Аймақтар • 09 Қазан, 2020

ҚазҰУ-де Қазақ-француз ғылым, технология және энергетика институтын құруға уағдаласты

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі «Геоэнергетика» орталығы базасы негізінде Қазақ-француз ғылым, технология және энергетика институты құрылады. Бұл туралы қазақстандық жетекші ЖОО ректоры Ғалым Мұтанов пен Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартине екіжақты кездесу барысында келісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚазҰУ-де Қазақ-француз ғылым, технология және энергетика институтын құруға уағдаласты

Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да «Гео-Энергетика» орталығы табысты жұмыс істейді, ол 2010 жылы Франция мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шарт аясында құрылды. Осы уақыт аралығында бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Информатика» және «Механика» мамандықтары бойынша 100-ден астам магистрант және 20-дан астам докторант дайындалды.

Кездесу және ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылау барысында француз тарапы «Гео-Энергетика» орталығының негізінде Қазақстан-Француз ғылым, технологиялар және энергетика бірлескен институтын құру туралы бастама көтерді. ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов үлкен қызығушылық танытып, ауқымды жобаны жүзеге асыруға атсалысуға дайын екендігін білдірді.

Институттың ашылуы ҚазҰУ мен Франция университеттері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Лотарингия университетімен және Шампан-Арденн Реймс университетімен серіктестікте мұнай-газ ісі, энергетика, математика және механика мамандықтары бойынша төрт бірлескен екі дипломды магистрлік бағдарламалар әзірленді. Сондай-ақ, ҚазҰУ студенттері Францияда оқып, кәсіби тағылымдамадан өтіп қана қоймай, француз тілінің қарқынды курстарынан өтуге мүмкіндік алады.

Кездесу соңында Елші Филипп Мартине Франция мен Қазақстан университеттері арасындағы ғылыми-білім беру және мәдени байланыстарды дамытуға қосқан зор үлесі үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алтын медалімен марапатталды.