Бәріміздің де бір-бір «Есбай тігіміз» бар, «Есбай тігіне» шыққан да бар, шықпаған да бар. Жұмабай Шаштайұлының «Есбай тігі» атты әңгімесін оқығанда осы ой миыңды еріксіз үйектейді. Түйсігіңе түйнектей түйілген әлдене ішіңді қылпылдатып та қояды. Жазушы әркім-әркімнің басында болатын өмір атты сюжеттің бір кезеңінен, тура қарауға жүзің тайсақтайтын осындай бір образды көрініс туындатыпты.
Замандасымыздың осы әңгімесін ұлы жазушыларымыздың ханталапайына салып кеп жіберуге де болады. Әуезовтің алғашқы әңгімелеріндей ел суреттерінің жалғасы, бәлкім соңы да шығар. Оралхан Бөкейдің романтикасының қатал реализмге айнала бастаған түрі де болар. Мұхтар Мағауиннің шығармаларындағыдай шымыр намыс та шымыр-шымыр қан жүгіртіп тұрғандай көрінер.
Бұл әңгімедегі психологиялық иірімдерді талдау үшін қолтаңбадан адамның мінез-құлқын білетін графологтар сияқты жұмыс істеуге тура келеді. Өйткені автордың мұның алдында биік мінберден қандай сынға ұшырағанын ойламайын десең де ойлайсың. «Қызыл қар» атты хикаясында өмірдің көлеңкелі жақтарын жазғаны үшін республикадағы бірінші басшының баяндамасына ілікті.
Бірақ одан кейін жақсы өмірді жазып ақталған жоқ. Қайта адамдардың басындағы сүреңсіз өмір, көңілсіз көріністер бір шығармасынан екінші шығармасына көше берді. Бір ғана тапқан амалы, ол соның бәрін отбасылық кикілжіңдермен жасырып-жауып көрсетіп отырды. Адамдардың ішкі қарсылығын басқа бір нәрсемен бүркемелеудің жақсы әдісін тауып алды.
«Қызыл қардан» кейінгі хикаятының кейіпкерін Аспанқорамен алыстырып қойды. Ол шынымен Аспанқора ма, әлде символдық бейне ме? Аспанқораны ата-баба жері, малға жайлы деп жақсы көреді. Тіпті қиналса сол Аспанқораның бір биігіне шығып мұңын шағады.
Алайда Аспанқора бәрібір оған ішін бермеді. Сыртқы сұлулығымен арбаса, ішкі қасіретімен азап шектірді. Ел «Етекке көш» деді, ол көшпеді. Аспанқораның басын мекендеп, етегінен су тасумен өмірі өтті. Ақырында сол Аспанқораның етегінен басына азаптанып түйемен ауызсу тасып жүріп қазаға ұшырады. Бұл шығарманы осылай да талдауға болады.
Одан кейінгі «Есбай тігі» де осы ізбен талдап шығуға сұранып тұр. Мұнда да кейіпкер қартайған шағында қатын-баланың қақ-соғына ұшырайды. Соған ашуланып үйден түзге безгенде одан да асқан қорлықтың үстінен түседі. Әрине, намысы болмаса қорлық емес, намысы болған соң қорлық. Осыны шетінен автормен бірге баяндап көрейік.
Мысалы: «Көкпарды ортаға алған аналар тіпті жайбарақат. Алдарын орап келіп тосып тұрған Есбайды кісі деп елер емес. Жайшылықтағыдай әңгіме базарын құрып, қарқ-қарқ күле ме, Есбай қанша құлағын түріп тыңдағанымен сөздерін түсіне алмай дал болды. Көзі жөнді көрмей, құлағы шала естіп қалғалы осындай мәңгірген кейпін жұрт мүсіркейтін сияқты сезілетін. Мыналар да сүйтпесе қайтсін» дегенде, біраз оқырман өзін сол кейіпкердің орнында көреді.
Себебі біздің өмірімізде кешегі Кеңес заманынан бері намысқа тиетін нәрселер аз болған жоқ. Екінші сортты халық, екінші сортты ұлт, екінші сортты адам деген психология күштеп таңылды. Осы комплекс бойын құрсаған кейіпкердің ашынуы емес, ашылуының өзі наразылық болып танылады. Шындығында онда біреуді мұқатсам деген емес, өзін дәлелдесем деген ой ғана бар.
Содан кейінгі: «Шот маңдайының әжім қатпарлары жиырыла түсіп, ұсқыны қашқан нобайымен аналардың көзіне қораш көрініп тұрғанын білді. Қапелімде мыналардың Қайназардағы шешен жігіттер екенін байқады. «Бір қора қазақ жігіттерінен жырылып шыққан бұлардың есіретін жөні де бар» деген жолдардан да өзгенің емес, өз ішін қазған адамның болмысын көресіз.
Соған жалғасқан: «Кенет Есбайға бір өр, бір ылди, ойқы-шойқы жердің киесі бардай көрінді. «Уа, Қарасай! Аруақ! Сақалымның ағында, өлерімнің шағында бір іске барғалы тұрмын. Жебей гөр!» деді. Көзінен ытып-ытып шыққан жасын елеместен, жаңағылардың соңынан құйындатып шапты» деген жолдардағы аруақ пен жер оны қолтығынан демейтін бірі мифтік, бірі мистикалық күштер секілді елестейді.
Жоғарыдағыдай сыннан кейін осы жолдарды жазу үшін автордың өзіне де қандай рух керек болғанын ішіміз сезеді. Әдебиет теориясындағы автор кейіпкер әрекетіне араласпасын деген сөз шепті беріп қойсын деген сөз емес. Егер автор намыстың адамы болмаса, ел ішіндегі намыссыздықты бұлайша суреттемес еді. Алдарында тұрған адамды кісі екен деп елемеудің қандай қорлық екенін көрсетудің астарынан да біраз нәрсе ұғуға болады. Жайшылықта «бір қора адам» деп қолданыла беретін сөз тіркесінің, «бір қора қазақ жігіті» деп жаңа мәнде қолданылуы да жайдан-жай емес.
Эмоциясы күшті осы тіркестің астарында «бұлардың намысы қайда кеткен» деген күйініш жатыр. Көкпар да болса солардың бәрінің намысы көзі көруден, құлағы естуден қала бастаған шалға тіреліп тұрғанына не дерсіз. Бақсаңыз бұл азат жолдағы эпизод тұтасымен шендестіруге құрылған екен де, сонысымен эмоциялық әсері күшейе түсіп отыр екен.
«Сені тұлпардың басы деп кім айтар, мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтар» деген де сөз бар еді. Ұсқыны қашқан нобайымен аналардың көзіне қораш көрініп тұрған қарттың бейнесі де шендестірудің классикалық үлгісіне жатса керек. Бұдан кейінгі әрқайсы жеке-жеке азат жолға ие болатындай екпінді тіркестерден де қалам қуаты айқын білінеді.
Оқиғаны қызықты етіп әңгімелейді, болып жатқан жайттарды жұп-жұмыр қылып суреттейді, ойды іркетін басы артық сөздерге бармайды. Көкпарды алып та тартады, шалып та тартады, бірақ Жұмабай Шаштайұлы жазғандай әдіс-айласын тауып та тартқанды бірінші рет оқыдық. Оқырманды ынтықтырмай, одан да бір кең үзінді беріп қойғанның артығы жоқ шығар.
«Үзеңгіліктен жоғары қылтиып шыққан серкештің алдыңғы сирағына қолы ілікті. Ары-бері жұлқып көрді, қозғалмады. Мына жазған өзінің тақымының мықтылығына сенеді екен деп түйді. Қалған екеуі бұл шалдың не қауқары бар екен көрелік дегендей жіктерін кәдімгідей ажыратып, аңысын бағып қана тұр. Есбай тартысатын жағдайға енді келгенін сезді. Өзін ортаға алып, сайқымазақ етіп кетуі ықтимал. Дәмесі алдыңғы жақта ғана деген сыңай танытып, біраз жұлқыласып бақты. Бір-біріне тақаса бергенде, тақымға салбырата басылған серкештің жонынан теуіп өтіп, еңкейіп барып артқы сирақты іліп алды. Бұл қимылды күтпеген жігіт көкпардың тақымынан сусып шығып кеткенін сезбеді».
Жұмабай Шаштайұлының өмірді білумен бірге, фантазиясы да күшті жазушы екенін осы үзіндіден де аңғарар едіңіз. Мен осы жерін оқып бергенде көкпармен көзін ашқан бір қойшы: «Ой, пәле!.. Аһ, пәле!.. Оһ, пәле!..» деп дөңгелеген де қалған. Құдды көкпарды өз тақымынан тартып әкеткендей күректей алақанымен тізесін салып-салып та жіберген. Тастай қатқан тақымдағы серкешті жонынан теуіп өтіп, босай бергенде еңкейіп барып іліп алған тұсын өзім де қайталап-қайталап оқығам. Онда да есені басқадан емес, қайманадан қайырғанын көңілімнің бір түкпіріне түйіп те қойғанмын.
«Қызыл қарда» компартия тарапынан бір сыналса, «Есбай тігінде» қазақ пен шешенді бір серкешке таластырып қойғаны үшін екі сыналмасына ешкім де кепілдік бере алмасы хақ-тұғын. Бірақ бүкіл өмірдің көлеңкелі жағын кеңірек жазып, бір ғана тұсын аппақ қып қойса, Жұмабай Жұмабай болмас еді. Қазақ әдебиетінде қатал реализмді шегіне жеткізе жазған бір жазушы болса, ол да осы Жұмабай Шаштайұлы дер едік. Жұмабай Шаштайұлында пессимистік сарын оптимистік көңіл күйге бергісіз сарында аяулы да әсерлі сезімде оқылатынын осы тұста бір еске салып қойғанның еш артығы жоқ шығар.
«Қол созым жерде қаумаласа қалған жаңағылар мұның адымын ұзартпай, алдын орауға тырысып жүр. Кенет тұла бойын мақтаныш тәрізді бір нәрсе кернеп, делебесі қозып, қиқулай бастады. Қарауыл шоқының қия жалынан еңістеген бойы бағанағы өзі шыққан пышақтың қырындай тікке құлдилап сорғалады. Ат екпінін тежей алмай арагідік құйрығымен шөмие шөге жаздағаны болмаса, әзірге бағдарынан жаңылмай кідіріссіз батыл сырғыды. Осы кезде шың басында үйіріліп қалған үшеу жанынан безген мына шалдың сұмдық әрекетінен шошына үйіріліп таңырқап тұрса, сайдың етегіндегі қара тобыр қия шыңнан домалаған тастың қай тұсқа барып тоқтайтынын күткендей үрпиісіп қалды».
Осындағы «Қия шыңнан домалаған тастың қай тұсқа барып тоқтайтыны» әдемі келтіріліпті. Тұтас сөйлемнен тұратын метафора ойыңа қорғасындай құйыла қалады. Домалаған тас деп бәрін ішіне жиған жұмырықтай шалды айтып отыр. Жұмабай Шаштайұлы Қасым Аманжоловтың өлеңдерін жатқа біледі деуші еді. Метафораның күштілігінен мына сөйлем қара сөзбен жазылған өлеңге айналып тұр.
Тұтас сөйлемнен тұратын метафора қазақ ақын-жазушыларының бәрінің ұстазы Абайда жиі кездесуші еді. «Мен жаралы жолбарыс ем, Сен киіктің лағы ең». «Қия шыңнан домалаған тасқа айналдым» дегендей мұңлы. Әркім-әркім Абайға адал шәкірт бола алмай жүрген әдебиетте жылт еткен сөйлем көрсең балаша қуанасың. Жазушы жаңағы қия шыңнан домалаған тасты төмендегі үрпиіскен қара тобырдың санасына солқ еткізіп тастап жібергендей күй кештіреді.
Одан әрі ат мертігіп, адам аман қалған әңгіменің қалай аяқталғаны маңызды емес және одан кейінгі эпизод әңгімені аяқтауға ғана қызмет етіп тұр. Бірақ негізгі миссия орындалып қойғанмен, аттың қалай мертігіп, шалдың қалай құлағаны көз алдыңнан киносуреттей тізіліп өткенде де шерің бір тарқап, бір тарқамай тұрғандай әсерленесің.
Әдетте поэзияны математикаға теліп жатады. Жол, шумақ, буын асқан шеберлікпен түзіледі. Әрине, бұл сырт көрінісі ғана. Ал ішіне үңілсеңіз поэзияда ой да, сезім де математикалық ережеге бағынатынын байқайсыз. Олай болса, прозаны геометрияға телудің еш әбестігі жоқ шығар. Негізінде прозашылар ойшыл адамдар болып келеді. Ал ойшыл адамды тігінен, көлденеңінен, тереңінен ойлайтын тұлға деп бөлуге болады. Кейбір жазушылардың тек биіктік туралы жазатыны, ал кейбірінің екі сөзінің бірі кеңдік болып келетіні, тағы біреулерінің үнемі әлдененің түп-тамырын іздей беретіні содан да болуы керек.
Әдебиетімізде биіктікті Оралхан Бөкейдей қара сөзбен жырлаған ешкім жоқ. Бір ғана «Мұзтаудың» өзі неге тұрады. Мұны айтып отырғанымыз, сол Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпірі» мен Жұмабай Шаштайұлының «Аспанқорасының» аты ұқсас, бірақ заты басқа. Ұқсастық: «Аспанқора осы өңірдің қарауыл шыңы болмағанмен, анау андыздаған Көктөбемен терезесін теңестіре, иық тірестіріп тұр. «Тау екеш тау да бір-бірімен бақ-күндес емес пе осы?» деген ой жанына біртүрлі тыншу бермеді. Баяғыда осы Аспанқораны Тобықбай би неге жақсы көрді екен? Оның да дүниеден баз кешкен күндері болған шығар? Ондайда ол да осы шоқыға шығып, арлы-берлі жалғанды болжаған болар?» деген сияқты жолдармен ғана шектеледі. Ал басқасының бәрінде қаламдас іні көп еліктеп-солықтауға бармайды. Қайта кейіпкерлерін барынша тағдырлы адам етіп көрсеткісі келеді.
Мысалы, Жұмабай Шаштайұлының «Аспанқорадағы» бір тауға мың рет түсіп-шығатын кейіпкері нені іздеп жүр? Әр түсіп-шыққан сайын ойына бірдеңе түседі, әр түсіп-шыққан сайын соның жауабын таппай азаптанады. «Аспанқораның басына бір шыққан адам қайтып түскісі келмейді деген рас-ау, батырекесі. Көзімді ашып, көңіліме тоқығалы сені осы шоқының басынан көріп келемін. Бір уақ мына бауырға қоныс аударсаң қайтеді?» дегенге де қарамайды.
Ол да шіркін Аспанқораның басынан түскісі келмейді. Бұл өмірдің шындығы ма, қоғамның шындығы ма, ол басқа әңгіме. Басқаны қойып, қойнындағы жары Ханымкүл де: «Біздің Атан Аспанқора мен ит өлген жердегі бастаудан басқа еш нәрсе білмейді» деп әлденені бетіне басады.
Ақыры сол таудың басында кішігірім бір бастық адал төсегін былғап, әйелімен де ажырасып тынады.
Осыдан соңғы жерде Жұмабай Шаштайұлының нағыз суреткер екенін көрсететін керемет екі эпизод бар. Ол екі эпизод сізге биікті де ұмыттырады, күйікті де ұмыттырады. Кейіпкерді де, оқырманды да нағыз қайғы-қуанышпен бетпе-бет қалдырады. Мына дүниеде Аспанқора деген тау бары да, оны бағындырам деп әуре болу да бекер екені бір қуаныш, бір қайғымен қатар өріледі.
Ол оқиға, яғни бірінші сюжеттің жалғасы, екінші сюжет, Атанның Ханымкүлден кейін, Қаламқас есімді екінші әйелін алудан басталады. Атанның Аспанқорамен алысуы, Аспанқораға мұңын шағуы, Аспанқорадан титықтап шаршауы тағы қайталанады. Сондай күндердің бірінде Қаламқас: «Шал-ау, біз қартайғанда жорға шығыппыз» деп алып: «Су әкеліп қойшы, бүгін-ертең кір-қоңыңды жуып берейін» деп үсті-басын қағына қалады.
Бүкіл өмір осы екі ауыз сөздің арасына қалай сыйып кеткенін оқығанда бар қару-жарағыңды шешіп автордың алдына қойғандай күй кешесің. Сондағы бірінші эпизод естіген жаңалығын үнсіз бойына сіңіріп, әйелін бас салып құшақтамай да, алақайлап бас киімін аспанға лақтырмай да тыныш қалуымен бітеді. Екінші эпизод екіқабат әйелінің тапсырмасымен төменнен түйемен су әкеле жатқанда болған қайғылы оқиғаның аянышты көріністерімен басталып, болашақ ұрпағын өзі қастер тұтатын Аспантауға аманаттауымен аяқталады.
Жазушы Жұмабай Шаштайұлының өзі де көп нәрсені ішіне сақтаған бір мінезді адам. Оның негізгі кейіпкерлері де көбінше бір мінезді болып келеді. Ұлы кітапта да адам бір мінезді болуы керек деп көрсетеді. Бірақ әдебиеттің айырмашылығы сол, ондағы кейіпкердің рухани көтеріліс жасауына мүмкіндік бар. Жазушының миссиясы да сол десек, «Аспанқора» сол миссияның үдесінен шыққан шығарма деуге толық негіз бар.
Мұнда «Аспанқора» деген жер аты ерекше маңызға ие болып тұр. Ол кім көрінген келіп жайлай салатын, жайғаса қалатын жер емес. Жердің төресі ғана емес, төбесі де болып тұрған биік жер. «Аспан мен жердің арасы» деп мифке айналдырып жіберуге де болады. Бір қолы шолақ, бірақ соншалықты өлермен Атан сол Аспанқораның етегінде әлі айқайлап тұрған секілді. Сол айқай биліктің ұшар басын әлі де жаңғыртып тұрғаны жазушының келесі «Аяз би» атты романында жақсы көрсетілген. Оны да тәуелсіз көзқарастарымызбен жаңаша талдау алдағы күндердің еншісінде деп білдік.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,
«Egemen Qazaqstan»