Аймақтар • 08 Қазан, 2020

Қызылордада жылу беру жоспардан ерте басталмақ

358 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл жылу беру жылдағыдан 5 күн ерте басталмақ. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев хабарлады.

Қызылордада жылу беру жоспардан ерте басталмақ

"Жылу беру арнайы қағидаға сәйкес бес тәулік бойы сыртқы ауаның орташа температурасы +80С және одан төмен болған жағдайда басталу қажет. Осы кезге дейін бұл кезең тәжірибе көрсеткендей қазан айының 15-не тура келіп жүрді. Биыл ауа температурасының күрт төмендеп кетуіне байланысты қала әкімінің 1 қазандағы шешімінің негізінде жылу қазан айының 10 күні беріледі", - деді ол.

Жылу беру жұмыстарының жүргізілуі және көпқабатты тұрғын үйлер мен инженерлік жүйелердің әзірлігі туралы мәлімдеген қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев барлық нысандар жылу маусымына қосылуға толығымен дайын екенін жеткізді. Биылғы маусымда облыс орталығына шамамен 37800 тонна көмір қажет. Қордағы көмір қыстан шығуға толық жетеді.

Өз кезегінде "Қызылорда жылу электрорталығы" мекемесінің директоры Наурыз Сатханов жылу орталықтарының дайындығы туралы хабарлама жасап, жылу беру маусымына  әзірлік жұмыстары бекітіліген кестеге сәйкес  жүргізіліп, уақытылы аяқталғанын баяндады.

Айта кетейік, облыс орталығында  барлығы 815 көп қабатты тұрғын үй бар, оның 757 орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, 58  үй жеке жылу көздерінен жылытылады.