13 Қараша, 2013

Орынбаевтың орны бөлек еді

457 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1933 жылдың күзінде Орынбай мен Орынкүл Тұрымбетовтер отбасына он екінші болып ұл бала дүниеге келді. Бұрынғы балалары шетінен шетіней бергендіктен оның есімін ата-анасы Тұрмахан деп қойыпты. Әйтсе де, өмірдің қуанышы мен қайғысы қатар жүретіні бар. Орынбай баласын құмары қанып иіскеп, әкелік сөзін айтып үлгермей жатып-ақ 1937 жылғы қанды репрессияның құрбаны болып кете барды.

Тұрмахан 1950 жылы орта мектепті Арыс қаласында бітіріп, Алматы медицина институтына оқуға түсті. Күндіз оқуда болса, түнде вагондарға жүк тиеді, жүк түсірді. 1956 жылы Арыс ауданының ауруханасына жолдама алды. Өз мақсатына құлшына ұмтылған жас маман аз уақыттың ішінде тәжірибелі әрі қадірлі дәрігер бола бастады.

1933 жылдың күзінде Орынбай мен Орынкүл Тұрымбетовтер отбасына он екінші болып ұл бала дүниеге келді. Бұрынғы балалары шетінен шетіней бергендіктен оның есімін ата-анасы Тұрмахан деп қойыпты. Әйтсе де, өмірдің қуанышы мен қайғысы қатар жүретіні бар. Орынбай баласын құмары қанып иіскеп, әкелік сөзін айтып үлгермей жатып-ақ 1937 жылғы қанды репрессияның құрбаны болып кете барды.

Тұрмахан 1950 жылы орта мектепті Арыс қаласында бітіріп, Алматы медицина институтына оқуға түсті. Күндіз оқуда болса, түнде вагондарға жүк тиеді, жүк түсірді. 1956 жылы Арыс ауданының ауруханасына жолдама алды. Өз мақсатына құлшына ұмтылған жас маман аз уақыттың ішінде тәжірибелі әрі қадірлі дәрігер бола бастады. 1959-1961 жылдар аралығында Мәскеу қаласында хирургия бойынша клиникалық ординатураны аяқтап, одан әрі Шымкент қаласының №6 ауруханасында хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болды. Күйіктен адам өлімін азайту үшін бірнеше рет тәжірибе жасады, науқастарға соның негізінде қан құйып жоғары нәтижеге қол жеткізді және осы сала бойынша кандидаттық диссертация қорғады. 1965 жылы Шымкентте фосфор зауыты іске қосылған соң, оның кейбір өнімдерінің адам ағзасына теріс әсері анықтала бастады. Ол осы сала бойынша ғылыми жұмыс істеуді мақсат тұтты. Ординатурада оқып жүрген кезінде барокамераны емдеудегі қолданысы туралы шетелдік ғылыми мақаланы жадында ұстағаны қажеттілікке жарады.

Не керек, дәрігерлер мен инженерлерден құралған оның пікірлес тобы 1973 жылы «Шымкент-МТ» көп орынды ауа-оттегі барокамерасын пайдалануға даярлады. Тұрмахан аға ғылыми жұмыстың да үдесінен шығуға талпынып, бірнеше тәжірибенің ұйытқысы бола білді. Фосфоршылардың денсаулығын түзетуге атсалысты, «Арыс-МТ» операциялық-терапиялық баро­кешенінің жұмысын аяқтады. Бірінші рет біздің елде ауыр нау­қасы бар екіқабат әйелдер қауіп-қатерсіз барокамера ішінде босанып, кейбіреулеріне «кесар сызығы» бойынша операция жасалынды. Облыстағы ана өлімі көрсеткішін төмендету мақсатында арнайы жүкті әйелдерге арналған бөлімше ашып, үлкен жетістікке жетті.

1978 жылы жылжымалы көліктік «Қазақстан-МТ» барокамерасы дүниеге келді. Ол Кеңес Одағы бойын­ша бірінші болып, Мәскеудегі 1985 жылы өткен денсаулық сақтау саласындағы көрмеде арнайы дипломмен марапатталды және үлгі ретінде сондағы ғылыми-зерттеу институтында қалдырылды.

Ал енді емдеу, шығармашылық, ұйымдастыру жұмыстарының деректеріне назар аударатын болсақ, 1980 жылы барокамералардың қайта конструкциясын жасау, 1984 жылы барокамералардың модернизациясы және бароорталықтың ашылуы, «Арыс-МТ» барокешенінің іске қосылуы, 1986 жылы өз күшімен авиациялық барокамераның жобасын жасау, құрылуы және сынақтың сәтті аяқталуы үлкен жетістік болды.

Бароорталықтың құрылысын жүргізу үшін медицина саласынан қаржы қарастырылмаса да, ол бірнеше өндіріс, құрылыс және басқа шаруашылық басшыларын жинай отырып, қоғамдық негізде қаржыландыру жолын қарастырып отырды. «Арыс-МТ» барокешенін құруға 47 құрылыс, ғылыми-зерттеу, жобалау институттары атсалыс­ты. АН-2 ұшағына орналастырған авиациялық барокамерасы облыс орталығынан шалғайда жатқан аудандардың тұрғындарына талай рет жәрдем көрсетті. Жылжымалы көліктік «Қазақстан-МТ» барокамерасы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне де қатысып, Ресейде пайдалану үшін қалдырылды. Әрине, облыстық денсаулық сақтау және атқарушы билік тарапынан бұл жасалынған жұмыстарға қолдау болғаны жақсы әсерін тигізді.  

Т. Орынбаев еңбек жолын абыройлы бастап, оны жемісті жүргізгені үшін Ленин орденімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталып, Рес­публиканың еңбек сіңірген дәрі­гері атағын иеленді. Шымкент қаласының құрметті азаматы атанды. Тынымсыз адамның жүрегі аянуды білмей, көп қайғы қасіретті көрсе де, қуаныш пен махаббатты, сүйіспеншілік пен достықты сыйдыра білді. Бәлкім, кездейсоқтық деп айтуға болатын шығар, өмірін медицинаға арнаған жан 2001 жылғы 16 маусымда, дәл медицина қызметкерлерінің төл мерекесі күні көз жұмды. Бароорталыққа және Шымкент қаласының бір көшесіне ұстаздың есімі берілді. Бүгінгі таңда ол кісінің шәкірттері орталықтың жұмысын одан әрі жүргізуде.

Отандық медицинаға қосқан сүбелі еңбегі үшін орталықтың жанынан Т.Орынбаевқа арналған мұражай бөлмесін ашып, жоғары медициналық оқу орындарында үздік оқитын студенттерге ғалымның атындағы шәкіртақы тағайындау уақыты жеткен сияқты. Бұл орайда біраз істі қолға алдық. Дегенмен, мұндай сауапты іске көп болып жұмылғанымыз орынды болар еді.

Икрам ТӨЛЕЕВ,

Т. Орынбаев атындағы облыстық жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты.

ШЫМКЕНТ.

Соңғы жаңалықтар

Алдағы күндері күн жылынады

Ауа райы • Бүгін, 17:55