13 Қараша, 2013

«Шабыт» – шыңдалу мектебі

504 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында XVI халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жабылуына арналған гала-концерт өтті.

Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында XVI халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жабылуына арналған гала-концерт өтті.

Аталмыш фестивальге биыл Қазақстан мен ТМД елдерінен үкілі үміттерін арқалап, ат терлетіп келген 500 қатысушы 6 аталым бойынша аламан бәйгеге түсті. Ал, осы байқауда табанды тартысқа түсіп, өзінің ерекше талантымен таңғалдырып, тың туындысымен тамсандыра алған нағыз дарынды жас өнерпаздарды анықтауға биыл Италия, Израиль, Украина, Польша, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Латвия, Түркия және өз еліміздің өнер майталмандары, мәдениет қайраткерлері атсалысты. Өнердің асқар шыңына шыққан осы алып тұлғаларға үздіктерді таңдау оңай болмаған көрінеді.

Гала-концерт Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» би ұжымының ұлттық биімен ашылды. Дәл осы жас бишілер ұжымы «хореография» аталымында Гран-при иеленді. Одан кейін сахнада «Астана Опера» театрының солистері, балеттің жас жұлдыздары Мәдина Баспаева мен Рүстем Сейітбеков өнер көрсетті. Кезек «классикалық музыка» аталымының жеңімпаздарын марапаттауға берілді. «Үрмелі ағаш аспаптары» аталымында бақ сынасқан 16 үміткер арасында елордалық Роза Лебедева үздік болса, «мыс үрмелі аспаптар» аталымында бас жүлде Мәскеуде білім алып жатқан отандасымыз Жасұлан Әбдіқалықовқа бұйырды. Ал, «соқпалы аспаптар» аталымында Болат Тұрабеков, «баян-аккордеон» аталымы бойынша Петр Бабин жеңіске жетті. «Эстрадалық вокал» аталымындағы ең жас өнерпаз 16 жасар Эмин Эминзаде өз елі туралы «Әзербайжан» әнін орындап берді, бірақ бұл аталымда Киев қаласынан келген Маргарита Мелешко Гран-при жүлдесін алды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Секен Тұрысбек «Көк түріктер» фольклорлық-этнографиялық ан­самбліне «Халық музыкасы» ата­лымының Гран-при жүлдесін табыс­тады. Барлық аталымның үздіктері сахнада ән айтып, би билеп, аспаптарда ойнаса, «үздік әдеби шығарма» аталымының жеңімпазы Қуат Киікбай өз шығармасынан үзінді оқып берді. Ең соңында, барлық жиналған қауым тынымсыз күткен Бас жүлде иегері де анықталды. «Бейнелеу өнері» аталымында сынға түскен алматылық Алмас Мұстафаевтың «Өртеке» дала театры туындысы Гран-приге ғана емес, Президент Кубогына да лайықты деп танылды. Марапаттау рәсімінде сөз алған жеңімпаз өз қуанышын былай жеткізді: «Бас жүлдені алу түсіме де кірмеген еді. Біріншіден, қазақ ұлттық өнерінің дамуына үлес қосқан Тұрдығұл Жолаушы ұстазыма шексіз борыштымын. Осы орайда, Қазақстан Суретшілер одағы мен шеберлер қауымдастығының еңбегі зор, себебі, халықаралық байқауларға жастарды қатыстыруға атсалысты. Ал, біз болсақ тәжірибе жинап, шыңдалып, білім көкжиегімізді кеңейттік. Бұл тек қана менің жетістігім емес. Сондықтан, бүгінгі «Шабыт» фестивалінің барлық ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін.

«Бейнелеу өнері» аталымының қатысушысы алғаш рет Президент Кубогын өз қанжығасына байла­ды. Бұл тарихи оқиға биылғы фести­вальдің ерекшелігі болып табылады. Қазылар алқасының құрамында болған шетелдік мейман Украина Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Молода Галичины» фестивалінің директоры – Наталья Коваль былай деп өз әсерімен бөлісті: «Фестиваль қызықты әрі тартысты өтті. Байқағаным, бұл елде ұлттық құндылықтар жақсы сақталған. Себебі, ұлттық мәдениетті ұлықтауға атсалысып, оны дәріптеуді, дамытуды мақсат еткен жастар аз емес екен. Оған қоса, мен 22 жыл басқарып келе жатқан Украинадағы фестивальде кейде демеушілер жағынан мәселелер туындап жатады. Ал, бұл мемлекетте жастарға үлкен көңіл бөлінеді екен. Керемет емес пе?!

Осы байқау туралы баяндай отырып есіме алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың «Қажу бар ма тұлпарға, Талу бар ма сұңқарға?! Иман күшті оларда, Мен жастарға сенемін!..» деген өлең жолдары түсті.

Нұрзада КҮМІСБЕК,

Еуразия ұлттық университетінің студенті.

Соңғы жаңалықтар

Алдағы күндері күн жылынады

Ауа райы • Бүгін, 17:55