Оңтүстік Қазақстан • 08 Қазан, 2020

Шымкентте жылына 750 млн алюминиялық банкі өндірілетін болады

392 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2020 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі "KazAlPack" компаниясының жеңіл металдардан (алюминиялық банкі) жасалған қаптама өндіру бойынша Орталық Азиядағы тұңғыш зауыт құрылысының капсуласын салды, деп хабарлайды Egemen.kz 

Шымкентте жылына 750 млн алюминиялық банкі өндірілетін болады

Жоба 23,4 млрд. теңге инвестиция мөлшерімен "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда.

Жылына көлемі 450 мл болатын 750 млн алюминиялық банкілерді және сусындар үшін қақпақтарды өндіру жоспарлануда. Жобада осындай жабдықты өндірудегі әлемдік көшбасшы – "Stolle Machinery" (АҚШ) компаниясының ең заманауи технологиясы қолданылатын болады.

Зауыт өнімі импортты алмастыратын өнім болып табылады және отандық тамақ өнеркәсібінің алюминиелік банкіге қажеттілігін 75%-ын жабуға мүмкіндік береді. Шығарылатын жалпы көлемнің 10% өнімін экспорттау болжануда.

Ауданы 22 мың шаршы метр болатын зауытта ұзындығы 800 метр өндірістік желі орналастырылады, ол 13 өндірістік операциялардан және бірқатар сапаны тексеру жүйелерінен тұрады.

Жобада толық автоматтандырылған жүйелерді және өлшем жабдықтарын қолдану қарастырылған, осының арқасында өндірістік желінің жылдамдығы секундына 50 банкі және қақпақты немесе минутына 3000 дананы құрайды.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов кәсіпорындарды өзіміздің шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында компания басшылығына отандық металл өндірушілерді қолданумен алюминий прокатының өндірісін игеруді ұсынды.

Өндірісті 170 жұмыс орнын құрумен 2021 жылдың аяғында іске қосу жоспарланып отыр.