Аймақтар • 10 Қазан, 2020

Елорданың 70 полицейі "Халық алғысы" медалімен марапатталды

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінде төтенше жағдай режимі кезеңінде коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде болып, ерлік көрсеткен 70 полиция қызметкері ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген «Халық алғысы» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Елорданың 70 полицейі "Халық алғысы" медалімен марапатталды

Ерекше көзге түскен полиция қызметкерлеріне медальді департамент басшысы, генерал-майор Ержан Сәденов салтанатты жағдайда тапсырды.

«Мемлекет басшысы сіздердің індеттің ауыр күндеріне көрсеткен ерен еңбектеріңізді ерекше бағалап отыр. Оған осынау «Халық алғысы» медалі дәлел бола алады. Сіздер инфекцияның таралуына жол бермеуге белсенді жәрдем көрсетіп, вируспен күрестің алдыңғы шебінде тұрдыңыз», - деді департамент басшысы.

Еліміз үшін осынау қиын уақытта полиция қызметкерлері тәулік бойы режимде жұмыс істеп, блокпостар мен жедел штабта қызмет атқарды. Олар медицина қызметкерлерімен бірге елордадағы төтенше жағждай режимін қамтамасыз етіп, тұрғындар көмек көрсетті.

Төтенше жағдай режимі кезінде көптеген астаналықтар және елордаға таяу орналасқан аудандардың тұрғындары қиын жағдайға тап болды. Оларға көмекке қатардағы полиция қызметкерлері келіп, қиын жағдайдан шығу жолын бірге іздеді. Олардың қатарында учаскелік полиция инспекторы Нұржан Әшірбеков, Әділет Дүзбаев, Абай Сыздықов, Самат Төрахметов, арнаулы батальон инспекторы Нұрдәулет Мыңжасаров, Патрульдік полиция полкінің қызмет испекторы Берікбол Көксеген сынды азаматтар бар.

Елорда полицейлері індет кезеңінде ғана емес күнделікті қызметтерінде батылдық пен ерліктің жарқын үлгісін көрсетіп жүр. Мәселен, Патрульдік полиция полкінің қызмет испекторы Берікбол Көксеген 2013 жылдан бері қызметі барысында талай рет ерлікке пара-пар әрекетке барды. Атап айтқанда, осы жылдың қыркүйегінде көпірден секірмек болған қызды құтқарып қалды. Ал «Оқжетпес» блокпостында кезекшілік еткен кезінде жедел ем алуды қажет еткен науқасты шұғыл түрде ауруханаға жеткізді. Таяуда ғана жүкті әйелді алдап, ұялы телефонын алып кеткен алаяқты қолға түсірді.