Руханият • 12 Қазан, 2020

Ұстаздың абыройлы жолы

447 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ол 1959-1964 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-дің физика-математика факультетінде құштарлықпен оқып, жаратылыстану ғылымының алуан түрлі тарауларынан, мысалы, молекулярлық және теориялық физика, физиканың тарихы, оптика, математикалық физиканың әдісі, математикалық анализ, радиотехника, техникалық механика, аналитикалық геометрия, электрлендіру, электротехника, материалдар технологиясы, астрономия, физиканы оқытудың әдіснамасы және қоғамдық-саяси пәндер бойынша жеткілікті білім алады.

Ұстаздың абыройлы жолы

Расында, Әдепхан Төреханұлы­ның шығармашылық қабілеті, ойлау мәдениеті, ынта-зейіні қажыр-қай­ратпен толық білім алуға мол мүмкіндік тудырды. Рухани жетілуіне ҚазПИ мен КазГУ-дегі әдеби кештер, әсіресе, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Орынбек Жәутіков, Қажым Жұмалиев, Мәлік Ғабдуллин сынды ұлт зиялыларының, ғылым қайраткерлерінің лекция-сұх­баттарын ой жүгіртіп, санамен саралап тиянақты тыңдаудың нәтижесін­де керемет әсер дарытқаны, толық бі­лімді меңгергені даусыз. Ел басына үйі­рілген қайғы бұлтын балауса болмы­сымен қабылдаған, тазалықты, адамшылықты мұрат еткен жас нау­ша өмірдің де, тұрмыстың да, заман­ның да, білімнің де, ізгіліктің де, кә­сіптің де мәнін терең ұқты. Қазағым­ның «халық қартаймайды, қара жер қартаймайды» дейтін қағидатын жү­регімен түсінді, қаламгерлік қабі­ле­ті­мен түсіндірді. Мұның тағы да бір се­бебі бар. Тағдырдың тәлкегінде, тәтті дәмін де татқан Әдекең орта мек­тептің табалдырығын Қытайда ат­тады да, Көкшетау өңірінде жалғас­тырды да, 1957-1959 жылдарда ата-баба қо­нысы Жаркент өңіріндегі Әулие­ағаш бауырындағы Ыбырай Ал­тынсарин атындағы орта мектеп­те оқып, талай тамаша тәлімгер-ұстаз­дардың алдын көрді, тәлімді дәрісін бойға сіңір­ді. Солардың бірегейі – ісі де, сөзі де, кісілік қасиеті өзгеше «Қа­зақ­­­станға еңбек сіңірген мұғалім» химик Зағира Нүсіпбекова еді. Ол ҚазПИ-де оқыған жылдарында Алаш қайраткерлерінің көзін көрген, әсі­ресе Сәкен Сейфуллиннің лекция­сын тыңдағанын және оның шешен де келісті сөйлейтінін, көркем кел­бетін, кесек тұлғасын мөлдіретіп әңгі­ме­леп, шынайы шыншылдықпен жет­кізеді екен. Оқығыш, тоқығыш, ұқ­қыш Әдепхан Төреханұлы ой-сезім, жан дүниесін байытып, көзқарасын ке­ңейтіп-көркейтіп, жүрек, көңіл қазы­на­сына, рухани игілігіне айналдыра біл­ген, ұстаздық, ақындық еңбегінде, ше­жірешілдік-дерекнамалық, ауыз әде­­биеті үлгілерін жинаушылық, жазу өне­­рінде шеберлікпен қолданған. Оның «Тір­­шіліктің бір тұтас тұлғасымын» деуі шынайы сыры, жанының лала лебізі.

Ұлттың ұлық қасиеттерін болмысына дарытқан, жер-су атауларының жетік білгірі, тумысынан текті Салпық бидің шөбересі, қаракөктің тұқымы Әдепхан Төреханұлы «Өссек, өссек, өссек» деп ата-бабалары Жаратқан ие тілеген мүбәрак мекен Көктал ауы­лындағы Абай мектебінде 43 жыл ұс­таздық етті. Келешектің кемел тұл­ғасын, Ұлы даланың иесін баулуда ере­­сен іңкәрлікпен, индивидуалдық-шы­ғармашылықпен қызмет жасады. Осы бір еңбегінің куәлігіндей – «Ха­лыққа білім беру ісінің озық қыз­меткері, Алматы облысы мен Пан­фи­лов ауданының «Құрметті аза­ма­ты» атанды. Қазақстан Рес­пуб­лика­сының Президенті Н.Ә.Назар­баев­­тың Алғыс хатымен марапаттал­ды. Ол сон­дай-ақ Қазақстан Жазушылар және Жур­налистер одағының мүшесі.

Бір әсерлі сұхбатында өз ісінің май­талманы Әдепхан Төреханұлы ұстаз қасиеттері дейтін ұлы ұғым қан­­дай дегенде, оның сыр-сипатын бы­­лайша жіктеп, талдап көрсетіпті. Олар: әдептілік, ойлампаздық, тал­ғам­­паздық, әсерленгіш, көрегендік, ең­бекқорлық, азаматтық, адамгер­ші­лік, іскерлік, тәртіптілік, мейірім­ді­лік, рақымдылық, адалдық, ақ­ниет­­тілік, тілектестік, ынталылық, ұжым­­­шылдық, сыншылдық, идея­ға се­нім­ділік, шыншылдық, сыншыл­дық, қисындылық, бабаларға деген сүйіс­пеншілік, байқағыштық, ілти­пат­тылық, табандылық, жауапкерші­­лік, жай­дарлылық, ашықтық, қарапа­йым­дылық, әділдік, тапқырлық, батылдық, ұқыптылық, сыпайылық, сезімталдық және т.с.с.

Осы бір таңдаулы сұңқарлық ны­шандар абыз ақсақал Әдепхан Төре­хан­ұлының бойында тұнып тұр. Оның ұшан-теңіз ұстаздық пен шы­ғар­­ма­шы­лық еңбегі – соның жарқын дә­­ле­лі. Император І Петр айтыпты: «Бі­реу­­­дің адам екенін, не надан екенін айыру үшін 10-ақ минут сөйлету керек? Немесе: Жүсіп Баласағұни: «Кісі сирек емес, сирек кісілік» деген-ді. Мен 2020 жылдың 14-ші наурызында тәжірибесі мен білімі, білігі мен дүние тану тереңдігі, адамгершілігі мен еңбекшілдігі бір-біріне ұштасқан ар-ожданы таза ардагермен ұлы ауыл шаруашылық ғылымының докторы, профессор, меринос қойының авторы Айбын Әдепханұлының дария дастарханының басында жүздесіп әң­гімелестім, өмірбақи осы мәуелі бәй­теректей кісінің ығында жүргендей, жақсылардың рухын тірілткендей, зейін-зердеме ой жүгірткендей, нұрына бөленгендей сезіндім. Өзі толғанып жұтынтып жеткізгендей, тарих сыры, өмір жыры, ұлылар даусы көркем әуезе шерткендей. Бұл кісіде нағыз ұс­тазға лайық қадірлі қасиеттер, яғни білім, таным, мәдениет, парасат, ой­лау деңгейі жоғары бұланайдай заң­­ғар шығармашылық тұлға екені анық байқалады. Әдекеңмен сөйлесу, пікір­лесу бір ғанибет. Ұстаз болмы­сы, дә­режесі, ерекше жаратылысы, пейіл-көңілі қандай дегенде Мұхаммед пай­­ғамбарымыздың (с.ғ.с) ұстазға де­­ген ізет-ілтипаты ойымызды сәуле­лен­­діреді. Пайғамбарлардың сардары үйі­нен шыққанда 2 топты көреді. 1-ші топ Аллаға жалбарынуда. 2-ші топ талапкерлерді оқытып жатыр екен. «Сонан соң Ұлы ұстаздың жіберген ел­шісімін ғой деп, тәлімгерлердің қа­та­рына келіп жайғасыпты. Тегінде, адам баласын мейірленіп оқыту, қоғам­ды ізгілендіру – ұстаз маңдайына жа­зылған бақыт! Ұстаз жолы – адам­шы­лық жолы.

Ұстаздық жолда жанкештілікпен еңбектенген ел зиялысы ой-қиялын, се­зім дүниесін тербеген жаратылыстың таза, пәк көріністерін, таңғажайып су­реттерін зерделі, жүйрік сана­мен қабылдап, мүмкіндігінше келіс­ті сипаттаулар туындатады. Мы­са­лы, «Белжайлау», «Бабақоныс – Ба­сат­­жұрт», «Туған жерді аралап, жүр қайталық», «Сабалы», «Өртең сай», «Тауды аңсаймын» және өзге де жыр-толғаулары сыр дестесімен, сөз кестесімен айрықша көркемдік әсер­ге бөлейді. Табиғаттың тұңғиық сыр­лары мен бояуларын жандандырып, ассоциациялық байланыстар, поэ­зиялық салыстырулар жасайды. Мәселен:

Өмірдің өрге тартып өрімдері,

Жондарың, жоталарың керіледі.

Гүлдерге қонақтаған шық моншағы,

Адамның асау қуған тері ме еді

(«Белжайлау»).

Гүлдердің хош иісі, көркемдік әлемі оған «қонақтаған шық моншақпен» әсерлі көрініске ие болудың үстіне қазақ баласының бейне бір асау қуғандағы терімен ұқсатуы соншалықты поэзия­лық безендірудің өзі.

Әдепхан Төреханұлының азамат­тық әуенге бай асқақ даусында, жалынды лебізінде Мәңгілік Елге, кең байтақ көсілген даласына деген мейірім, дар­хандық, кемел көзқарас бар.

Таудың айбын-құдіретін, суретін, Ұлы даланың тамылжыған табиғатын, ұлылығын болмысына сіңірген, шығар­машылық өнері мен өнегесін рухтан­дырған, қанаттандырған. Бұған мына бір сәулетті сөйлемдер, қуатты, шуақ­ты, шұғылалы шумақтар дәлел.

Әдепхан Төреханұлының мағыналы өмірі мен шабытты ой толқындары мына бір түйдекте айқын бедерленген:

Жетпіс бесте желмеймін,

бөрі желіс аяңым,

Туған жерді өріс қылып,

өлеңімді жаямын.

Жетпіс бес жыл көргенім,

ай менен күн, аспаным

Өмірімде өшпейтін,

менің өмірбаяным.

...Сайын дала, шың-құздар,

сырласамын бақтармен

Құрдас болып кетемін,

мамырмен де, ақпанмен.

(«Жетпіс бесім сұр киік»)

Ақынның басты мұраты – адалдық пен тазалық, ізгілік пен мейірбандық. Ендеше осы бір мөлдір қасиеттер әдемі көрініс тапқан:

Халықтың байтақ тәжірибесін, тә­лімін, тұрмысын, жөн-жобаларын, этномәдениетін жүйрік білетін Әдеп­хан ақсақал «Киіз үйі қазақтың», «Тай­қазан», «Ошақ», «Ер-тұрман», «Көк­пар», «Қамшы» дейтін жырларында білгірлік танытады, поэзиялық суреттеулер өрбітеді:

Салшы, ана, оюлаған сырмағыңды,

Сырмағыңда жасырын

сыр қалың-ды.

Етбетімнен жатып ап оқиыншы,

Жазған ою-өрнекпен сырларыңды. («Сырмақ»)

Поэзияның сәні – сыр мен сезімге ой мен суретке бағынған көркем теңеу­лер тізбегі қандай мәнерлі, әуезді де­сеңізші!

Адам баласының рухани жетілуі­нің айрықша бір қайнар көзі – ғалам­ды, жаратылысты, өсімдіктер әлемін, жан­ды-жансыз дүниені шынайы ниет­пен, түйсікпен, қабілетпен көре білу. Көре білу көреген зердені жақ­сы қасиет­термен байытады. Осы тұр­ғы­дан келгенде, Ұлы даланың даңқ­ты су­ретшісі Әбілхан Қастеевтің өнер­­паз­дық, суретшілдік тұлғасын білім­паз­дықпен түбегейлі сипаттаған. Ой жү­гіртіп оқиықшы:

Нәзік лиризм, күйлілік, сыршылдық – Ә.Төреханұлы поэзиясының басты сипаты. Ол нені жырласа да жан-тәнімен, ақындық қуатпен, суреткерлік қабілет-қарыммен, көркемдік сұлулықпен сың­ғырлатып жеткізеді:

Аққу көркем айдын көлді іздеген,

Ақ бөкенді көрсем жапан

түзде мен,

Жоғалтқаным табылғандай

іздеген,

Гүлді көрсем жапырағын үзбеген,

Соны сәулем өзің бе деп қаламын.

Ат суарып қайтсам

сылқым бұлақтан,

Үн естісем сыбдыр

қаққан құрақтан,

Ай сәулесі түскен ерке толқынға,

Жар қабақтан жасырын

тас құлақтан,

Соны сәулем өзің бе деп қаламын.

Ұстаздығына сөзге, ойға, пікірге ұс­талығы ұштасқан Әдекеңнің біраз өлең-жырлары ел тарихы мен тұлғатануға қатысты («Қарақол мен Есенқол», «Әті­кей батыр», «Салпық би бабамның рухымен сырласу»). Шежірелік дерек­тер мен тарихи мәліметтер де жет­кі­лікті. Бұларды ақыл елегінен өткізіп, тал­ғампыздықпен қолданады.

Білімдар кей ретте ғылыми поэзия үлгісіне де («Көк күмбезі») жүгінеді, қазақтың даналық көзқарасы мен ғибратты пайымдауларын да («Қазақ айтқан») гүлдендіріп жырлайды.

Ұстаздық жолда ел алғысын арқа­лаған, әдеби-шығармашылық, ұлттық педагогикалық еңбегінде халық дана­лы­ғын, ел мен жер тарихын зерделеген Әдепхан Төреханұлының «Әулие­ағаш» турасында толқып тебіренгенде «Заманының сырласы, ғасырлардың құрдасы», «Ақсақалы ағаштың, бере­кесі орманның» дейтін лағыл лебізі бар. Ендеше өзі де қазақтың шежірелі, данагөй ақсақалы. Ол айтады: «Сонау 1954 жылдан бастап әкелеп, ағалап, алдарынан кесе өтпей, қадір-құрмет тұтатын қасиетті ақсақал әкелерім мен сезімтал, сыр мінезді ағаларымнан ес­тіген, ел-жұрт арасындағы аңызға айналған, шежіре сарынды» баяндарды жүйелеп жаздым. Соның айғағы – оның Қожбамбет би (1815-1883), Сал­пық би (1830-1900), Қараменде би (ХVI ғ.), Сады би, Тана би, Дәулет би, Малдыбай би, Шәнті би (1833-1900), Шойнақ батыр жайлы жазбалары. Заманның, халықтың сөзін сөйлеген ділмәр-шешендердің елдік істері, ересен тапқыр билік-кесім­де­рі келісті әңгімеленеді. Ұлы Жібек жо­­лының тарихымен де байланыстыруы да бұл жазбалардың тарихи­лық, мә­дениеттанушылық, елтанушы­лық мә­нін тереңдете түседі. Айталық, «Сау­­да Салпық», «Бай Салпық», «Би Салпық» Жаркенттегі мешітті сәу­леттендіруге, қала, егіншілік мәде­ние­тін өркендетуге, ғажайып гүл­дер­­дің тұқымдарын, ағаштардың кө­шет­­терін ит арқасы қияннан әкеліп отыр­­ғызғанын бажайлап түсіндіреді. Өркениет биігіне құлаш ұрған Салпық бидің алтыннан (мұнда қытайша жазу бар) және гауһардан (мұнда орысша жазу бар) құйылған мөрлері болған. Асылы, Салпық би тұлғасы мен мұрасы толық баяндалған.

Өз әкесі Төреханның (1908-1945) Күләймен, Дәнемен айтыс­тарын хат­қа түсірген. Бұлар қыз бен жігіт айты­­сының бірегей үлгісі. Сонымен қа­­тар үздік мақал-мәтелдерді де жи­нақ­таған.

Ол жер-су атауларының шығу төркіні мен шынайы сырын ел аузындағы көне аңыздарға сүйене отырып айқындайды. Бұл орайда «Әулиеағаш», «Делегей», «Қызылеспе», «Керей бұлақ», «Майлы шоқы», «Малайқара», «Басатқарағай», «Бурақожыр», «Баркөрнеу», «Сымтас», «Үйгентас» және т.с.с.

Жер-су тамыршысы «Жоңғар Ала­тауы» ұғымын былайша түсіндіреді: «Жоңғар» «жоталы, жонды», яғни «жо­ны қарлы жоталы Алатау», «жоны қар Алатау» сонан ықшамдалып «Жоң­ғар Алатауы» аталған дейді. Немесе «Қыз ұясы» құзының мағынасы: Ала­пат айқаста қазақтың қаһарман жігіті мен оның періштедей мінсіз сұлу жаратылған қарындасы жау қо­лы­на түседі. Қалмақ қолбасшысы қазақ аруына ғашық болып, тілегін жет­кізеді. Егер де келісім берсең, ағаңа еркіндік берем деп уәде береді. Бұған қыз көнбейді. Бірде қалмақ нояны аңда жүріп заңғар құздағы мұзбалақтың ұясын көріп, оның балапаны ұшуға талпынғанына көңілі ауып, биікке өрмелеп шығатын сайыпқыран жігіт іздейді. Бірақ ешкімнің де жүрегі дауаламайды. Сонан не керек тұтқын қыз құз жартастың басына шығып, балапанды мен қолыңызға қондырамын дейді. Бір шартым бар: ағамды елге, үйге қайтарасың. Қыз өжеттігімен сай­тан­ның сырғанағындай жартастың үстінен балапанды қолға түсіреді. Ақы­лы асқан ару аппақ тәнім мен та­за жүрегім қалмаққа қор болғанша, ар­қанды босатып жіберіп, осы бір ұяны асыл сүйегім мәңгі-бақи тұрақ етсін деп, зарлы жартасқа жабысып қалған. Сол бір заманнан даңқты қыз мекендеген құз «Қыз ұясы» атанған деп жазады шежіреші. Сондай-ақ ақынның «Қыз ұясы» дейтін дастаны да бар.

Ә.Төреханұлының «Ұлттық таным-тағлымы», «Еңкеймеген еменнің бұ­тақ­тары», «Баркөрнеу», «Елім дархан, жерім бай» (үш томдық) деген танымдық, тағылымдық еңбектерінде ұлттық салт-дәстүрлер, халықтық педагогика, ойын-сауықтар, ұлттық бұйым түрлері, ұлттық болмыстың киелі ұғым­­дары, даналық қағидаттар мәні, ма­ғынасы, асыл тегі тексеріледі.

Оның қазақ радиосынан да «Са­ғыныш сазы», «Назгүлім», «Тау қызы», «Қызыл еспе», «Жайлау әні» (әні, сөзі автордікі), «Жаз дидарлы Жаркент», «Анама» (сөзі автордікі), «Қырқыншы жылдардың келіншегі» атты әндері шырқалады.

Тегінде, ұстаздық жолда өнегесі мен өрелілігін, шеберлігі мен ізгілігін аямаған, өнер жолында «өмір жырын, тарих сырын» толғаған, қыран көрегендігімен мәуелі әулеттің бағба­нына һәм «адамдық диханшысына» айналған сексеннің сеңгіріне шыққан ел серкесі абыз ақсақал Әдепхан Төреханұлының ел-жұрты, ер-тұрманы аман болғай деп тілеймін!

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор