– Семинар жоғары кәсіби деңгейде өтті, ақпарат қолжетімді әрі аудиторияға бейімделген түрде ұсынылды, проблеманың барлық аспектілері қозғалды және барлық сұраққа жауаптар ұсынылды. Әлемдік тәжірибеде қолданылып келе жатқан интернетке тәуелділікті анықтау методикаларымен жұмыс істеу бағыттары көрсетілді. Балалармен және оның ата-аналарымен жұмыс істеуге әдістемелік нұсқаулықтар берілді. Алдағы уақытта мектеп психологтері алған білімдерін міндетті түрде өз жұмыстарында қолданады деп сенеміз, – дейді Алматы қаласы №5 мектеп-гимназиясының психологтері.
Семинарда психология ғылымдарының кандидаты, «Коммуникация және ұлттық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жетекші тренері, «Кәсіби психологиялық лига» қоғамдық бірлестігінің басқарма мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Сәуле Ізбасарова, кризис жағдайындағы психолог, диагност, консультант, виктимиолог, эксперт, медиатор Әлия Байдрахманова, тәжірибелі психолог, психолог-консультант Лимана Қойшиева, психология ғылымдарының магистрі, Халықаралық бизнес университетінің доценті, Кәсіби психотерапиялық лиганың жеке терапевті және мүшесі Айнұр Құлназарова, психолог, гештальт-терапевт Алина Асадиллаева секілді білікті тренерлер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар қатысушыларына тұлға типтерін психоаналитикалық диагностикалау, балалар мен жасөспірімдердегі интернетке тәуелділікті анықтау бойынша әдісті түсіндіру, балалар мен жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен интернетке тәуелділіктің алдын алу бойынша педагог-психологтің коррекциялық жұмысы бойынша ақпараттар берілді.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 18 қыркүйегі күні «Мәскеу метрополитені» МУК медициналық қызметінің 1-категориялы психофизиологі барлық қатысушыларға қосымша дәріс өткізді. Лекция youtube бейнехостингінде 12 мыңнан аса көріліммен қаралды.
Жоба ұйымдастырушылары мамандардың алған білімін алдағы уақытта тәжірибе жүзінде тиімді пайдалануы үшін жыл соңына дейін семинар қатысушыларына сараптамалық қолдау көрсетіліп отыратынын жеткізді.
Түрлі зерттеулердің нәтижесі бойынша әлем халқының 10%-ы интернетке тәуелді екені анықталған. Жапония, АҚШ, ҚХР сияқты бірқатар елде бұл дерт медициналық санатқа жатқызылып, одан арылу үшін кәсіби мамандар көмек көрсетеді.
Елімізде аталған мәселе ресми түрде медициналық ауру ретінде тіркелмесе де, дерттің бары анық. Осы орайда «Жас ұлан» ұйымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ қолдауымен «Жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділіктің алдын алу жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру, сондай-ақ азаматтардың цифрлы беделін қорғау» жобасы аясында бірқатар ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Алдағы уақытта елдегі интернетке тәуелділік жағдайын анықтау мақсатында ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізілмек.