Пікір • 09 Қазан, 2020

Аманатқа адал болу – әр қазақтың парызы

373 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Абайдың мұрасына оқтын-оқтын оралып келіп, үнемі өз пікірін, ой-толғамдарын білдіріп отырады. Ол кісінің ең үлкен ерлігі – Абайдың 150 жылдығында мықты баяндама жасағандығы дер едім. Кейіннен тағы да бірнеше дүние жазғаны бар. Үзбей оқып отырамын. ««Egemen Qazaqstan» газеті бетінде жарияланған «Абай аманаты» мақаласы да сол ой-пайымдарының жалғасы болса керек.

Аманатқа адал болу – әр қазақтың парызы

«Асыл сөзді іздесең, Абай­ды оқы, ерінбе!» деген ғой кезінде Сұлтанмахмұт Торай­ғыров. Рас, замана алға жыл­жы­ған са­йын біз ұлы Абай мұ­ра­сына жа­қындап келе жатыр­мыз. Әр сөзін бағыт-бағдар ретінде ұстанып, жолбастаушымыздай көреміз. Міне, осыны Елбасы да өз мақаласында жақсы арқау етіп, тұшымды пікірлерін айтып өтіпті. 

«Адамзат өркениетінің тарихы сан мәрте дәлелдегендей, ұлы тұлғалар көбіне көненің күйреп, жаңаның бой көтеріп, қоғамның бір сападан екін­ші сапаға ауысар дәуірінде дүниеге келеді. Жаратушы өз мейірі түскен ерекше жанның бойына нұрлы сипат дарытып, замананың сан алуан факторлары оның қайталанбас дара болмысын сомдайды. Абай Құ­нанбайұлы тұлғасы да сондай аралық кезеңнің жемісі. Ескі­нің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір», дейді.

Рас, Абай – біздің темір­қазы­ғымыз. Абай аманатын түсініп, ой орманына шын мәнінде тереңнен бойлай алатын адам сирек. Ондай адам биліктің айналасында тіпті сирек. Осы жағынан келгенде, Елбасының Абайды ұғып-түсінуі, тереңнен танып, тұнық зердемен таразылай алуы, жалпы ұлт қайраткеріне, көшбасшысына тән танымы мені тәнті етеді. Өйткені Абай бәрімізге керек дегенімізбен де, мемлекет басында жүрген ел басқарушы адам­дарға тіпті қажет. Сол тұр­­ғыдан келгенде, бұл мақала өте құнды деп есептеймін. Өйт­кені Абайдың әу бастағы ұлы мұраты – бірлік, қазақтың ынты­мағы болатын. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» демеуші ме еді ұлы ақын. Қазір әлемде белең алып жат­қан түрлі жағдайларға қарап, көз тіге отырып, Абай сөзі­­нің қаншалықты дөп айтыл­ғандығын түсіне, түйсіне түс­кендей боламын.

Бұл сөз – тұтас қазаққа қал­­дыр­ған хакімнің аманаты. Демек, Абай аманатына адал болып, бірлігімізді, ұлт ре­­­тін­дегі ұлылығымыз­ды сақ­­тай алу, жастарымызды, өске­­лең ұрпақты білімге бау­лып,  жарқын болашаққа бас­тай алу – міне, Абай сал­ған сара жолдың басты өзегі осында жатса керек. Елбасы мақа­ла­сында осы жағы терең сөз болады. Абайды оқып қана қоймай, санасына тоқы­ғаны, терең білетіндігі әр сөйлемінен айқын сезіліп тұрады. Әр нәрсені уақытында байқап, уақытында қалт жі­бер­­мей қарап, қадағалап оты­ратын қасиеті де үлкен құр­метке ие деп есептеймін. Ал бұл мақаласын, тұшымды толғамын Елбасының ұлы ақын­ның 175 жылдық мерейтойына орай перзенттік парызын орындау мақсатында жазылған кесек дүниесі деп бағаладым. Мұнда Елбасы Абай ойы арқылы бүгінгі қазақ келбетін, келешегін керемет көре­гендікпен сараптайды. Мақаланың ішінде өте жақсы ойлар айтылған. Бұл әсіресе қазіргі жастарымызға аса қажет дүние. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақа­ласын дер шағында жазылған, ұлы ақынның 175 жылды­ғы­на орай шыққан оқырманға қа­жетті мақала деп қараймыз.  Абай аманатына адал болу – әр қазақтың парызы!    

 

Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ,

абайтанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор