«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» деген ғой кезінде Сұлтанмахмұт Торайғыров. Рас, замана алға жылжыған сайын біз ұлы Абай мұрасына жақындап келе жатырмыз. Әр сөзін бағыт-бағдар ретінде ұстанып, жолбастаушымыздай көреміз. Міне, осыны Елбасы да өз мақаласында жақсы арқау етіп, тұшымды пікірлерін айтып өтіпті.
«Адамзат өркениетінің тарихы сан мәрте дәлелдегендей, ұлы тұлғалар көбіне көненің күйреп, жаңаның бой көтеріп, қоғамның бір сападан екінші сапаға ауысар дәуірінде дүниеге келеді. Жаратушы өз мейірі түскен ерекше жанның бойына нұрлы сипат дарытып, замананың сан алуан факторлары оның қайталанбас дара болмысын сомдайды. Абай Құнанбайұлы тұлғасы да сондай аралық кезеңнің жемісі. Ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір», дейді.
Рас, Абай – біздің темірқазығымыз. Абай аманатын түсініп, ой орманына шын мәнінде тереңнен бойлай алатын адам сирек. Ондай адам биліктің айналасында тіпті сирек. Осы жағынан келгенде, Елбасының Абайды ұғып-түсінуі, тереңнен танып, тұнық зердемен таразылай алуы, жалпы ұлт қайраткеріне, көшбасшысына тән танымы мені тәнті етеді. Өйткені Абай бәрімізге керек дегенімізбен де, мемлекет басында жүрген ел басқарушы адамдарға тіпті қажет. Сол тұрғыдан келгенде, бұл мақала өте құнды деп есептеймін. Өйткені Абайдың әу бастағы ұлы мұраты – бірлік, қазақтың ынтымағы болатын. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» демеуші ме еді ұлы ақын. Қазір әлемде белең алып жатқан түрлі жағдайларға қарап, көз тіге отырып, Абай сөзінің қаншалықты дөп айтылғандығын түсіне, түйсіне түскендей боламын.
Бұл сөз – тұтас қазаққа қалдырған хакімнің аманаты. Демек, Абай аманатына адал болып, бірлігімізді, ұлт ретіндегі ұлылығымызды сақтай алу, жастарымызды, өскелең ұрпақты білімге баулып, жарқын болашаққа бастай алу – міне, Абай салған сара жолдың басты өзегі осында жатса керек. Елбасы мақаласында осы жағы терең сөз болады. Абайды оқып қана қоймай, санасына тоқығаны, терең білетіндігі әр сөйлемінен айқын сезіліп тұрады. Әр нәрсені уақытында байқап, уақытында қалт жібермей қарап, қадағалап отыратын қасиеті де үлкен құрметке ие деп есептеймін. Ал бұл мақаласын, тұшымды толғамын Елбасының ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай перзенттік парызын орындау мақсатында жазылған кесек дүниесі деп бағаладым. Мұнда Елбасы Абай ойы арқылы бүгінгі қазақ келбетін, келешегін керемет көрегендікпен сараптайды. Мақаланың ішінде өте жақсы ойлар айтылған. Бұл әсіресе қазіргі жастарымызға аса қажет дүние. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласын дер шағында жазылған, ұлы ақынның 175 жылдығына орай шыққан оқырманға қажетті мақала деп қараймыз. Абай аманатына адал болу – әр қазақтың парызы!
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,
абайтанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор