Ең қысқа әңгіме • 09 Қазан, 2020

Кока-кола

4345 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құдалыққа үш қарт қосылды. Оларды қарсы құдалар Алатаудың баурайында күтетін болыпты. Терең шатқалдар, сарқырап аққан бұлақ. Көкмайса шалғын. Аспанмен таласқан шынар.

Кока-кола

Сірә, табиғаттан асқан сұлулық та, емші де жоқ. Тұнық ауа, мөлдір су кімнің де болсын көңіл қошын көтеріп, еңсесін тіктемей ме?

Қамбар, Ыбырай, Жүсіп – бір әулеттің үлкендері. Қай қисынға салсаңыз да жол осы үшеуінікі. Талас, дау-дамай болмайды бұл шаңырақта. Үш қарт тау тамашасын көріп қайтуға тастүйін бекінді.

Расында, құдалар күтетін орынды жұтын­ды­рып қойыпты. Алайда ас-ауқат әзірге дайын бола қоймапты. Бір алпамсадай жігіт аспаздарды асықтырып жүр.

– Құдалар, ұяттымыз! Тамақ дайын болғанша сценарийді аздап өзгертеміз. Тауға шығып, өзен жағалап, гүл теріп дегендей, бір сағаттай серуендеп келеміз. Ашығып жеген ас тәтті болады, – деп қазақы шапан киген жігіт сөз бастады.

Сірә, бүгінгі асаба осы болар.

Жастар жағы әлденеге айналсоқтап жүр­ген­нен соң олардың құлқындарын не тесіп бара жатқанын сезген қарттар сытылып оқшау шыға берді. Дорбаларында домалап өздеріне керекті нәрсе жатқан соң жастар көңілдене түсіп, шатқалдардың біріне түсіп кетті.

Соңдарынан «сусындары» жиі-жиі жөнел­ті­ліп тұрғаннан соң ба, олар оңашада ұзақ отырды. Жастар гитарамен ән салды. Қыз-келіншектер биледі. Даланы думанға толтырған топ тау баурайын дүбірге бөлеп жатты.

Қыраттың біріне малдас құрып жайғасқан үш қарт оралмасқа кеткен балдәурен күн­де­рі­нен әңгіме шертісті.

– Есіңде ме, Қамбар, көкпарды қалай тартатын едім. Бұл төңіректе маған тең келер ешқандай көкпаршы өткен жоқ, – деді Жүсіп.

– Иә, иә, оның рас. Көкпаршы Жүсіптің даңқы Қырғызстан мен Өзбекстанға да жетіп еді-ау. Сол адам мына жапырайып отырған сары шал десем, мына балалар сенбейді-ау, – деп Ыбырай шақшасын қонышына сарт-сарт ұрды.

– Ана бір жылы естеріңде ме? Жұмабайдың жылқысын қасқыр тартып кеткен жыл ше? Сонда мен құла айғырыммен шығып, тау бөктерінде талай арланды жер қаптырып едім-ау. Шіркін-ай, дойыр қамшымен қасқырдың қақ маңдайынан бір соққанымда сеспей қатушы еді. Енді ғой мына жаман төбешікке өкпем сырылдап, зорға шықтым, – деп Қамбар кеңк-кеңк күлді.

– Аңшы Қамбар, палуан Қамбар деген даңқың дүрілдеп еді-ау. Бүгінде бір уыс болып мыжырайып отырысың мынау. Қайда сол қайтпас қара күш? – деп Ыбырай тағы бір әңгіменің шоғын қоздатты.

Үш ақсақал қырат қырқасында әжік-күжік әңгіме қозғап, едәуір уақыт отырды. Биылғы шөптің қалың шыққанын, малдың қоңды екенін айтуды да ұмытпады.

– Жә, осымен тиылайық, – деді Қамбар есіне әлдене түскендей ойланып тұрып, – жүріңдер, келіндердің шайы қайнап та қалған шығар.

– Иә, деймін-ау. Таңдайым құрғап қалды ғой, – деп Жүсіп шойнаңдап орнынан тұрды.

Киіз үйдің іргесіндегі шөп үстіне кілем жайып, үстіне көрпе, жастық тастапты. Қыраттан түскендер киіз үйге кіріп баруға әдеп сақтап, осында тізе бүкті. Үш шалдың жайлы жайғасқанын көріп бір келіншек дастарқан жая бастады.

– Қарағым, біз шөліркеп келдік. Ештеңенің керегі жоқ, бір аққұман көк шай әкеліп берсең болды, – деді Жүсіп.

– Қазір құдалар. Бәрі де болады, – деп келіншек күлімсіреп ұзай берді.

Дастарқан үстіне құстың сүтінен басқаның бәрі қойылды. Бірақ, қарттар күткен көк шай кешіге берді.

Манағы жылмаң-жылтыр асаба жетіп келді.

– Ақсақалдар, кешіріңіздер, аспаздар тамақ қамымен жүріп шай қоюды ұмытып кетіпті, – деді ол.

Қаңсып келген үшеуі бір-біріне қарады.

– Ендеше, қымыз іше тұрайық, – деді Ыбырай.

– Әбден ұялттыңыздар-ау, кұдалар. Мына төменгі ауылдан қымыз келмек еді, кешігіп жатыр, – деді асаба.

Осы кезде екі-үш келіншек түрлі сусындар салған жәшік көтеріп келді.

– Таңдай жібіткенге мына сусындар таптырмайды, – деп асаба бір «Кока-коланы» ашып, жағалай құя бастады.

Ыдыстағы кока-кола көпіршіп тасып, дастарқанға төгілді.

«Шөлдеп келгенде кемпірімнің бере қоятын малтасы мен шалабы да бұйырмады-ау» деп ойлады Қамбар.

Жүсіп ыдыс ернеуінен асып-төгілген қарақошқыл сусынға ежірейе қарады.

Үш қарттың да ойына аулаларында түтіні будақтап тұратын сары самаурын келген. «Не болып барамыз осы» деген ілкі бір ой үшеуінің де басынан жүгіріп өтті.

Сүт пісірімдей уақыттан соң үш ақсақалдың алдына бір шәйнек көк шай келді. Неге екені белгісіз, үшеуі сол зарықтырған ынтық шайды сүйсініп іше алмады...

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20