Кеше Ұлттық академиялық кітапханада «Самұрық-Қазына» АҚ-тың жанындағы «Эксперт» клубы «Кеден одағы: қолдау және қарсы болу» тақырыбында кезекті пікір алмасу шарасын өткізді.
Кеше Ұлттық академиялық кітапханада «Самұрық-Қазына» АҚ-тың жанындағы «Эксперт» клубы «Кеден одағы: қолдау және қарсы болу» тақырыбында кезекті пікір алмасу шарасын өткізді.
Шараға еліміздің Қаржы министрлігінің бірқатар сарапшы мамандары мен Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының, сондай-ақ бизнесмендер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Өкінішке орай, пікірталас алаңына шақырылған сарапшылар мен депутаттардың және кәсіпкерлердің бірнешеуі келе алмай қалыпты. Мұны клубтың жетекшісі әрі осы шараның модераторы Нұрлан Ерімбетов айтты.
– Бізге Кеден одағы керек пе? Ол кім үшін пайдалы? Өндірушілерге тиімді ме, жоқ әлде тұтынушыларға пайдалы ма? Шенеуніктер Кеден одағы шеңберінде қарапайым тұтынушылардың мүддесін дұрыс қорғай алып жүр ме? Кеден одағының қызметін неғұрлым тиімді ету, еліміздің экономикалық мүдделерін белсенді түрде қорғау үшін не істеу керек? Осы және тағы басқа сұрақтарға бүгін мүмкіндігінше толыққанды жауап іздейміз, – деді жүргізуші.
Пікірталастың бірінші бөлімі Кеден одағы туралы ой жарысына арналды деуге болады. Келген мамандар мен бизнес өкілдерінің барлығы дерлік Кеден одағының ел экономикасы мен өнім өндірушілеріне тиімді тұстарын айтып шықты. Десе де, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының Экономикалық интеграциялар департаменті директорының орынбасары Владимир Пак қазақстандық кәсіпкерлерге Ресей рыногында әлі де кейбір кедергілердің кездесіп қалып жүргенін айтып қалды. Әйткенмен, Кеден одағы арқылы өнім шығарушылардың іргесі күн санап кеңейіп келе жатқанын тілге тиек етті. Ал, Қазақстанның ет-сүт одағы басқармасының төрағасы Иван Сауэр Кеден одағының кәсіпкерлерге тиімді көптеген тұстарын атап өтті. «Қазақ елінің бидайымен Ресейдің де, Беларусьтің де астық дәні бәсекелесе алмайды. Оны көзіміз көріп жүр. Тіпті оны дәлелдеп жатудың өзі артық. Ет өніміне келсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев неге қайта-қайта ет өнімін экспорттау мәселесін көтере береді? Себебі, қазақ жерінде өскен малдың еті дәмді әрі құнарлы. Сондықтан оны қолынан іс келетін кез келген кәсіпкер қысылмай үлкен рынокқа шығарып, пұлдауына болады. Біздің кәсіпкерлердің әзірше бұған мойны жар бермей тұрғаны өкінішті», деді одақ төрағасы.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасынан кәсіпкерлерге Кеден одағы мен Дүниежүзілік сауда ұйымының қайсысы қолайлы екендігі туралы да сұрақ қойылды. «Одақ аясында бәсекелестікке мүмкіндігінше тезірек үйреніп алсақ, Дүниежүзілік сауда ұйымына солғұрлым жылдамырақ қосылғанымыз тиімді ғой», деді Иван Адамович. Оның пікіріне құлақ ассақ, Қазақстан кәсіпкерлері 20 жылдан астам уақыттан бері бәсекесіз тіршілік жасап, әбден «еркелікке» бой алдырған. Әйтпесе, жақсылап сілкініп, іске кіріссе, Кеден одағының да, Дүниежүзілік сауда ұйымының да талап үдесінен еркін шығуына қабілеті де, мүмкіндігі де жетеді екен.
Өкініштісі, арнайы шақырылған мамандардың көпшілігі келмей қалып, шарада көтерілген бірталай сұрақтар жауапсыз қалды. «Оларды қайта көтеріп толықтыру алдағы күннің еншісінде», деді модератор.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».