Қоғам • 09 Қазан, 2020

Пандемия кезеңінде кәсіподақ қызметі күшейді

806 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Коронавирус пандемиясы жекелеген адамдардың санасына ғана емес, мемлекеттің саясатына, экономикалық жағдайына ерекше әсер етті. Індеттің таралуы отандық экономиканың әрбір саласына түбегейлі өзгеріс әкелді. Барлық еңбек ұйымдары алдағы жылдарға жариялаған жоспарларын бұзып, жұмыс режиміне бұған дейін  болмаған тың тәжірибелер енгізе бастады.

Пандемия кезеңінде кәсіподақ қызметі күшейді

Індеттің таралуына байланысты елімізде карантин режимі енгізілген кезең елдегі ең ірі қоғамдық ұйым саналатын «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ қызметі үшін сынаққа толы болды.  Қауіпті вирустың етек жаюына жол бермеу мақсатында мемлекеттік комиссия шешімі негізінде білім беру ұйымдарының қызметі уақытша тоқтатылып, жоғары, кәсіптік және техникалық, жалпы орта білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқытуды енгізу туралы шешім қабылданды.   

Бұл жағдай еңбек қатынастарын ұйымдастыруда бірқатар қиыншылықтар туғызып, соның бірі жұмыс күшін бұқаралық босатуға әкеліп соқты. 

Жұмыс берушілер жағдайды реттеудің қолданыстағы құқықтық құралдары: қашықтықтан жұмысты ұйымдастыруға, толық емес жұмыс уақытын енгізуге, жұмысты тоқтатуға, қызметкерлерге ақы төленетін демалыстар, жалақы сақталмайтын демалыстар беруге мәжбүр болды. 

Дәл осы қысылтаяң кезеңде кәсіподақ ұйымдарының алдына сала қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, олардың кірістерінің деңгейін барынша сақтау секілді маңызды міндет қойылды. Әдеттен тыс шаралар қабылдау қажеттілігі туындады.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы саланың жұмыс берушілеріне жұмыскерлерді еңбекақыларының қолданыстағы көрсеткіштерімен қамтамасыз ету, ақысы төленбейтін демалыстарға жіберуге жол бермеу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарын беру және қолдану кезінде заңдылық режимін қамтамасыз ету талабымен үндеу жасады. Төтенше жағдай және карантин режимі кезінде жұмыс берушілердің ықтимал іс-әрекеті туралы нұсқаулықтар әзірлеп, түсіндірмелер берді. Салалық кәсіподақтың құқықтық қызмет бөлімінің мамандары жедел түрде жұмыстың бос тұрып қалу режиміне ауыстырылған қызметкерлерге төлем төлеу, демалыстардың барлық түрлерін беру тәртібі мен оларға төленетін ақы және еңбек қатынастарының басқа да мәселелері бойынша түсіндірмелер әзірлеп, оларды БАҚ беттеріне және әлеуметтік желілерде  жариялады.

Қызметкерлердің құқықтарын бұзушылықты анықтау және оларды тез арада жою мақсатында барлық әлеуметтік желілердің жүйелі мониторингісі жасалып, Facebook, Instagram, Telegram желілерінде ашық топтар құрылды. Кәсіподақ өкілдері аптасына жеті күн ішінде, демалыссыз, қызметкерлер мен жұмыс берушілерге телефон және интернет байланыс желісі бойынша кеңестер беруді күнделікті жұмыс тәртібіне айналдырған. Әсіресе, білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту режимі енгізілген мерзімнің алғашқы кезеңдерінде сала қызметкерлерінің көптеген сұрақтары туындап, кәсіподаққа жүгінген жағдайдар жиіледі. Мәселен, 25 наурыз бен 25 мамыр аралығында Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдарының құқықтық қызмет мамандары Сала қызметкерлеріне 15 мыңнан астам кеңес берді. Мыңнан астам жазбаша өтінішті қарады.

Қиын жағдайларда қолданылатын маңызды құралдардың бірі әлеуметтік әріптестік жүйесі болып табылады. Мысалы, еліміздің көптеген аймақтарында салалық аймақтық келісімдер әзірлеу кезінде Кәсіподақтың ұсыныстары ескеріліп, қызметкерлердің жұмыстың бос тұрып қалуы кезінде ҚР Еңбек кодексінің нормаларымен көзделген мөлшерден артық төлемдер алуына мүмкіндік жасалды. Бұл күрделі кезеңде жұмыскерлердің мүддесін таныту бағытында атқарылған үлкен жұмыстардың бір парасы.

1191 қоғамдық бақылау – 1093 заңбұзушылық

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы қызметінің негізгі бағыттарының бірі – сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау. Бұл бағытта Салалық кәсіподақ жыл сайын жүйелі жұмыстарын жүргізіп келеді, қол жеткізілген табыстар аз емес.

Мәселен, биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының құқықтық қызметтері білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасын орындау бойынша 1191 қоғамдық  бақылау жүргізіп, 1093 түрлі еңбек заңнамасын бұзушылық дерегін анықтады. Оның ішінде 378 - айлық ақының дұрыс төленбеуіне, 229 - жұмыс уақыты мен демалу режимін бұзушылыққа, 349 - еңбек қатынастарын рәсімдеуге қатысты.

Сонымен қатар, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 54 қызметкер жұмысына қайта орналастырылды, оның 3-і сот арқылы. 91 қызметкердің заңсыз жұмыстан қудалануының алды алынды.

Жоғарыда аталып өткендей, салада орын алған құқықбұзушылықтардың арасында еңбек ақыны дұрыс есептемеу дерегі жиі кездеседі. Биыл 6 айда кәсіподақтың араласуымен сала қызметкерлеріне 653 893 331 теңге қайтарылып берілді. Бұл педагогтардың еңбекақыларын, сондай-ақ педагогикалық шеберлік бойынша біліктілік санатына, магистр дәрежесіне берілетін қосымша ақылар, сонымен қатар, еңбек демалысының ақысы мен сауықтыруға арналған жәрдем ақының тиісті деңгейде есептелмеу салдарынан қайтарылған қаражат.

Салалық ұйым кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен мүдделерінің бұзылуын болдырмау мақсатында жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.

Covid-19: кәсіподақ қол созды

Елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген тұста Салалық кәсіподақ республикалық «Біз біргеміз» науқанына белсенді қатысып, қазақстандықтарға қол ұшын берді. Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдары шұғыл түрде кәсіподақ бюджетінен қаржы бөліп, ел бойынша 5000-ға жуық отбасына көмек көрсетті. Олардың арасында көп балалы, аз қамтылған отбасылар, ардагер педагогтар, қарттар мен мүгедектер бар. Әр өңірде кәсіподақ өкілдері оларға жеке қорғаныш құралдары – бетперделер, бір реттік қолғаптар, антисептикалық құралдар мен азық-түлік себеттерін жеткізіп берді. Осы жұмыстар аясында еріктілер күшімен 200 мыңға жуық бетперде тігіліп, аймақтарда халыққа тегін таратылды.

Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары қиын кезеңдерде кәсіподақ мүшелеріне қолдау көрсетуді игі дәстүрге айналдырған. Биылғы жылы Түркістан облысының, Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық көмек берілді. Қиын жағдайға тап болған халықты Салалық кәсіподақтың барлық ұйымдары қаржылай қолдады. Атап өту керек, Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары Мақтааралға қайырымдылық көмек ретінде кәсіподақ бюджетінен барлығы 21 млн теңге көлемінде қаржы жұмсады. Оның 12 млн 775 мыңы кәсіподақ мүшелеріне қаржылай берілсе, 4 млн-ы ҚР Кәсіподақтар федерациясының мектептерге 100 ноутбук алуы үшін қосылды. Қалған қаражат кәсіподақ мүшелерін сауықтыруға жұмсалды.

Жаңа оқу жылы: ұстаздарға 1000 ноутбук

Жаңа оқу жылына дайындықты Салалық кәсіподақ жаз мерзімінен бастап жүргізеді. Өйткені сала қызметкерлері мен олардың балаларын еңбек демалысында сауықтыру, жазғы демалыстарын ұйымдастыру кәсіподақ қызметінің тағы бір маңызды бағыты болып есептеледі. Ағымдағы жылы елімізде орын алған санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты, соған сәйкес карантиннің енгізілуі салдарынан, демалушылар саны айтарлықтай азайды. Үкімет қаулысымен санаториялық-курорттық және емдеу-сауықтыру орталықтарында азаматтарды қабылдауға 3 маусымнан бастап рұқсат берілді. Үкімет қаулысы шыққан соң кәсіподақ мүшелеріне емдеу-сауықтыру орындарына жолдамалар таратылды. Биыл Салалық кәсіподақ 12 639 қызметкерді, 1 859 баланы сауықтырып үлгерді. Атқарылған жұмыстар, педагог-қызметкерлердің жаңа оқу жылына жаңа серпінмен келуіне септігін тигізетіні сөзсіз.

Коронавирус пандемиясына байланысты жаңа оқу жылы оқушылардың басым бөлігі үшін қашықтықтан оқыту форматында басталды. Қашықтықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ әлеуметтік әріптесіміз – ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұстаздарды қолдау туралы ұсынысына сәйкес, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы елдегі педагогтарға көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Осы жұмыстардың аясында биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында кәсіподақ мүшелері – ұстаздарды жан-жақты қолдау шаралары жүзеге асырылды.

Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары тарапынан республиканың жалпы білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтарға 1000 ноутбук құрылғысы табысталды. Ноутбуктердің көпбалалы, аз қамтылған ұстаздарға берілгенін атап өткен жон.

Компьютерлік техникалардың басым бөлігі сала қызметкерлеріне қайтарымсыз негізде берілсе, кейбір аймақтарда Салалық ұйым ұстаздарға ноутбук сатып алуға қаржылай көмектесті.

Күн тәртібінде – кәсіподақтар қозғалысын дамыту

Салалық білім кәсіподағы мен оның мүшелік ұйымдарының атқарып отырған жұмыстарының нәтижесі күрделі кезеңде  жаһандық сипаттағы үлкен сыннан сүрінбей өтіп келе жатқанының айқын дәлелін көрсетеді.

2020 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кезекті XXVI съезі өтті. Съезде ҚР Кәсіподақтар федерациясының 5 жылғы жұмысы қорытындыланды және алдағы бес жылға ҚРКФ қызметінің басым бағыттары анықталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Съезд делегаттарына жолдаған құттықтау хатында еліміздегі кәсіподақтар қызметіне жоғары баға берді, жаңа міндеттер жүктеді. «Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі. Федерация осындай ұстаным мен мәртебесі арқылы мықты, белсенді әрі іскер көшбасшыларды даралап шығару керек. Мен кәсіподақтардың кадрлық құрамына жастардың қосылғанын қалаймын. Сол арқылы ашық бәсекелестікке жағдай жасалып, еңбеккер жастарға тиімді әлеуметтік мүмкіндіктер ұсынылады» делінген Президенттің құттықтауында.

Съезде кәсіподақтар қозғалысын одан әрі жаңғырту мен реформалаудың жолын анықтайтын және жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін сенімді қорғауды одан әрі қамтамасыз ететін тиімді жұмыс үшін негіз болатын Қазақстан Республикасының кәсіподақтарының 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясы қабылданды. Жаңа құжаттың елімізде жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге және еңбек адамын лайықты өмір сүру деңгейімен қамтамасыз етуге, әлеуметтік диалогтың жаңа форматына ауысу жағдайында еліміздегі кәсіподақтар қозғалысын дамытуға ықпал ететініне сенеміз.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы құрамындағы ең ірі Салалық ұйым ретінде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ кәсіподақтардың алдында әлеуметтік әріптестермен  бірге күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайдан ең аз шығынмен шығу және әрбір қазақстандықтың ертеңге деген сенімін сақтау міндеті тұрғанын үлкен жауапкершілікпен сезінеді. Қазіргі таңда кәсіподақтар ұйымы пандемия жағдайында сала қызметкерлерінің мәселелерін тиімді шешу үшін жаңа, тың тәжірибелерді қолданысқа енгізуде. Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін таныту бағытында жүйелі жұмыстарын жүргізуді әрі қарай жалғастыра  береді.

 

Айгүл Мұқашева,

«Қазақстандық салалық білім және ғылым

қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы.