Арғы беті – Темір өзеніне тақалып, бергі беті қалалық саябаққа тірелген уезд бастығының үйін бүгінде ауыл әкімі мен газ, су шаруашылығы мекемелері, учаскелік полицей бірге паналап отыр.
Темір қаласының бұрынғы атауы – Қарақамыс. 1879 жылы уезд орталығы Қарақамыс болып бекітіліп, одан Түркістан-Орынбор темір жолы тартылғанда Орынбор, Қазан, Бұхарадан келіп орныққан саудагерлер дүкендері мен баспаналарын Орынбор үйлеріне ұқсатып салған. Қазіргі Темір қаласының әкімі Асқар Қоқановтың айтуынша, өздері отырған пристав үйі нағыз мұражайға сұранып-ақ тұр.
Ақтөбе губерниясында Темір қаласы мен оның төңірегі кеңес өкіметіне ең соңғы болып бағынды. Бағынғанда да қантөгіспен бағынды. Мұның дәлелі, қаланың орталық көшесіндегі 24 қызыл партизан жерленген орын. 1918-1919 жылдары полковник Дутов пен большевик Фрунзенің әскерін бөліп тұрған Ақтөбе майданының шекарасы – Ембі қаласы бұл жерден қашық емес. 1919 жылдың маусымында Темірден 30 шақырым жерде (қазіргі Жамбыл ауылы) партизандар мен ақ казак әскерінің арасында басталған шайқас қала ішінде жалғасты. Шілденің аптап ыстығында оққа ұшқан 24 партизанның беттері асығыс жасырылғандай. Көк бояумен марқұмдардың есімдері жазылған күн жеген ағаш тақтадан Дмитриев деген 16 жастағы жасөспірім мен Маша, Нина есімді жас медбике қыздардың есімдерін оқыдық.
Ертедегі бұл жақтағы негізгі отын – шағыр мен қамыс. 1904 жылы салынып біткен мешіттің жылу жүйесі шағыр мен қамыспен жағуға лайықталып, сол заманның қуат үнемдегіш тәсілімен жасалған. Пештердің зорайып сыртқа шығып тұратын мұржасы көзге түспейді. Ендеше түтін қайда кетеді? Шіркеудің жылу жүйесі де солай жасалған дейді тұрғындар. Отын-су тапшы уақытта екі қабатты аумақты құрылыстарды түтінсіз пешпен жылыту жүйесін жасаған Николай ІІ инженерлері қазақ даласындағы құпияларын өздерімен бірге ала кеткендей.
Орынбордан тасылған қара тастан тұрғызылған мешіттің жылу жүйесін Мәжит Фаткуллин көпестің қалай жасатқанынан қазіргі имам Ербол Балашов еміс-еміс хабардар. «Бұрынғылардың айтуынша, қабырға тастарымен байланысты пеш аптасына бір рет қатты қыздырылып жағылғанда, оның қызуы бір аптаға жететін болған. Жағу тәсілін мешіттің алғашқы имамы Ахмет халфе Насыров қана білген. Ол кісі шағырды тұтатқанда, от бықсып жанып, түтіні мешіттің қабырғасын қуалай кірпішіне дейін қыздырған. Мұнда мұржа жоқ.
1937 жылы Ахмет халфені ұстаған белсенділер пештің аузын бітеп кеткен. Қасиетті орын алпыс жыл бойы аңғал-саңғал күйде тұрды. 1995 жылы қайта қалпына келтіріле бастағанда, халфенің пешін ешкім таба алмады. 2018 жылы темірлік азаматтар мешіттің ішіне күрделі жөндеу жүргізгенде, мен қабырға мен кірпіштің арасынан күйе мен ысты көрдім. Жылу қабырға арқылы берілді дегенге дәлел осы», дейді Темір қалалық мештінің имамы.
Шіркеудің жылу жүйесі де ауасыз жану тәсіліне сай жасалған. Орылған қамыс бір-біріне өріле байланады. Содан суық түскенде, бір шеті тұтандырылған соң от өзінен өзі бықсып жана береді. Ауа кірмеген от түтіндеп жанады. Шіркеудің де түтін шығатын мұржасы жоқ.
Жиенғали зиратында
Темір қаласының күншығыс бетінде ескі қорым – Сырлытамда публицист-жазушы, фельетоншы, қазақтың тұңғыш драматургтерінің бірі – Жиенғали Тілепбергенов жерленген. Ол 1933 жылдың сәуірінде 38 жасында Темір қаласында аштық пен аурудан азап шегіп, көз жұмды. Талантты публицист Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстық газеттерінде тілшілік қызмет атқарып, қазақ баспасөзінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан. «Перизат-Рамазан», «Тілші», «Күнжан – кедей қызы», «Сүйіскендер», «Ораза» пьесаларының да авторы, 1895 жылдың 3 қарашасында Темір ауданының 47-ауылында туған. Бұл қазіргі Мұғалжар ауданының Жем әскери қалашығы түбі. Ол лингвист-ғалым Құдайберген Жұбановпен қатар өскен, Орынбордағы «Хусайния» медресесінде де бірге оқыған. Жиенғали Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүргенде «Садақ» журналының соңғы сандарын шығарып тұрған.
1918 жылы Темір уезіне оралып, Қонжарда, Қандыағаш ауылдарында мұғалімдік қызметке кіріскен. Ол заманда қатар отырған ауылдардың балаларын жинап оқытады. Су тасып жатқан мезгілде балаларды судан өткізіп жүріп, суық тиіп қатты ауырған. Бұл дерт Жиенғалиға әбден жабысты. 1932 жылы Қызылордадан қайтып келіп, Темірдегі аудандық газетте жұмыс істеп, одан жағдайсыз-жайсыз күй кешкенде 1933 жылы қаңтарда Ілияс Жансүгіровке хат жазған. Әдеби ортамен қоштасу хатында ол былай деп жазады: «Ілияс, сенің жіберген хатыңды алып, бірсыпыра бойым көтеріліп, науқасым сергіп қалғандай болды. Бейімбет «арықтаса» арықтаған шығар. Өйткені ол хат жазуын тоқтатты. Бәлкім «бір түнгі еңбегіме жабысып бәле қылар» деп басын алып қашып, бойын аулақ салғысы келген шығар. Сенен гөрі екеуіміз жақындау едік, қазір ол құдай ұрғанға сәлем айт, олай қорықпасын, хат жазарлық достығынан айрылмасын! Тағы да хат жаз! Істеп жатқан күрделі істеріңді айт, ең болмаса өлгенімше естіп жатайын. Жай-күйіңді айт!».
1920-1932 жылдардағы белсенділердің елге жасаған қиянатын жаза жүріп, зорлықшылардан жау тауып алғандай. Мәселен, 1921-1922 жылы Қандыағаш темір жол бекетіндегі делдалдар бір табақ бидайға байларға аш кедейдің қыздарын сатқанын ашып көрсеткен. Барымта, ұрлық, әпербақан белсенділер, салықтың зәбірі, ел ішіндегі қиянат – Жиенғалидың қаламынан у болып төгілді. Жазушының әйелі Альфия да әбден қиянат көрді. Жиенғали өлгеннен кейін Алматыға оралғанда, ерінің аманаты – қолжазбаларын әлдекімдер қолды қылды. Қиянаттан, құсалықтан, шарасыздықтан қинала жүріп, ерінен кейін ол да көп кешікпей дүниеден өтті.
Жиенғали көшесінде
Қазіргі ауыл әкімінің, бұрынғы уездік пристав үйінің алдында – Әбілқайыр хан мен Әбу Тәкенов атындағы көшелердің қиылысында тұрған ескі барак үй – бұрынғы білім бөлімі, аудандық «Социалды майдан» газетінің редакциясы. Бұл – Жиенғали Тілепбергенов қызмет еткен орын.
Темір аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмұхан Өтепов 1995 жылы Жиенғали Тілепбергеновтің 100 жылдығын өткізер кезде, көп төмпешіктің бірі болып жатқан жазушының зиратын тауып берген Сейтен Тілесов ақсақал дейді. Жасөспірім шағында Жиенғали Тілепбергеновтің жерлеуіне қатысып, кейіннен сталиндік саясаттың құрбаны болып, ұзақ жылға сотталған Сейтен ақсақал көрсеткен төмпешікке сол жылы ақ кірпіштен бейіт тұрғызылды.
Жазушының 100 жылдығына профессор Тұрсынбек Кәкішев бастаған бір топ ғалым, жазушы келіп, көпшілікпен кездесу өткізген. Одан кейін Жиенғали Тілепбергеновтің мұрасын түгендеу жөнінде айтылмайтын болды. Насихаты жоқ, іздеушісі жоқ таланттардың көшінде қалған жазушыны содан бері ешкім іздеген емес.
Қазіргі уақытта екі дәуір арасында қалғандай күй кешіп отырған Темір қаласы моноқалаларды дамыту бағдарламасына енгізілмей қалды. Тұрғындары кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламаларына қатысып, несие алып, шағын кәсіпкерлік нысандарын көбейткендіктен де, қала бірте-бірте қатарға қосылып келеді. Егер мемлекеттік деңгейде күшті қолдау жасалынса, Темір қаласы аз уақыттың ішінде өзін өзі асырауға қауқарлы моноқалаға айналар еді.
Ақтөбе облысы,
Темір ауданы,
Темір қаласы