Дәрменсіз бе, әлде құлықсыз ба?
Сол себепті де кейінгі кезде ашықтық мәселесі сан тараптан айтылып жүр. Үкімет пен халық екі тілде сөйлейтіндей бірін-бірі түсінбеуі қоғамдағы кейбір күрмеуі қиын күрделі мәселелерді көбейтіп жіберді. Бұл мемлекеттік органдардың дәрменсіздігі ме, әлде ашық болуға құлықсыздығы ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында да бұл мәселеге ерекше назар аударды. Квазимемлекеттік құрылымдардың қаржы-шаруашылық қызметін, бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі мәліметтерді және басқа да құнды деректерді бүкіл қоғамға қолжетімді ету үшін бірыңғай ақпараттық ресурс құру мен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заң жобасын тезірек қабылдаудың маңыздылығы айтылды. Президент өз сөзінде «Мемлекеттік органдардың шешімі жөніндегі ақпараттың ашықтығы азаматтық қоғаммен сындарлы диалог орнатуға септігін тигізеді» деп атап өтті.
Ал сол қадамға орталық және жергілікті атқарушы билік дайын ба деген сұрақ туады. Өйткені қазірдің өзінде қажетті ресурс болғанымен, соны іс жүзінде орындайтын жауапты орган табылмай тұр. Осыған дейін Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бөлімінде «Ашық үкіметті» енгізу, ақпаратқа қолжетімділік туралы заӊды әзірлеу, орталық мемлекеттік органдардыӊ статистикалық базалары мәліметтеріне онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз ету секілді бағыттар бойынша нақты шаралар көрсетілген еді. Нәтижесінде, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы ұйымдарды бір платформаға тоғыстырған «Ашық үкімет» бірыңғай жүйесі іске қосылды. Ол жерде кез келген салаға қатысты ашық деректерді қарап, заң жобаларын талқылауға қатысуға болады. Бюджет туралы мәліметті де сонда топтастыру жоспарланған. Сондай-ақ мекеме басшыларымен диалог орнатып, өтініш қалдыруға болады. Мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау бөлімі де қарастырылған. Мұның барлығы – оpen.egov.kz сайтына кірген кез келген қолданушыға берілген мүмкіндіктер.
Дәл бұлай жіктеп атап өтуіміздің себебі сәлден кейін түсінікті болады. Порталға кіргенде бірден тамаша мүмкіндіктердің бары қуантады. Алайда сәлден соң көңілің су сепкендей басылады. Өйткені мақсаты айқын жобалардың тиімді қолданылмауы қынжылтады. Кейбір мекемелердің маңызды тапсырмаларға атүсті қарайтынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Мәселен, «Ашық деректер» бөліміндегі салалар бойынша ақпаратқа көз жүгіртіп шықсаңыз, олқылықтар көп. Мәліметтердің қандай жүйемен жарияланғанын түсіну үшін де қарапайым қолданушыға біраз уақыт керек. Кей салада мүлдем дерек жоқ. Өзекті тақырыптардың бірі – білім саласына қатысты деректерді шолып шығуды жөн көрдік. Өңірлердегі мектептердің интернетке қосылуы туралы ақпаратты қарасаң, көп аймақ қысқа ғана «жүз пайыз» деп көрсеткен. БАҚ-та, әлеуметтік желідегі соңғы жазбаларға сәйкес жағдай мүлдем басқа. Біздің мұндағы мақсат – деректерді жекелеп тексеріп отыру емес, мұндай бірегей жобаның тиімсіз болуының себебіне үңіліп көру.
Көзге бірден көрінетін тағы бір кемшілік сауатсыз мәтінде болып тұр. Қарағанды облысының әкімдігі «Облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мекемелерінде өсірілетін спорт түрлерінің тізімін» жариялаған екен. Қалай болса солай берілген ақпаратты көрген қолданушының жобаға деген сенімі бірден жоғалатыны түсінікті. Бұл сөзімізге дәйек ретінде келтірілген бірнеше мысал ғана.
Одан бөлек заң жобаларын талқылауға арналған «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» бөлімінде пікірлердің аздығы бірден байқалады. Мәселен, қоғамда қызу талқыланған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына 6 ғана пікір жазылған. Сол баяғы есеп үшін жасалған жұмыстың кебі секілді.
Ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі сөз болғанда мысалға дәл осы «Ашық үкіметті» келтіруіміздің қисыны бар. Бір бастаманың нәтижесі көңілге қонбаса, басқа жобаны бастап кетуді әдетке айналдырмас үшін бар ресурсты орнымен қолдануды қолға алсақ екен.
Ашық бюджет көңіл көншітпейді
Мемлекеттік органдардың ашықтығын білдіретін тағы бір қадам – ол бөлінген бюджеттің қалай жұмсалатынын жариялауы. Көп жағдайда азаматтық қоғамды қаржының орнымен жұмсалуы толғандыратыны сөзсіз. Жоғарыда айтқан «Ашық үкіметтің» бюджетке арналған бөлімі де бар. Бірақ тағы да сол мәселелерге келіп тірелесіз: мүлдем ақпарат жарияламаған мемлекеттік органдар мен пікірлердің жоқтығы. Бұл бюджет жобасын талқылауға ешкім қызықпайды дегенді білдірмесе керек. Керісінше платформаға деген сұраныстың жоқтығын көрсетеді. Осылайша мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірден-бір жүйенің насихаты түгел болмай тұр.
Жақында бюджеттің ашық болуына арналған тағы бір онлайн жобаның тұсауы кесілді. Talap қолданбалы зерттеулер орталығы OpenBudget.kz сайтын таныстырды. Мұнда ұйымдастырушылар ел бюджетіне қатысты ашық деректердің жарияланатынына кепілдік берді. Алайда «енді бюджет ашық болады» деген желеумен жаңа жобаларды таныстыра берудің пайдасы қанша? Одан да неге бар жүйенің толыққанды жұмысын қамтамасыз етіп отырмасқа деген сұрақтың тууы заңды. Өйткені мәселе ақпаратты халыққа жеткізетін байланыс құралында емес, сол деректердің дұрыс әзірленуінде болып тұр.
Қазақстан бюджет ашықтығы бойынша әлемдік рейтингтің тура ортасында тұр. Сарапшылар мемлекеттік органдарға қазынаны бөлу кезінде ашықтық жетіспейді деп санайды. Тұрғындардың үкімет бюджеті туралы ақпаратқа қолжетімділігін анықтауға бағытталған тәуелсіз есеп 2019 жылы 117 елдегі жағдайға баға берген. Барлығы 100 балдан тұратын есепте Қазақстанға 58 балл берілген. 2006 жылдан бері елімізде бюджет ашықтығы индексін анықтайтын Sange зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова бұл рейтингте Қазақстанның көрсеткіштері өте баяу көтеріліп келе жатқанын айтады.
«Ақпараттың шектеулі болуына байланысты бюджеттің ашықтығы бойынша бізге 58 балл берілді. 60-тан аса алмай жүргенімізге біраз болды. 10 жыл ішінде біз өз көрсеткіштерімізді 20 баллға жақсарттық. Бірақ осы уақыт ішінде Қырғызстан 55 баллға, Грузия 47 балға, Ресей 27 баллға көтеріліп үлгерді. Бізде ілгерілеу бар, бірақ баяу», деді Ж.Жандосова.
Сарапшы көп мәселе бюджет жобасына келіп тірелетінін айтады. Ол Парламент қарауына жіберілген жоба әдетте толық болмайтынын, кейбір құжаттардың жетіспейтінін алға тартты. Сондай-ақ азаматтық қоғаммен талқылау мәселесі де ақсап тұр. Ж.Жандосова халық көп жағдайда бюджет бекітіліп қойған соң ғана хабардар болатынын айтады.
«Бюджет жобасын халықпен талқылау мәселесі өзекті болып тұр. Бұл процеске азаматтық қоғамның тартылмауы – үлкен кемшілік» деп атап өтті сарапшы. Бұл мәселенің толығымен тарқатып жазуға сұранып тұрғаны анық.
Ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігіне келгенде мемлекеттік органдардың сүрінетін тұсы көп. Оның бірсыпырасын шолып та үлгердік. Ендігі міндет – жағдайды жақсартуға қадам жасау. Бәлкім ресми органдардың жұмысына азаматтық қоғам бақылауды одан сайын арттырса, нәтиже көп күттірмес.
Үміт заң жобасында
Қазақстан халқы көксеген ашық қоғамды қалыптастыру үшін мәселенің құқықтық тұрғыдан реттелуі аса маңызды. Бұл мақсатта Жолдауда айтылған Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заң жобасын тезірек қабылдау күн тәртібінде тұр.
Биыл 16 қарашада «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның қабылданғанына 5 жыл толады. Бұл уақыт аралығында тәжірибеден бөлек, бірқатар мәселе де қордаланып қалды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мемлекет пен қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің басқарма басшысы Құралай Қабарова министрлік әзірлеген заң жобасы жайлы толығырақ айтып берді.
Бүгінгі басты проблеманың бірі заң нормаларының орындалуында екен. Сол себепті енгізілген өзгерістер екі мәселені шешуге бағытталған. Ең алдымен, заң жобасы бақылау мен жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Ол үшін ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органды және оның құзыретін, ал әрбір мемлекеттік органда уәкілетті бөлімшені не тұлғаны анықтау ұсынылған. Қ.Қабарованың айтуынша, бұл шара штат санын көбейтпейді, ал бұл өз кезегінде бюджетке жүктемені ұлғайтпайды. Демек, басшылық әр ұйымда бір қызметкерге ақпаратқа қол жеткізу мәселесін бақылауды тапсыратын болып тұр.
Сондай-ақ заң жобасында жыл сайын Мемлекет басшысына ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы есеп беруді енгізу көзделген. Есепте жағдайға талдау ғана емес, ақпарат ашықтығына берілген қоғамның бағасы мен азаматтық сектормен бірлесе әзірленген ұсыныстар да болады екен.
Екінші міндет – заңның қолданылу аясын кеңейту. Атап айтқанда, ақпарат иеленушілер қатарына мемлекеттік функцияларды орындайтын басқа да ұйымдарды қосу ұсынылып отыр. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдарына да ашық деректерін жариялау міндеттелуі мүмкін.
Министрлік өкілі бұл түзетулер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына жасалған тағы бір қадам екенін атап айтты. «Ұсыныстар тыңғылықты зерттеу нәтижесінде жасалды. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ЭЫДҰ) ұсынымдары ескерілді, сондай-ақ азаматтық қоғаммен бірге талқыладық. Тұтастай алғанда, бұл өзгертулердің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындауда маңызы зор», деді Қ.Қабарова.
Одан бөлек басқарма басшысы заң жобасының мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың ақпараттық ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруына ықпал ететіне сенімді. Ал біз өз кезегімізде бұл қадам халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтуға, екі тарап арасындағы ақпараттық теңсіздікті жоюға, азаматтық қоғамның дамуына және ел Президенті айтқандай билік пен халық арасында сындарлы диалог орнатуға бастайтынына үміттенеміз.