Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Көп асқанға бір тосқан қайтсе де болады. Осы мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса мән беріп, күні кеше «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Алайда бұл өзгерістер мен толықтырулар не береді деген заңды сауал пайда болары анық. Білуімізше, заң сыбайлас жемқорлық көріністерін жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуге бағытталыпты. Енді бұдан былай Азаматтық кодексте мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынатын көрінеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді.
– Азаматтық кодекстің мемлекеттік қызметшілерге қатысты сыйлық беру мәселелерін реттейтін ережелерін қолданыстағы заңнама нормаларымен үйлестіру қажеттілігі «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Конституциялық Кеңестің 2018 жылғы 5 маусымдағы Жолдауында көрсетілген болатын. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес («Пара беру») мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғаларға, оларға теңестірілген тұлғаларға, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаларға немесе лауазымды тұлғаларға бұрын жасаған заңды әрекеттері (немесе әрекетсіздігі) үшін құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676, 678-баптарына сәйкес, жеке немесе заңды тұлғалардың аталған тұлғаларға заңсыз сыйлықтар беруі әкімшілік сыбайлас жемқорлық әрекет болып табылады, – деді О.Бектенов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, қолданыстағы заңнамада сыбайлас жемқорлық субъектілеріне олардың лауазымдық жағдайына байланысты кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. Егер құны 2 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сыйлық әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатын болса, құны көрсетілген айлық есептік көрсеткіштен жоғары сыйлық қылмыстық жауапкершілік ретінде қарастырылмақ. Сондықтан Азаматтық кодекстің 509-бабымен көзделген норманы Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерінің нормаларымен сәйкес келтіруге тура келіпті.
– Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады. Екіншіден, Сыбайлас жемқорлық субъектілері саналатын квазимемлекеттік сектордағы шенеуніктердің шеңбері кеңейтілді. Бұдан былай сатып алуды ұйымдастыру және өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті, мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлері сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатады, – деді спикер.
Яғни ондай тұлғалар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді толық көлемде қабылдап, сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар жасаған жағдайда анағұрлым ауыр жауапкершілікке тартылатын болады. Бұрын мұндай нормалар квазимемлекеттік компаниялардың бірінші басшыларына қатысты ғана қолданылатын еді. Енді жауапқа тартылатындардың ауқымы айтарлықтай кеңейіп отыр. Сондықтан маңызды мемлекеттік жобаларды сатып алуға және іске асыруға жауапты құрылымдық бөлімшелердің басшыларын сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатқызу – аса маңызды қадам деуге болады.
– Құрылымдық бөлімшелердің басшылары өздері немесе үшінші тұлғалар үшін заңсыз, бірақ тиімді шешім қабылдай алып, өздерінің лауазымдық міндеттеріне қарай сеніп тапсырылған бөлімше қызметкерлерінің қандай да бір сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысуына жол бермеуге мүмкіндігі бар. Бұл түзету сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің енгізілуімен бірге квазимемлекеттік сектор қызметкерлері тарапынан теріс әрекеттердің алдын алудың және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмаудың тиімді шарасы болады деп ойлаймыз, – деп отыр О.Бектенов.
О.Бектеновтің айтуынша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда және басқа да бірқатар заңдарда мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілеттік берілген адамдар мен оларға теңестірілген адамдар жақын туыстары, жұбайлары немесе жекжаттары атқаратын лауазымдарға тікелей бағынысты лауазымдарды ғана атқара алмайтынын, сондай-ақ жақын туыстары, жұбайлары немесе жекжаттары тікелей бағынысты лауазымдарды иелене алмайтын нақты көрсетілген.
– Мемлекеттік лауазымға, мемлекеттік немесе оларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидат болып саналатын адамдар үшін өздері үміттеніп отырған лауазымға орналасуға ұйымның басшылығына осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы және (немесе) жекжаттары туралы жазбаша хабарлау міндеті енгізіледі. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізіліп отыр, – деді О.Бектенов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, комплаенс ұғымы батыс елдерден келіпті. Ол кез келген ұйымда сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында кешенді жұмыс жүргізетін, бірінші басшыға тікелей бағынатын құрылымдық бөлімше саналады.
– Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін заңда жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың қылмыстарды арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қылмыстық кодекске «қылмысқа арандату» деген 412-1-бап енгізіледі, ол тек парақорлықпен шектелмей, кез келген қылмысты қамтитын болады. Бұл ретте, жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның, кейіннен әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе бопсалау мақсатында адамды қылмыс жасауға көндірген заңсыз әрекеттері, қылмыстың арандатуына жатады, – деп отыр спикер.
Оның айтуынша, аталған бап, әрекеттердің ауырлығына және салдарына байланысты үш бөліктен тұрады екен. Бұл заңсыз әрекеттердің зорлық-зомбылықпен не күш қолдану қатерімен ұштасқанына, мүліктің жойылуына немесе бүлінуіне әкеп соққанына, не адамның материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдалана отырып жасалғанына, қылмыстық топтың мүдделерінде жасалғанына, не олар өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққанына қарай жаза тағайындалатын болады. Жазаның жеңіл түрі – жеті жылға дейін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру. Ең жоғарғы санкция – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру. Осы түзетуді қабылдау, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге ықпал етеді, лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттеріне қосымша тосқауыл болады.
– Сонымен қатар заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері белгіленеді. Тұрғын үй мәселесін шешу қызметкерлердің тиісті уәждемесін қамтамасыз ету мақсатында ғана емес, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін де маңызды болып отыр. Осылайша заңмен 3 кодекске, 7 заңға түзетулер енгізілді, – деді О.Бектенов.
Осы мәселеге қатысты Агенттік жанындағы республикалық арнайы мониторингтік топ мүшесі, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов те өз ойын білдірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заңнамалық негіздерін жетілдіруге қатысты ойын ортаға салып, пікірімен бөлісті.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алғашқылардың бірі болып түрлі көзқарастары мен пікірлері бар белсенділерді тарта бастады. Егер сен өз еліңнің патриоты болсаң және сыбайлас жемқорлықпен күрескің келсе – қол ұшын соз. Бұдан әрі азаматтық-құқықтық және қылмыстық-құқықтық жауапкершілікке қатысты Еуропалық конвенциялар нормаларын енгізу бойынша жұмыс жүргізіледі. Онда қатаң нормалар бар және олардың көпшілігі құжаттың жаңа пакетінде көрініс тауып отыр, – деді М.Бәшімов.
P.S. Иә, тарам-тарам тамыр жайған жемқорлыққа балта сілтейтін кез келді. Әлдеқашан келген. Осындай адам сүйгісіз әрекетке барғандар ел қоржынын ортайтып қана қоймай, ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағын қанап-тонап жатқанын біле ме екен осы? Біледі ғой, әрине. Біле тұра ебін тауып екі жеп жүргендер азаяр емес. Ойланарлық жайт...