«Егемен Қазақстан» газетінің 2013 жылғы 5 қараша күнгі санында Жоғарғы Сот судьясы Әділ Құрықбаевтың «Сот ісін жүргізудегі олқылықтар мемлекеттік тілдің адымын аштырмай отыр» деген мақаласы жарық көрді. Мақалада Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасында іс жүргізу заңнамаларындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен дамытуға кедергі келтіріп келген қайшылықтардың жойылмағандығын, ескі кодекстердегі заң нормаларының сол қайшылықты күйінде қайта ұсынылып отырғанына алаңдаушылық білдірілген.
«Егемен Қазақстан» газетінің 2013 жылғы 5 қараша күнгі санында Жоғарғы Сот судьясы Әділ Құрықбаевтың «Сот ісін жүргізудегі олқылықтар мемлекеттік тілдің адымын аштырмай отыр» деген мақаласы жарық көрді. Мақалада Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасында іс жүргізу заңнамаларындағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен дамытуға кедергі келтіріп келген қайшылықтардың жойылмағандығын, ескі кодекстердегі заң нормаларының сол қайшылықты күйінде қайта ұсынылып отырғанына алаңдаушылық білдірілген.
«Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 30-бабына, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасында қылмыстық және азаматтық сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ал қажет болған жағдайда мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі және басқа тілдер қолданылады» делінген дей келіп, «Аталған баптардың бірінші бөлігі сот ісі мемлекеттік тілде жүргізілетіндігін көрсетсе, екінші бөлігі бірінші бөліктің маңызын жоятын нормалардан тұрады» деп ашығын айтқан. Мұнан әрі мақала авторы: «...аталған баптың екінші бөлігінде қылмыстық істі жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе өзге тілде жүргізу қажет болған жағдайда сот ісін жүргізу тілі туралы дәлелді қаулы шығарады деп көрсетілген норма бірінші бөлігіндегі сот ісінің мемлекеттік тілде жүргізілетіні туралы нормасын басқаша түсіндіруге әкеліп соғады. Себебі, осы екінші бөлімдегі нормалар арқылы заң шығарушы орган сот ісін жүргізу тілін процесті жүргізуші органның таңдауына берген. Бұдан туатын қорытынды: Заңның өзі сот ісін орыс тілінде жүргізуге жол ашып тұр. Қажет жағдайда қолданылатын орыс тілін кез келген тергеуші өзінің қаулысымен сот ісін жүргізетін тілге айналдырып жібере алады. Бұл қылмыстық процестерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге ықпал ете алады деп айту қиын» дейді судья.
Іс жүргізу заңнамасында мемлекеттік тілге қатысты осындай елеулі ішкі қайшылық бола тұрса да және ол жылдар бойы сот ісін жүргізудегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын аяқтан шалып келе жатса да Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасын жасаушылар мәселеге көздерін жұма қарап, жаңа жобада ескі қателікті қайта ұсынып отырғанына алаңдаушылық білдірген. «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2025 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс», деп нақты атап көрсетті. Демек, мемлекеттік тілді дамытудың жолын көрсетті. Алайда, Елбасымыздың осы тапсырмасын және қазір елімізде демографиялық жағдайымыз түзеліп, мемлекетті құраушы ұлттың саны 70 пайызға көтерілгенін, мемлекеттік тілдің қолдану аясы күннен-күнге кеңейіп, мәртебесі көтеріліп, толыққанды тілге айнала бастағанын қылмыстық істер жүргізу кодексінің жобасын дайындап жатқан Бас Прокуратура ескермеген» деп түйіндейді тіл жанашыры мақаласында.
Біз, әзірленіп жатқан жаңа іс жүргізу заңнамаларынан зор үміт күтіп, елдің болашағын да сол заңдармен байланыстырып отырғанда заң жобасын әзірлеуші Бас Прокуратураның мына сорақылығы төбемізден жай түсіргендей болып отыр. Егер заң жасақтау міндеті жүктелген мемлекеттік орган Елбасының тапсырмасын ескермесе, бұрынғы заңдардағы олқылықтарды түзетіп, қоғамдық дамудың қазіргі жағдайына және таяу болашақтағы болжамдарына лайықтап жазбаса оған осындай маңызды міндет қалайша сеніп тапсырылады. Соның ішінде айта-айта ауыр, жаза-жаза жауыр болып, ұлтжанды азаматтардың діңкесін құртқан мемлекеттік тілге қатысты заңдағы олқылықтарды нағыз сәті енді келіп тұрғанда, қолайлы мүмкіндіктен тағы қағып тастасақ, сорақылықтың көкесі сол болмай ма?
Мағыналы мақаласы арқылы мәселенің мәнісін жұртшылыққа жеткізе ұғындырып, дер кезінде үн көтерген, аса мәртебелі Жоғарғы Сот судьясы Ә.Құрықбаев мырзаға ризашылығымызды білдіре отырып, мақалада көтерілген мәселені аяқсыз қалдырмауды, әзірленіп жатқан заң жобаларына мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен дамытуға қатысты жан-жақты ойластырылған пәрменді баптар енгізуді сұрар едік.
«Ет бұзылса тұз себер, тұз бұзылса не себер?» дейді халқымыз. Тіл заңын, сол заңды сақтауды мемлекеттік дәрежеде қамтамасыз етуді және заңдылықтың бұзылмауын қадағалаушы органның өзі сақтамай отырғаны қалай?
Заң жобасын мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде әзірлеп мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесін көрнеу таптаған. Елдігіміздің басты атрибуттарының бірі мемлекет құраушы ұлттың тілін елемеуі және қажетсіздікке шығаруы арқылы тәуелсіздік алғанына жиырма жылдан асып, өркениет керуеніне көшін қоса бастаған елдігімізге ашық күмән туғызып отыр дер едік. «...ғаламторда жүрген қылмыстық іс істер жүргізу, Қылмыстық және Қылмыстық атқару кодекстерінің жаңа жобаларының әлі мемлекеттік тілдегі мәтіні жоқ екенін айтқан жөн. Жобалардың авторлары оларды мемлекеттік тілге аударуды да, мемлекеттік тілде талқылауды да, жөн көрмеген» дейді мақала авторы. Бұған енді төзуге болмайды. Заң жобасын жасаушылардың қазақ тілін ғана емес, қазақ ұлтын да сыйламай, заңның орыс тіліндегі нұсқасын ғана бұқараның талқысына ұсынып отырғандығы намысқа тиетін жағдай.
Айтылып жатқан сындардан кейін заң жобасын жасаушы жақ жөпелдемде жобаны қазақ тіліне аударар да, Парламентке қос тілдегі нұсқасын апарар да. Бірақ онымен тілге қатысты күрмеу шешіледі дей алмаймыз. Аударма ешқашан түпнұсқа бола алмайды және қазақ менталитетін қалай болғанда да екінші сатыға ығыстырып тұрады. Сондықтан заң шығару ісіне қазақ тілінде жазуға қабілетті және ұлт намысын – ел намысы деп сезінетін азаматтарды кеңінен тарту қажет.
Аманкелді ШАХИН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Батыс Қазақстан облысы.