13 Қараша, 2013

«Хайян» дауылы сансыратып кетті

217 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Хайян» – қуаты жөнінен Филиппинде ойран салған соңғы жүз жылдағы ең күшті дауыл делініп отыр. Қазіргі кезде табиғи апат салдарынан көз жұмғандар саны шамамен 10 мың адам деген мәлімет бар. Бірақ қираған қалалар мен ауылдардағы үйінділерді тазаламай жатып қаза тапқандардың дәл санын айту мүмкін емес.

Ел мыңдаған аралдарда орналасқандықтан, келіп жатқан гуманитарлық көмектер де елді мекендерге бірдей деңгейде бөліне алмауда.

Шарайна

«Хайян» – қуаты жөнінен Филиппинде ойран салған соңғы жүз жылдағы ең күшті дауыл делініп отыр. Қазіргі кезде табиғи апат салдарынан көз жұмғандар саны шамамен 10 мың адам деген мәлімет бар. Бірақ қираған қалалар мен ауылдардағы үйінділерді тазаламай жатып қаза тапқандардың дәл санын айту мүмкін емес.

Ел мыңдаған аралдарда орналасқандықтан, келіп жатқан гуманитарлық көмектер де елді мекендерге бірдей деңгейде бөліне алмауда.

Сондықтан күні бүгінге дейін еш жәрдем ала алмай отырған қалалар мен ауылдар да бар. Осының салдарынан ұрлық-қарлық белең алуда. Әсіресе, азық-түлік пен ауыз суға деген сұраныс үлкен. Адамдар мұндай қадамдарға амалдары жоқтықтан барып жатқандарын да жасырмайды. Елге әлемнің көптеген аймақтарынан гуманитарлық көмектер де жеткізіле бастады. Мәселен, Жапония 10 млн. доллар қайтарымсыз көмек беру туралы шешім қабылдады.

Елдегілерді қаралаған ерке қыз

Өзбекстан президентінің қызы Гүлнар Каримова өзінің твиттерінде жергілікті арнайы қызметтегі­лерге қаратып кезекті айыптауларын жазды. Бұл жолы ол президенттің қауіпсіздік қызметіндегілерді (ПҚҚ) жерден алып, жерге салады.

Президент қызының сөзіне қарағанда, ПҚҚ-ның бірқатар қызметкерлері көрінеу тұтқынға алынған. Бұл жайт аталған қызмет бастығының бұрынғы орынбасары Ботир Умаровтың сыбайластарының куәгерлік танытуы негізінде жүзеге асырылса керек. Енді олар өздерінің іс-әрекеттеріне бастарымен жауап берсін, деп жазады Г.Каримова. Оның жазуынша, қауіпсіздік қызметінде нағыз шектен шығушылық – қол астындағыларға қол жұмсау, жұмыс орнында мастыққа бой алдыру секілді ауажайылушылық қалыптасқан.

Торонто мэрі нашақор әрі маскүнем

Бұған дейін Канаданың Торонто қаласының мэрі Роб Форд туралы әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары біраз шулаған ақпараттар таратты. Бұл шу негізсіз емес екенін айғақтайтын фактілер де аз емес секілді. Соның біреуі «Еуроньюс» телеарнасынан да көрсетілді.

Қала халқының жаппай наразылығына қарамастан, нашақор әрі ішкіш қалабасы қызметінен кетпейтінін, емделетінін, өйткені, қала тұрғындарының алдындағы міндетін атқаруы керектігін айтып, біраз қасарысты. «Теледидарға шыққан бейнероликтен менің қатты мас екенім анық байқалады. Мен шын мәнінде қатты мас едім. Торонто азаматтарына басқа не дерімді білмеймін», деген еді 44 жастағы қала мэрі журналистерге қаратып айтқан сөзінде. Алайда, Торонто полиция­сы өздерінде мэрге қатысты тағы бір бейнеролик бар екенін мәлімдеп отыр. Ол сотта айғақ ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Польша мен Украина кімнен қорғанбақ?

Польша қорғаныс министрлігі Украина қорғаныс-өндірістік кешенінің өкілдері­­­мен поляк жерінде танкке қарсы қолда­нылатын зымыран кешенін бірле­сіп жасау мүмкіндігі жөнінде келіссөз жүр­гізген. Польшаны Украинада жаса­­­латын «Барьер» деп аталатын зымы­­­ран кешені қызықтырып отырған секілді.

Сөйтіп, үстіміздегі жылғы қараша айының соңында әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі поляк-украин бірлескен комитетінің мәжілісі өтеді деп күтілуде. Онда Украина Польша тарапына өзінің ұсыныстарымен шықпақ. Ал «Барьерге» келсек, ол БТР-дің немесе бронетранспортердің мұнарасына орнатылатын қондырғы болып табылады. «Барьер» 5 мың метр қашықтықтағы нысананы жойып жіберуге қабілетті көрінеді. Осылайша, Украина мен Польша басшылығы өздерінің әскери-техникалық ынтымақтастығын айтарлықтай деңгейде ұлғайта түсуге ниет танытып отырғандай.

Бейбіт келісімге қол қойғысы жоқ

Конго Демократиялық Республикасының (КДР) басшылығы үкіметтік әскерлермен соғыста өзінің жеңілгендігін мойындаған М23 көтерілісшілер тобымен бейбіт келісімге қол қоюдан бас тартты. Қол қою салтанаты кеше М23 серкелері жасырынып жүрген Угандада өтуі тиіс болатын.

Бірақ КДР басшылығының өкілдері құжатқа қол қойылатын залда төбе көрсетпеген. Конго үкіметінің өкілі Ламберта Менденің сөзіне қарағанда, келіссөздер кезінде бітімгерші рөлін атқарған Уганда тарапы терминдерді қате түсініп, құжатты «келісім» деп атаған. КДР басшылығы құжат «декларация» деп аталуы тиіс деп санайды. Егер келісім мәтіні қандайда бір өзгеріске ұшырайтын болса, Конго үкіметі оған қол қоймайды, деп мәлімдеп отыр Л.Менде. Көтерілісшілер Конго басшылығына қарсы әскери іс-қимылды 2012 жылы бастап, жақында жеңіліс тапқан болатын.

Азаматтық алғанға салтанат лайық

Латвия үкіметі кеше азаматтық алудың жаңа ережесін қарады. Ол бойынша бұл рәсімді қазіргіге қарағанда салта­нат­тырақ ету көзделеді. Әңгіме болып отыр­ған ережені елдің ішкі істер м­инистр­лігі жасапты. Онда натурализация жолымен азаматтық алған адамдар Лат­вияға адалдығы туралы салтанатты ант берулері тиіс деп көрсетілген көрінеді.

Бұл үшін арнайы салтанат ұйымдастырылады. Ол өтетін жерде Латвияның туы мен елтаңбасы тұруы тиіс. Ал салтанат басында елдің әнұраны орындалуы шарт. Қазіргі кезге дейін Латвияда мұндай шаралар болған емес. Азаматтық алған адам антқа қол қойса жеткілікті болатын. Егер үкімет жаңа ережені қолдаған жағдайда салтанатты ұйымдастыру үшін шамамен 46,8 мың лат (шамамен жылына 67 мың еуро) қажет болады екен. Бұл қаржы салтанат өтетін бөлмені безендіру, шақыру қағаздарын дайындап жіберу, гүл және жаңа азаматтарға сыйлық алу үшін жұмсалады деп көзделген.

Әскери жер серігін орбитаға шығарды

«Байқоңыр» космодромынан старт алған «Протон-М» зымыран ұшырғышы орбитаға Ресей қорғаныс министр­лігінің әскери жер серігін сәтті шығарды. Бұл жөнінде «Интерфакс» агенттігіне Ресей қорғаныс министрлігінің әуе-ғарыш қорғанысы әскерлері жөнін­дегі баспасөз қызметі басқармасының ресми өкілі Дмитрий Зенин мәлімдеген.

12 қарашаға қараған түні жер орбитасына шығарылған жер серігі 36 мың шақырым биіктікте ұшып жүретін болады. Ресей қор­ғаныс министрлігінің мүддесіне жұмыс істейтін аппарат әскери байланыс­ты қамтамасыз етуге арналған. Жаңа жер серігі бүгінде байланыстың біртұтас ғарыштық жүйесіне еніп үлгерген. Ол жетуі қиын таулы аймақтарды қоса алғанда, алыстағы әскери бөлімдердің сенімді ақпарат алмасуларын қамтамасыз етуі тиіс. Қазіргі кезде орби­­­тадағы осындай төрт жер серігінің үшеуі жұмыс істеп тұрған көрінеді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.

Соңғы жаңалықтар

Алдағы күндері күн жылынады

Ауа райы • Бүгін, 17:55