Аймақтар • 09 Қазан, 2020

Алматыда 1600 адам емхана таңдау құқығын пайдаланды

236 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бұл күндері Алматыда емханаға тіркелу кампаниясы жүріп жатыр. Тіркеу науқанының тек алғашқы үш аптасында 1 600 тұрғын емхана ауыстырған. Қыркүйектің 15-інде басталған жыл сайынғы дәстүрлі кампания қарашаның ортасына дейін жалғасын таппақ.

 

Алматыда 1600 адам емхана таңдау құқығын пайдаланды

 

«Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры» КеАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, емхана ауыстыратындар жыл өткен сайын азайып келеді. Яғни тұрғындардың басым бөлігі тұрғылықты жеріндегі емдеу мекемесінің қызметіне жүгінуді жөн санайды. Мұны соңғы жылдары жұртшылықпен, медицина ұйымдарымен жүргізілген жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесі деуге болады.

Тағы бір айта кететін мәселе, емхана­ға тіркеу кезінде сақтандыру мәрте­бесі болуы шарт емес. Пациенттер кепілден­дірілген тегін медициналық көмек паке­тіндегі қызметтерді сақтандырылса да, сақ­тандырылмаса да пайдалана ала­ды. Атап айтқанда, жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауру­ларды емдеу, емханадағы бастапқы меди­циналық-санитарлық көмек, дәрі-дәр­мекпен қамту, паллиативтік көмек, ста­цио­нарлық және стационарды ал­мас­­тыратын көмек, консультативтік-диаг­ностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі. Былайша айтқанда, шұғыл кө­мек еліміздің барлық азаматтарының бәрі­не бірдей көрсетілуі тиіс. Бұл үшін сақтан­дырылған болу шарт емес. 

 

1 600 адам емхана ауыстырды

Статистикаға сүйенсек, жыл сайын шамамен 300 мыңнан астам азамат осы науқанда емхана таңдау құқығын пайдаланды.

Жалпы, емханаға тіркеу өткен жылдан бастап e-Gov электронды үкімет порталы арқылы жүргізіліп келеді. Тіркелу үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Бір сөзбен айтсақ, тіркеу процесі автоматтандырылды. Бұл емханаға «сырттай» тіркеу сынды фактілерді болдырмауға көмектеседі. Соңғы жылдары тіркеуге қатысты осындай шағымдардың күрт
азаюы сөзімізге дәлел бола алады. Ара­лық статистикаға сүйенсек, бүгінге дейін Алматы қаласында 1 600 адам емхана таңдау құқығын пайдаланған.

 

Қандай қағида ұстанған жөн?

Ең алдымен, тіркелетін емхана үйге жақын маңда болғаны дұрыс. Себебі қай-қайсымыз да ауыра қалсақ бірден емханаға барамыз. Әсіресе, үйдегі жа­қындарымыз сырқаттанған жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне қолайлы. Екіншіден, отбасылық принцип­ті ұмытпаған жөн. Яғни ата-ана да, балалары да бір емханаға тіркелгені жөн. Оның үстіне, жедел жәрдем саласындағы соңғы реформа бойынша қазір 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жедел жәрдем қызметі емес, жергілікті емхана дәрігерлері барады.

Электронды үкімет қызметін пайда­лануға мүмкіндігі бола бермейтін, оны пай­далану білмейтін азаматтар да бар­­шылық. Олардың бұрынғыша ем­хананың тіркеу бөлімі арқылы тірке­луіне мүмкіндік берілген. Мысалы, зей­нет­керлер мен мүгедектер, студенттер, балалардың заңды өкілдері мен бала­лық шақтан мүгедек тұрғындардың қамқор­шылары, шетелде туған балалар, түрмеде жазасын өтеп жатқандар (сол жердегі емдеу мекемесіне тіркеле алады), әскери борышын өтеп жатқандар, бөбектер, балалар мен қарттар үйлерінің тұрғындары, ресми сенімхат арқылы тіркелетіндер.

 

Мегаполисте 73 емхана қызмет көрсетеді

Бүгінгі таңда Алматы қаласында кепіл­дендірілген тегін медициналық көмек пакеті мен медициналық сақтан­дыру пакеті шеңберінде 73 емхана қызмет көрсетеді. Оның жартысына жуы­ғы – жекеменшік. Яғни тіркеу нау­қа­ны барысында мемлекеттік қана емес, жекеменшік емдеу ұйымдарына да тір­келуге болады. Тек таңдап алынған клиника Медициналық сақтандыру қорының базасына енген болуы шарт.

Жалпы, әр емханада арнайы мамандар бар, олар пациенттердің электронды үкімет порталы арқылы тіркелуіне көмектеседі.

Бір ескеретін мәселе, биылғы басқа емханаға тіркелген тұрғындар таңдаған емхана қызметін 2021 жылдың 1 қаң­тарынан бастап пайдалана алады. Яғни жылдың соңына дейін бұрынғы емханаға қаралады.

 

Қандай жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін?

Мәселен, пациент жіберген құжат­тардағы мәліметтерде қате болса, па­циенттің мекенжайы таңдап алын­ған емдеу мекемесі орналасқан бірлік аумағынан алыс болса, емхана бұл жағ­дайда тіркеуден бас тартуы мүмкін.

Сондай-ақ бір дәрігерге тіркелген адам саны 1700 адамнан, учаскелік терапевке тіркелгендер саны 2200-ден, учаскелік педиатрға тіркелген 6 жасқа дейінгі балалар саны 500-ден, 14 жасқа дейінгі бала саны 1400-ден асып кетсе, баланың немесе жоғарыда көрсетілген тұлғалардың заңды өкілі екенін растайтын құжат болмауы сынды жағдайлар тіркеуден бас тартуға негіз болуы мүмкін.

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жүрген статус мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ.

– Өздеріңіз білесіздер, міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап то­лық­қанды іске қосылды. Бірақ қаңтар айынан бастап үш айға жеңілдік мерзімі жарияланып, кейін карантинге байланысты тағы да үш айға ұзартылды. Осы уақыт аралығында медициналық қызмет Қазақстанның барлық азаматтарына, сақтандырылса да, сақтандырылмаса да көрсетілді. Бір жағынан, бұл корона­вирус инфекциясының өршуіне байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде халыққа көрсетілген қолдау болса, екінші жағынан жалпақ жұртшылық жаңа жүйенің артықшылықтарын сезі­нуі үшін қабылданған шешім болатын. Өкінішке қарай, көпшілік мұны жар­на төлеу міндетінен босату деп қабыл­дады. Салдарынан көпшілік сақ­тан­дыру пакетіне енетін қызметтерді пайдалана алмады, – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Т.Әбілдаев.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 3 млн адам сақтандырылмаған. Алма­тыда жүйеге енбегендер саны 300 мың­нан асады. Көбі – жарнаны тұрақты төлемегендіктен статустан айырылып қалған бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, жеке кәсіпкерлер.

Сақтандырылмағандардың біраз бөлігі – төтенше жағдай кезінде табыстан айырылып, жарна төлей алмаған тұрғындар. Соған байланысты қор Үкіметке табыс көзінен айырылған азаматтардың статусын қалпына келтіру жөнінде бірқатар ұсыныс жасаған болатын. Нәтижесінде 740 мыңға жуық адамның статусы қайта­рылды. Осылайша, пандемия кезін­де табысынан айырылғандар МӘМС паке­тіндегі қызметтерді пайдалануға мүм­кіндік алды.

Елімізде бірқатар шағын және орта бизнестің 29 санаты 1 сәуірден 1 қазанға дейін, ірі бизнестің 10 санаты 1 шілдеге дейін салықтан босатылған болатын. Сондай-ақ  Президенттің 1 қыркүйектегі Жолдауы негізінде экономиканың пандемиядан зардап шеккен салаларында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес нысандарын төлемдерден жыл соңына дейін босату туралы шешім қабылданды (Президенттің 2020 жылы 14 қыркүйектегі №413 Жарлығы).

Жеңілдікті пайдалану үшін жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлері туралы мәліметті қордың сайтына орналастыруы тиіс. Тізім айына бір рет  жаңартылады.

 

Шұғыл көмек бәріне бірдей көрсетілуі тиіс

Қазір елімізде медициналық кө­мек екі пакет бойынша көрсетіледі. Бірі – сақ­тандыру пакеті, екіншісі – кепілден­дірілген тегін медициналық көмек пакеті. Яғни жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеу­меттік маңызы бар ауруларды емдеу, ем­ханадағы бастапқы санитарлық-ме­дициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызмет­тер бұрынғыша тегін көрсетіледі. Былайша айтқанда, шұ­ғыл көмек еліміздің барлық азамат­тарының бәріне бірдей көрсетілуі тиіс. Бұл үшін сақтандырылған болуы шарт емес. Мысалы, созылмалы сырқатқа шалдыққандар, әлеуметтік маңызы бар сырқатына байланысты тіркеуде тұр­­­ған және динамикалық бақылауға алынған пациенттерге медициналық көмек осы кепілдендірілген көмек пакеті шеңберінде көрсетілуі тиіс. Соңғы кезде аталған сырқаттармен ауыратын пациенттерге көмек көрсетуден бас тарту фактілері көбейіп кеткені рас. Ондай жағдайда қордың Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы мен 1406 шұғыл желісі арқылы шағымдануға болады.

 

Алматы жарна төлеуде көш бастап тұр

Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген 2017 жылдың 1 шілдесі мен  2020 жылдың 1 қазаны аралығында қорға 423,1 млрд теңгеге жуық қаржы жинақ­талды.

Жарна көлемі жағынан Алматы қа­ласы көш бастап тұр. Яғни жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астананың еншісінде. Жалпы, 2017 жылдың шілдесінен бүгінге дейін­­гі аралықта Алматы қаласынан қорға 81,3 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 68 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары болса, қалған 13,3 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бо­йынша еңбек ететіндерге тиесілі. Сондай-ақ 2019 жылдың басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 193 мың алматылық 312,6 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлеген.

 

АЛМАТЫ