнай өңдеу зауытында қайта жаңғырту жобасы іске асырылғанына әлі он жыл тола қойған жоқ. Атыраудағы зауытты кезең-кезеңмен қайта жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасын тауып жатыр.
Бірақ, Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының қайта жарақтандырылуы біздегі жанармай бағасының тұрақтануына әзірге әсер етпейтіндей сыңайы бар. Себебі, біз ішкі нарықты жоғары октанды бензинмен қамту үшін оны Ресейден сатып алу мәжбүрлігінен арылар емеспіз. Бұған қоса біздегі жанармай құнын Кедендік одақ құрамындағы елдердегі бензин бағасымен теңестіру көзделіп отырғаны байқалатындай. Олай болса, біздегі жанармай бағасы 169,6 теңгеге дейін жетуі ғажап емес. Бұл бағаны әрине, жанармайды тұтынушыға өткізу құнының шарықтау шегі деуге тағы болмайды. Өйткені, Кедендік одақ құрамындағы елдерде де жанармай бағасы қымбаттамайды деп ешкім болжай алмайды.
Әрине, Қазақстан әлемдегі мұнай өндіретін, оны экспортқа шығаратын жалғыз мемлекет емес. Әлемнің өзге елдерінде де «қара алтын» өндіріледі, шикізат күйінде экспортқа да шығарылады. Бірақ, бірде-бір ел әлемдік мұнай бағасының өсуімен жанармай құнын көтеріп жатырмыз, деп жар салғаны туралы ақпарат естілмейді. Және бір таңданарлығы, біздегі жанармайдың арзандауы мұнай бағасының төмендеуімен байланыстырылған емес. Әсіресе, жанармай нарығындағы саудалаушылар бұған бас қатырғысы келмейтін секілді. Керісінше, қалайда бір себебін тауып, бағаны көтеріп қалуға тырысады.
Осыған байланысты мынадай дәлелді көлденең тартуға болады. Біздегі жанармайдың бағасы 2011 жылдан дәл қазірге дейін 20 пайыздай мөлшерде қымбаттады. Мәселен, сол жылы жанармайдың АИ-92 және АИ-93 маркалы түрлерінің бір литрі 106 теңгеден сатылып келді. Ал АИ-80 жанармайының литрі 86 теңге болса, дизель отыны 90 теңгеден тұтынушыға ұсынылған. Алайда, арада бір жыл өткенде, жанармайдың АИ-92 түрі және дизель отыны 4 теңгеге қымбаттап, тиісінше бір литрі 110 және 94 теңгені құрады. Тек АИ-80 бензинінің бір литріне 3 теңге қосылып, 89 теңгеден сатылған. Алайда, жанармайды осынау шектеулі бағадан да қымбатырақ сатуға талпынушылар табылып жатады. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің заңнаманың сақталуын бақылау және талап қою жұмысы бөлімінің бас маманы Әсел Адиеваның ұсынған мәліметіне қарағанда, департаментке түскен ақпараттар бойынша жүргізілген талдау барысында «Нұрсафиева Гульнар» ЖК және «Аз-Зикр» ЖШС жанар-жағармай материалдарын бөлшек саудада «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» заңды бұзу арқылы өткізгені анықталды.
Заңды өрескел бұзу әрекетіне орай агенттіктің Атырау облысы бойынша департаменті «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 147-12-бабының 1-бөлімімен қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін «Нұрсафиева Гульнар» ЖК мен «Аз-Зикр» ЖШС-не қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде іс қозғаған. Құқық бұзушылық фактілері бойынша материалдар шешім қабылдау және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданыпты. Биылғы 9 қыркүйекте Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты тұлғаларды кінәлі деп тану және көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті құрайтын, жалпы сомасы 693 240 теңгелік әкімшілік айыппұл салу түрінде жаза қолдану туралы шешім қабылданды. Бұл әрине, мұнай өнімдерін өткізушілер үшін сабақ алатындай шешім екені даусыз.
Енді, міне, жанармай түрлерінің бәріне 5-7 пайыз деңгейінде үстеме баға қосу іске асырыла бастады. Осы айтқанымыздың дәлеліндей, дәл бұл күндері Атыраудағы көлік жүргізушілеріне жанармай сататын стансалардағы ең өтімді АИ-92 маркалы жанармайдың литріне 115 теңгеден төлеуге тура келіп тұр. Демек, жанармайдың осы түрі бұрынғыдан 5 теңгеге қымбаттады. Ал АИ-95 маркалы жанармайдың бір литрі Атырау қаласындағы «ҚазМұнайГаз» жанармай құю стансаларында 136 теңгеден сатылуда. Жүргізушілер дизель отыны үшін 102 теңгеден төлеуге мәжбүр. Жанармай да вирусты гепатит секілді, өзімен бірге өзге тауарлар мен қызметтердің, соның ішінде, азық-түлік бағасының көтерілуіне әсер етеді. Осыған дәлел ретінде қала базарларындағы жұмыртқа бағасында өзгерістің барлығы байқалғанын айта аламыз. Осы кезге дейін бір жұмыртқа 20 теңгеден сатылған болса, енді кейбір сауда нүктелерінде 32 теңгеге бір-ақ секірді. Арадағы айырма бағамының 12 теңге болуы тұтынушы қалтасына ауырлау соғатыны сөзсіз. Бағаның көтерілуі азық-түлікпен бірге, қызмет көрсету түрлерінде де аңғарылып тұр. Мұндайда көрсеткен қызметінің сапасына қарамастан такси жүргізушілері бағаны алдымен өсіруге бейім тұрады.
Қалай айтқанда да, еліміздің әр өңірінде жанармайдың қымбаттауымен өзге тауарлар мен қызметтер бағасының да көтерілгендігі айтылып жатыр. Баға тек жұмыртқаның бәсіне ғана әсер етпес. Бір өңірде нан бағасы өсіп жатыр. Енді бірінде халық күнделікті тұтынатын тағамдардың бағасы өсті. Бірақ нақты қанша пайызға көтерілетіні әзірге белгісіздеу. Құрыққа көнбес шуу асаудай өрге шапшығалы тұрған баға ырыққа көне ме, жоқ па?.. Бұл тұтынушы қалтасына қаншалықты қиынға соғады? Уақыт өте келе бағаны көтерудің салдары қаншалықты болатыны байқала бастамақ...
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы