13 Қараша, 2013

Ешкім де сырт қалмақ емес

250 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қазақстан-2050» Стратегиясындағы басымдықтардың бірі – жергілікті жерлердегі билік органдарының өкілеттілігін арттыру. Осы тұрғыдан алғанда, өткен қазан айы еліміз үшін айтарлықтай жаңалықтарымен ерекшеленді деп айтуымызға болады. Өйткені, қазан айында баламалы негізде сайланған 2456 ауыл әкімі алғаш рет халық алдында есеп берді. Тұрғындармен әңгімелесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауаптар қайтарды. Атап өтейік, осы жылдың тамызында өткен әкімдер сайлауына 7 мыңнан астам кандидат қатысқан еді. Бұл орта есеппен алғанда, бір орынға үш адамнан келгенін көрсетеді.

«Қазақстан-2050» Стратегиясындағы басымдықтардың бірі – жергілікті жерлердегі билік органдарының өкілеттілігін арттыру. Осы тұрғыдан алғанда, өткен қазан айы еліміз үшін айтарлықтай жаңалықтарымен ерекшеленді деп айтуымызға болады. Өйткені, қазан айында баламалы негізде сайланған 2456 ауыл әкімі алғаш рет халық алдында есеп берді. Тұрғындармен әңгімелесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауаптар қайтарды. Атап өтейік, осы жылдың тамызында өткен әкімдер сайлауына 7 мыңнан астам кандидат қатысқан еді. Бұл орта есеппен алғанда, бір орынға үш адамнан келгенін көрсетеді.

Өткен уақыт баламалы негіз­де сайланған әкімдердің оң нә­ти­же беретіндігін дәлелдеп отыр. Мысалы, Ақмола облы­сын­дағы Андреевка ауылын алайық. Мәслихат депутаттары бұл ауылға жас әрі талапшыл Евгений Кареповты таңдап, Ан­дре­евка ауылдық округіне әкім етіп сайлаған болатын. Себебі, ол осы елді мекеннің жағдайын жақ­сы біледі, шешімін күткен проблемаларын да, оны шешудің жолдарымен де таныс. Оның үстіне ауылда әлеуметтік саланы, мәдениет пен спортты дамыту, басқа да мәселелер бар. Евгений Карепов бүгінде ауылдастарының қолдауына сүйене отырып, аталған жұмыстарды белсенді түрде қолға алу үстінде.

Еңбек етемін деген адамға ауылда жұмыс жеткілікті. Мұн­да көпшілікке танымал «Нива» аграрлық шаруашылығы орна­лас­қан. Шаруашылық басшысы Владимир Абермитті жергілікті биліктің көмекшісі, қолдаушысы десе де болады. Өйткені, Владимир Абермит ауылдық әкімдікте қаражат жетпей, әлеуметтік мәселелерді шешу кезінде үнемі көмектесіп отырады. Мәселен, шаруашылық басшысы осыдан біраз жыл бұрын ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге едәуір қаржы бөлді, тұрғындар жол азабын тартудан құтылды.

Жергілікті билік пен кәсіп­кер­лер тығыз ынтымақта жұмыс істегені екі жаққа да тиімді және пайдалы. Оның нәтижесін Ан­дреевка ауылынан анық байқауға болады. Соның арқасында бұл елді мекеннен көшіп кетушілер азайды, қайта бүгінде осы ауылға қоныс тебушілер қатары жыл сайын көбейе түсуде. Отау құрғандар саны артып келеді. Мысалы, өткен жылы тоғыз нәресте өмірге келсе, биылғы жылдың өзінде 16 сәби жарық дүние есігін ашты. Әкімдік басшыларының айтуынша, жас отбасыларға қолдан келген көмектің барлығы жасала бермек.

Ауыл тұрғындары әкімдер­дің есеп беру жиынына белсене қа­тыса бастағаны қуантады. Олар бұрынғы енжарлықтан арыла бастағандай. Көтерген мәселелері, қойған сұрақтары ауылдың бо­ла­шағына, оны өркендетуге ба­ғыт­талған. Міне, бұл ауыл адам­дарының ертеңгі күндеріне деген қызығушылықты тудыратыны анық. Ауыл әкімдерінің есеп беру қорытындысы осыны көрсетіп отыр. Өйткені, ауыл-аймақтағы проблема және оларды шешу – әкімнің ғана міндеті емес, ол бүкіл ауыл тұрғындарының міндеті.

Мәліметтерге қарағанда, бүгін­гі күнге дейін әкімдер 4828 есеп беру кездесуін өткіз­ген. Оған 400 мыңнан астам адам қатысқан. Қаралған мәселе­лер­дің ішінде қала маңына жү­ре­тін қоғамдық көліктердің қа­тынауы, білім беру, мәдениет, медициналық мекемелердегі кадр жетіспеушілігі, мал азығын дайындау, ауылшаруашылық өнімдерін өткізу, қыс маусымына дайындық, тағы басқа да өзекті мәселелер бар.

Бүгінде көпшілік елді мекендерде жол жөндеу, мектеп­тер мен ауруханалар салу, бала­бақшаларда орынның жетіс­пеу­ші­лігі, электр энергиясымен, көгілдір отынмен қамтамасыз ету өткір мәселелердің бірі болып қалып отыр. Бұған, сондай-ақ, интернетке қолжетімділікті, ауылдық жерлерде пошта бөлімшелерінің жөнді қызмет көрсетпей келе жатқандығын қосуға болады. Осы проблемаларды өз деңгейінде шешіп, ауыл-селоны мүмкіндігінше дамыту «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрініс тапқан. Жалпы, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, халыққа талап деңгейінде қызмет көрсету – жергілікті жерлердегі әкімдердің төл міндеті. Ал оларға қолдау көрсетуден ауыл адамдары да сырт қалмауы тиіс. Сонда ауыл ажары ашыла түсетін болады.

Ауыл-село тұрғындарының жергілікті атқарушы биліктің жұмысына бақылау жасап, есеп беру жиындарында өзекті де өткір проблемаларды шешуге қа­тысуларына құқықтары бар. Міне, бұл жергілікті билік пен қа­рапайым халық арасындағы қарым-қатынасты, өзара түсі­ніс­тікті нығайта түседі. Сондай-ақ, әкімдерге қызмет көрсетулер, мү­лікті жалға беру, айыппұл есебінен табыс табуға мүмкіндік беріліп отыр. Түсетін осы қаражатты олар тұрғындармен келісу арқылы белгілі бір мақсатқа жұмсай алады.

Қорыта айтқанда, ауыл әкім­дерінің жұмыстары әр тоқсан сайын бағаланып отырады. Ал сайланған ауыл әкімдерінің алғашқы есеп беру кездесулері іскерлік жағдайда өтті деп айтуымызға болады.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Күшті үйлестіру – озық тәжірибе

Аймақтар • Бүгін, 22:56