Халықаралық қаржы институты маусым айында Қазақстанның ІЖӨ биыл 3%-ға қысқарады деп болжағаны есімізде. Бұл байламды қайта қарастырған ұйым сарапшылары оны біршама жақсартқаны байқалады. Банк экономистерінің пікіріне сенсек, 2020 жылы айтарлықтай салықтық және басқа да жеңілдіктерге қарамастан республикада экономикалық белсенділіктің күрт төмендеуі және жұмыссыздық пен кедейліктің өсуі орын алуы мүмкін.
2021 жылы ІЖӨ өсімі 2-3% шегіндегі деңгейге дейін қалпына келуі, сондай-ақ кедейшілік деңгейі біртіндеп төмендеген жағдайда ғана тек 2022 жылға қарай пандемияға дейінгі ахуалға оралуы мүмкін деп нақтылады ұйым сарапшылары.
Инфляциялық қысым осы жылы сақталып, тек 2021 жылы біртіндеп төмендейді деп болжануда және Ұлттық банктің мақсатты диапазонынан жоғары қала бермек.
Төлем балансының ағымдағы шоты 2020 жылдағы дефицитпен пара-пар келуі ықтимал. Өйткені ОПЕК + келісімі өз күшін сақтап қалғанын ескерсек, импорт қалпына енді келе бастайды. Сонымен бірге сыртқы төлем балансы қысымының азаюы экспорт пен мұнай бағасының біртіндеп жақсаруы мен фискалды ынталандырулардың әлсіреуіне тәуелді.
Дүниежүзілік банк мамандары Қазақстан Үкіметі 2021 жылы бюджет тапшылығын қысқартуды көздеп отырғанын еске салды. Қаржы ұйымы келесі жылы мұнай тапшылығынан тыс ІЖӨ көрсеткіші ағымдағы 15%-дан шамамен 9%-ға дейін төмендейді деп бағамдаса керек. Бірақ орта мерзімді мақсаттағы 6%-дан жоғары болады.
Биыл мемлекеттік қарыз 2019 жылдағы 20%-дан шамамен 26,6%-ға дейін ұлғаюы мүмкін. 2021 жылы оның мөлшері 30%-ға жетуі ғажап емес. Есепте көрсетілгендей, бұл сандар қалыпты және Үкімет қарыздың осындай көлемін өтеуге қауқарлы.
Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, Орталық Азия елдерінің экономикасы осы жылы 1,7%-ға қысқарады. Бұл былтырғы өсу қарқынымен салыстырғанда өңір үшін қауіпті құлдыраумен тең.
Биыл Қырғызстанда өсу қарқыны 5,5%-ға төмендеуі мүмкін. Тәжікстан мен Өзбекстан рецессиядан құтыла алғанымен олардың ІЖӨ-нің өсу болжамы көңіл көншітерліктей емес. Мысалы, Тәжікстанда – 1,6%, Өзбекстанда – 0,6%. Сәйкесінше, 2019 жылы оның деңгейі 7,5% және 5,6% межесінде болған-ды.
Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев 8 шілдеде Үкімет 2020 жылды оң экономикалық өсіммен аяқтауға үмітті екенін хабарлаған еді. Алайда әлемдік қаржы институттары биылғы тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасын құлдырау күтіп тұр деп есептейді.