«ҚазАгро» холдингі елдің аграрлық әлеуетін арттыруда
Ресей, Беларусь және Қазақстан арасындағы Кеден одағының соңғы үш жылдан бері отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің алдына көп мәселе жүктеп келе жатқаны жасырын емес. Статистикаға сенсек, өткен 2012 жылдың қорытындысы бойынша елімізге сырттан импортталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы құны 3,7 миллиард долларды құрапты. Әрине, бұл жайтқа бейқам қарап отыруға болмайды. Кезінде жер жүзіндегі ең іргелі аграрлық мемлекеттердің бірі болсақ, бұл заманда бәсекеге төтеп беру үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан адуынды демеу мен қомақты көмек керек.
«ҚазАгро» холдингі елдің аграрлық әлеуетін арттыруда
Ресей, Беларусь және Қазақстан арасындағы Кеден одағының соңғы үш жылдан бері отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің алдына көп мәселе жүктеп келе жатқаны жасырын емес. Статистикаға сенсек, өткен 2012 жылдың қорытындысы бойынша елімізге сырттан импортталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы құны 3,7 миллиард долларды құрапты. Әрине, бұл жайтқа бейқам қарап отыруға болмайды. Кезінде жер жүзіндегі ең іргелі аграрлық мемлекеттердің бірі болсақ, бұл заманда бәсекеге төтеп беру үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан адуынды демеу мен қомақты көмек керек.
Осыған орай, Елбасының тапсырмасымен биыл ел Үкіметі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жаңа салалық бағдарлама – «Агробизнес-2020» жоспарын қабылдаған болатын. Аталған салалық бағдарлама қабылданғалы отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған бірқатар кешенді шаралар жоспарланды. Шыны керек, агроөнеркәсіп кешеніндегі отандық бизнестің бәсекелестігі де, табыстылығы да төмен, ал тәуекелі тым жоғары.
Күні кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев осы ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерліктің жай-жапсары мен Алматы қаласының азық-түлік белдеуін нығайту жөніндегі тапсырмалардың орындалуы барысын бақылау мақсатында жұмыс сапарымен Алматыға атбасын бұрып келді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары алдымен елімізде 2011 жылы құрылып, содан бері аграрлық сала бойынша шағын және орта кәсіпкерлікке жан-жақты қаржылық қолдау көрсетіп келе жатқан «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің басшылығымен кездесті. Дәлірек айтқанда, осы холдинг тарапынан бөлінген инвестициялардың тиімділігін, холдингтен көмек алған өндірістік нысандардың жұмысын көзімен көрді.
Айта кетсек, дәл қазір «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің инвестициялық портфелінде жалпы құны 228,1 миллиард теңгені құрайтын 320 жоба бар екен. Олардың құрылысы мен іске қосылуы нәтижесінде 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Оның ішіндегі ең ірілері – қала іргесіндегі Чапаев ауылында орналасқан «Алатау Құс» ЖШС-нің фабрикасы мен Қапшағай қаласының жанынан салынған «Green Land Alatau» ЖШС-нің жылыжай кешені.
Толықтай голландиялық технологиямен жүзеге асырылған бұл жылыжай кешені қазір 4,5 гектар жерді алып жатыр. Оның 2,5 гектарында қиярдың екі түрі, қалған екі гектарында қызанақтың екі түрі өсірілуде. Алдағы уақытта «ҚазАгро» холдингінің қолдауымен тағы 5 гектар алқапқа екінші жылыжай салу жоспарланған екен. Мұндағы бас инженер-маман Олег Садовскийдің айтуынша, қараша айынан бастап мамырға дейін созылатын бір маусымда жылыжайдан күніне шамамен 8 тонна қияр, 5 тоннаға жуық қызанақ алынады. Жылыжай ел базарлары мен дүкендерінде қияр мен қызанақтың сұранысы жоғары деген түрлерін өсіреді әрі бағасын да нарықтағы бағадан асырмайды екен. Алайда, топырақсыз өсірілетін бұл технология тым күрделі, өзгесін айтпағанда, өсімдікті суғаратын судың өзі осмоспен және ультракүлгін сәулемен тазартылады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бұл жылыжайға мемлекет есебінен трансформаторлық қосалқы станса салып беріліпті. Қазір «ҚазАгро» дәл осындай лизингтік несие бойынша еліміздің бірнеше қаласында технологиялар әртүрлі болып келетін бірқатар жылыжайлардың ашылуына қаражат бөліп отыр.
– Қазір отандық өнім өндірушілерге деген мемлекеттің қолдауы күшейді. Қарап тұрсаңыз, Қытай мен Ташкенттен, қырғыз бен алыс шетелден, қала берді, кедендік одақтастарымыздан жеткізілген өнімдердің сапасы біздікінен төмен. Бағасы шамалас бола тұра, халық өзіміздікіне емес, өзгенікіне жүгіреді. Өкінішті әрине, бұл өз тұтынушыларымыздың өз өнімдеріміз жайында хабарсыз екенін білдіреді. Біз өндіретін көкөніс өнімдері қала нарығының 7 пайызын ғана құрайды, сол себепті тура осындай тағы 3-4 жылыжай салынуы қажет, – дейді жылыжайдың бас инженері О.Садовский.
Жалпы, жылыжайлар құрылысы бойынша «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі жалпы құны 28,7 миллиард теңгеден асатын 33 жобаны қаржыландыруда. Жоспарға сай, олардың жалпы қуаты жылына 43,5 тонна көкөніс өндіруге мүмкіндік беруі тиіс.
Бақытжан Сағынтаев «ҚазАгро» холдингінің тағы бір ірі жобасы – «Алатау Құс» ЖШС-нің жайымен де танысты. Құс етінен бөлек, тауықтан жасалған шұжық өнімдерінің 40-тан астам түрін өндіретін бұл кәсіпорын былтырғы жылды табыссыз аяқтаса, биыл пайда көргелі отыр екен. Мұндағы тағы бір басты қиындық – жем мәселесіне келіп тірелетініне Б.Сағынтаевтың өзі де көз жеткізді.
– Кеден одағы аясында тауық еті де сырттан көп келеді. Сырттан келетін тауық етінің 25-30 пайызы ет емес, су болса да, оның құрамында зиянды қоспалар болса да – бұл бәсекеде өз фабрикаларымыз ұтылып қалуы мүмкін. Иә, Алматы облысының табиғаты, жерінің бабы ет өсіруге жарап-ақ тұр, енді бізге «ҚазАгро» холдингі ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту кажет.
Кезінде «Алматы қаласының азық-түлік белдеуі» атты бағдарлама қабылданғаны тегін емес, қазір мұнда саны 2 миллион адамға жетеқабыл халық тұрады. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өткір тұр. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға «ҚазАгро» холдингі қосылғалы жақсы жобалар қолға алынып, олар сәтті жұмыс істеп келеді. «Алатау Құс» фабрикасының жұмысы көңілден шығады, бірақ жемшөптік базаның қамтамасыз етілмегеніне байланысты шығатын өнім құнының 70 пайызға жуығы жемге жұмсалады екен. Осы орайда, біз ауыл шаруашылығындағы өндіріс орындарын қосымша субсидиялау мәселесін ойластыруымыз керек. Қазір ол 10 пайызға субсидияланады екен. Салыстыру үшін айта кетейін, Белоруссияда бұл көрсеткіш жаңылмасам, 18 пайызға тең. Егер бізге бұл да жеткіліксіз болса, біз «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында қосымша қаражат береміз. Өйтпесек шетелдік өнімдерден ұтылып қаламыз, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Ал «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі АҚ басқарма төрағасы Дулат Айтжанов жақын арада жемшөп өндірісі мен жайылымдық алқаптарды дамытуға бағытталған тағы бірқатар жобалар іске қосылатынын жеткізді. Жемшөп өндірісі бойынша қазір «ҚазАгро» холдингі жалпы құны 3,6 миллиард теңгеге шығатын 18 жобаны мақұлдаса, 11,7 миллиард теңгені жайылымдық алаңдардың әлеуетін арттыратын 8 жобаға жұмсағалы отыр.
Айдын ОЛЖАЕВ.
АЛМАТЫ.