Қоғам • 09 Қазан, 2020

Титаник синдромы

635 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев соңғы жылдары жазған «Қазақтың қызыл кітабы» атты пуб­ли­цис­тикалық мақалалар жинағында: «Мен жасы жетпістен асып бара жатқан зия­лы ақсақалды білемін. Дербес зейнеткер, оқыған-тоқыған адам. Әйтсе де, өзінің балалары мен немерелерінің біреуі бірауыз қазақша білмейді.

Титаник синдромы

Ұлттық сана, дәстүр дегендерден жұрдай. Ертең ақсақалдың көзі жұмылар болса, артында қазақтың иісі де қалмайды. Осылай сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бір әулеттің ұлттық қасиеті өшкелі тұр. Осыны әлгі ақсақалдың мүлдем ойламайтыны мені таңғалдырды. Өзінің, ұрпағының құрдымға кетіп бара жатқанын сезіне алмау, бұл жақсы нышан емес» деп жазып, расын айтқанда, қазіргі қазақ қоғамының қасіретіне айналған мәселені қозғапты.

Яғни бұл орайда, біздің де айтпағымыз, ұлтына, ұрпағына төніп тұрған қауіпті сезінбеу – қасірет. Мұндай адамдар әлем социологтары көп айтатын «Титаник синдромына» ұшыраған жандар. Осы ұғымды тәпсірлей түсіндірсек, былай: 1909 жылы Ұлыбританияның «Уайт Стар Лайн» компаниясы ұзындығы – 269, биіктігі – 59 метр (мұржасын қосқанда), елу мың аттың күші бар «Титаник» аты алып кеме жасап шығарады. Кемені таныстыруға байланысты өткізілген баспасөз-мәслихатында компания өкілі: «Кемені Құдайдың өзі суға батыра алмайды» деп соққан. Сөйтіп, кеме 1912 жылы 10 сәуір күні АҚШ-ты бетке алып сапарға шыққан. Арада төрт күн өткенде 22 узел жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан кеме алып мұзтауға соғылып, түпсіз тұңғиық теңізге мәңгілікке батқан.

Қызық болғанда жоғарыдағы көпшік сөзге сенген жолаушылар кеменің суға батып бара жатқанын көріп тұрып «мүмкін емес «Титаник» ешқашан батпайды» деп бей-жай отыра берген. Яғни, құтқарылуға қам жасамаған жолаушылар түгелдей суға тұншықты.

Қазіргі таңда, әлем психологтары жо­ғары­да­ғыдай «кемесі суға батып бара жат­қанын» байқамайтын адамдарды «Титаник синдромына» шалдыққандар дейді.

Яғни қазіргі таңда қазақ тілі әлсіреп, тіпті күнделікті қарым-қатынас құралынан да қалып бара жатқаны жасырын емес. Басқасын айтпағанда, елордадағы кез келген балаларға арналған ойын ауласына барып көріңіз. Барлық жасөспірім орысша шүлдірлеп жүр. Бауыржан Момышұлы атамызша айтсақ: «Ер жеткендер сөйлейді орысшалап, Кім отыр сөз құрылысын қынап-сынап, «Мамасы» мен «папасы» шүршіт болып, Күйдірді-ау, шүршітшілеп, бала жылап».

Осы орайда, Ахмет Байтұрсынұлы атамыз, «тіл – ұлттың жаны немесе тілі жоғалған жұртың өзі де жоғалады» деп бекер айтқан жоқ. Бүгін тіліміз жоғалса, ертең өзіміз жоғаларымыз хақ. Тіпті жоғалып та барамыз. Оны әлгі суға батқан Титаниктің жолаушылары сияқты байқамаймыз. Бұдан өткен қасірет жоқ шығар.

Ұлыбританияның Уэлс аймағының азаматы, жазушы-лектор Дэвид Кристал әлемдегі тілдер тарихын зерттеп, 1997 жылы «Тілдер ажалы» атты еңбек жазып шықты. Осы еңбекте, қазір әлемде 6 мыңнан астам тіл болса, (2700 – негізгі тіл, 4 мыңға жуығы – сол тілдердің диалектісі) солардың 600-не жойылу қаупі төніп тұр депті. «Тіл қалай өледі?» деген сауалға ол: «Сол тілде сөйлейтін жас ұрпақ өз тілінен безінген кезде» деп жауап беріпті.

Сол сияқты танымал лингвист Майкл Краустың пайымдауынша, болашақта адамзат тілінің 90 пайызы өліп, 600 ғана тіл қалады-мыс. Жойылу қаупі төнген тілдерді ол бес санатқа бөліпті. Біріншісі, қауіп төне бастаған тілдер. Олар әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан шеттетіліп, үлкен тілдің қыспағына түскендер. Басты белгісі – бұл тілдерде сөйлейтін жас буын азаяды. Екіншісі, қауіп-қатер белгісі білінген тілдер. Белгісі – жас ұрпақ өз тілінен жериді. Үшіншісі, қатер төнген тілдер. Бұл тілде тек жасы елуден асқандар ғана сөйлейді. Төртіншісі, өле бастаған тіл. Бұл тілде тек қартайған адамдар сөйлейді. Бесіншісі, жойылған тілдер. Бұл сол тілде сөйлейтін адам қалмайды.

Он жетінші ғасырда өмір сүрген француз жазушысы Шарль Луй де Монтескье «халық қашан өз тілін біржолата ұмытқанша ел болудан үмітін үзбейді» дегендей, әрине ешқашан үміт үзуге болмайды. Жоғарыдағы М.Краус егер 500 адам толық сөйлейтін тілді өлтірмей аман сақтап қалуға болатыны жайлы айтып, тіпті ол XVIII ғасырдан кейін қайта тірілген еврей тілін мысалға келтірген екен.

Тіліміз өле қоймас, дегенмен тіл мәселе­сін­де Абай атамыз айтқандай «ұйқылы ояу – бойкүйез» тірлік таныту жақсылыққа апармайды.