Экономика • 12 Қазан, 2020

«Қашаған» және ілеспе газ өндірісі («Көгілдір отын» зауыты қашан салынады?)

868 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бір ғасырдан бері құрлықтан ғана мұнай-газ өндіретін еліміз енді су астынан өнім алуға бет бұрды. Қазір Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы ең ірі кен орнының қатарындағы «Қашағаннан» «қара алтын» мен ілеспе газ өндіру қарқын алды. Бұл кен орнын игеру жобасының операторы – NCOC компаниясы. Теңіз мұнайы 2016 жылдан бері жасанды аралдарда өндіріледі.

«Қашаған» және ілеспе газ өндірісі («Көгілдір отын» зауыты қашан салынады?)

Мәселен, былтыр теңіз таба­н­ын­дағы кен орнынан өнді­ріл­ген 14,1 млн тоннадан астам мұнай экспортталды. Сондай-ақ шетел нарығына жібе­рілген газ көлемі 3,5 млрд-тан аса текше метрді құрады. Ал экспорт­талған күкірт 1 млн 207 мың тон­­на­дан асты.

Әрине, Каспийдің мұнайын игеру оңай болған жоқ. Оның бір­неше себебі бар. Біріншіден, отандық мұнай­шылардың су түбінен «қара алтын» алатындай тәжірибесі болған жоқ. Сол себептен бұл еліміз үшін тосын әрі тәуекелі мол қадам еді. Соған қарамастан, «Қашаған» – Қазақ­станның тарихында теңіз түбі­нен игерілген тұңғыш кеніш. Маман­дардың айтуына қарағанда, кен орнының коллекторы теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікке бойлайды. Мұндағы қысым да өте жоғары, мұнай құрамында парафин де мол. Күкіртті газ да көп, ал күкіртті сутек (H2S) 15 пайызға тең.

Екіншіден, отандық мұнай-газ өнеркәсібіне тың серпін беретін Каспий жобасы шетел инвес­тор­ла­ры­ның назарын аударды. Оның ішін­де «Статойл», «Эни-Аджип», «Шелл», «То­таль­­финаэльф», «Эксон-Мо­бил» секілді компаниялар опера­тор бо­луға ұмтылыс жасады. Өйт­­кені бұл – ұзақ жылдарға созыла­тын инвестициялық жоба. Мұнай-газ өнеркәсібі саласын­дағы мұндай жобаға құйылған инвестицияның кейін еселеп қайтатынын ескерсек, шетелдік компаниялар мүмкіндікті жі­беріп алмауға тырысады.

Үшіншіден, «Қашаған» – 40 жыл бұрын Аляскада табылған Прудхо-Бей кен орнынан кейінгі ең ауқымды ашылым болуымен әлем назарына ілікті. Себебі мұнда 4,5-тен 5,5 млрд тоннаға дейінгі мөлшерде мұнай, 3 трлн текше метрдей газ қоры бар деп жобалануда. «Қашаған» кен орны жобасының бірінші кезеңін игеруге 55 млрд доллар көлемінде инвестиция салынды.

Төртіншіден, Каспий теңізінің фаунасы мен флорасының бәрінен маңызды болатыны белгілі. Өйткені мұнда әлемде сирек кездесетін итбалық пен бекіре тұқымдас бағалы балықтар бар. Бұдан басқа құстың 280-нен астам түріне зерттеу жүргізілді. Оның ішінде 40-тан аса құс «Қызыл кітапқа» енгізілген.

Енді осындай сан алуан ма­ңызға ие «Қашаған» кен орнынан өндірілген газды өңдеу мәсе­лесі де көтеріліп отыр. Неге? Өйткені қазір мұндағы тәуліктік мұнай өндіру көлемі 380 мың баррель шамасын құрайды. Кен орнын игеру жоспарына сәйкес, 2022 жылы өнім өндіру деңгейі тәулігіне 420 мың баррельге жетуі тиіс. Сол кезде ілеспе газ­дың көлемі де еселенетіні даусыз.

Демек, елімізде ілеспе газды қайта өңдейтін өндіріс орнының қажеттігі туындайды. Бұған себеп болатын жайттар да бар. Алдымен бұл жыл сайын газға ішкі сұраныстың артуымен де байланысты болып отыр. Газ экспортынан түсетін қомақты түсім де басты себептердің бірі екені жасырын емес. Мәселен, IHS Markit зерттеу компаниясының дерегіне сүйенсек, былтыр Қазақ­станда газдың жалпы жиынтық өндірісі 55,5 млрд текше метрді құрады. Оның тек 19,4 млрд текше метрі ғана экспортталды. Мұнай өндіру компаниялары қойнауқаттағы қысымды ұстап тұру үшін 19,1 млрд текше метр газды кері айдаған. Ал 17 млрд текше метр газ отандық тұтынушыларға сатылыпты.

Сарапшылардың болжамына қарағанда, әлемде газ тұтыну көлемі 2040 жылға қарай 1,5 есеге өсіп, 5,5 трлн текше метрден асуы мүмкін. Сол кезеңде оның басқа энергия көздері арасындағы үлесі 23%-дан 26%-ға дейін артады екен. Міне, осы кезде «қара алтынға» баланған мұнай­дың үлесі 40-тан 30%-ға дейін төмендейді. Сондықтан «Қаша­ған» газын өңдейтін зауыт­тың құрылысына байланыс­ты қабылданған шешім осы саланың дамуына серпін беру үшін шикізатты сатып алуға, жалпы ұқсас жобаларды қар­жыландыруға қатысты көптеген мәселені реттеуі тиіс.

Әрине мұндай зауыт салу үшін алдымен орын таңдауда бірнеше нұсқа ұсынылғаны даусыз. Алайда Мақат ауданының аумағы таңдалды. Осыған орай аталған жобаға «GPC Investment» ЖШС инвестиция салғалы отыр. Серіктестік өкілдері былтырдан бері екі рет, алғашында Мақат ауданында, ал жақында Атырау қаласында қоғамдық тыңдау өткізді.

Жаңа өндіріс орнына инвести­ция салуға бел буған ком­па­ния өкіл­дерінің мәліметіне сү­йенсек, «Қашаған» газ өңдеу зауы­ты­ның жобасы шикі газды жағу мен кері айдаудың орнына оны қайта өңдеудің ұлттық бағдар­ламасы аясында іске асырылады. Зауыт жылына 1 млрд текше метрге дейін газ өңдейтін бола­ды. Жобаға сәйкес, осынша кө­лемдегі шикі газды өңдеу кезін­де зауыт жылына 815 млн текше метрге дейін тауарлық газ, 119 мың тонна сұйытылған газ, 212 мың тоннаға жуық күкірт, сондай-ақ 35 мың тонна газ конденсатын шығаратын болады.

Сондай-ақ бұл «Қашаған» кен орнында мұнай өндіруді 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Газ өңдеу зауытының құрылысын ел Үкіметі бекіткен. Жобаға инвестор ретінде «GPC Investment» ЖШС таңдалды. Бұдан басқа жобаны іске асыру үшін жетекші отандық және шетелдік мамандар тартылады. Жобаны қаржыландыру инвес­тордың өз есебінен және қар­жы институттарының қара­жатын тарту есебінен жүзеге асырылатын болады.

– Жобаланған жұмыстар учас­кесі Мақат ауданының аумағындағы елді мекендерден алыста орналасады. Зауыт салынатын орын Атырау қала­сы­нан 60 шақырым, ал аудан ор­та­лығы – Мақат кентінен солтүстік-шығысқа қарай 63 ша­­қырым қашықта болатыны анықталды. Құрылыс кезеңінде, одан кейін пайдалануға беріл­ген соң зиянды заттардың шыға­рындылары, қалдықтардың мөлшері барлық санитарлық нормаға сәйкес келетін рұқсат етілген мәндер шегінде болады. Құрылыс құнына әсер ететініне қарамастан, атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту мақсатында ең озық технологияларды пайдалану туралы шешім қабылданды. Атмосфераға күкірт­ті ангидрид сияқты зиянды газ­дың шығарылуын болдыр­мауға мүмкіндік беретін SCOT техно­логиясы қолданылады. Сон­дай-ақ BASF және Dow Chemical сияқты танымал әлем­дік компаниялардың озық техно­логия­ларын да пайдалануды көздедік. Жабық түрдегі алау қондырғысы орнатылады. Жабық алау қондырғысының корпусы шудан, желден, жылу радиациясынан, көрінетін оттан қорғауға арналған, – дейді жобаның техникалық жетекшісі Болат Сақтағанов.

Оның айтуына қарағанда, жоба бойынша қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарын­ды­лары мен қалдықтар мөл­шері бел­гіленіп отыр. Мәсе­лен, за­уыт құрылысын жүргізу кезінде зиянды заттар шығарындыларының мөлшері жылына 186,40 тоннаны, қалдық­тар­дың көлемі 130,19 тоннаны құрайды. Ал зауыт іске қосыл­ғаннан кейін зиянды заттар шыға­рын­дылары жылына 250,96 тон­на­дан, қалдықтар 1286,33 тонна­дан аспайды екен.

Газ өңдеу зауытына пайда­ланыла­тын су қолданыс­тағы «Астрахань-Маңғышлақ» су та­рат­қышынан алынады. Био­ресурстарды үнемдеу үшін зауыт­та тазалаудан кейін суды қайта пайдалана отырып, тұрмыстық кәріздің жабық жерасты желісін салу жоспарлануда. Өндірістік-жаңбыр кәріздерінің коллекторлары бойынша барлық өндірістік және жаңбыр ағыны жабық түр­дегі сақтау резервуарына тү­се­ді. Сақтау резервуарынан сор­­ғыштар өндірістік-жаңбыр ағы­­нын тазарту блогына беріледі. Та­за­лаудан кейін қажетті сапаға д­ейін тазартылған өндірістік-жаң­­быр ағыны кәсіпорынның өн­ді­рістік сумен жабдықтау жүйе­сінде қайта пайдалануға жіберіледі.

Газ өңдеу зауытының құрылы­сын жүргізу үшін 2500-ге дейін, кейін пайдалануға берілген соң 600-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бірақ әзірге жаңа зауыттың құрылысын бастау туралы нақты мерзім айтыл­май отыр. Дегенмен, бұл жоба отандық экономиканы өркен­детуге өрге сүйрейтін серпінділік стра­те­гиясына айнала ма? Әрине, алдын ала болжам жасауға әлі ерте­леу болар. Мұны уақыт енші­сіне қалдырғанды жөн көрдік.

 

Атырау облысы