Сонда әңгімеміз Абай туралы да өрбіген. Елбасы: «Абайдың ақылы, Жамбылдың жырынсыз өскен ұрпақ уызына жари қоя ма?.. Абай өлеңдерін қайталап оқыған сайын жаңа қырынан тани түсемін. Асыл ой, тозбас тұжырым алдымнан шығады да тұрады. Абайдың қос томдығын қайта-қайта оқудамын. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма», деген дауысы алыстан талып естіледі... Ұлылықтың ешбір шектеу мен өлшемге келмес құдіреті осындай-ақ болар» деген еді.
Ал ұлы Абайдың 175 жылдығына арнап жазған мақаласында жасынан ұлы хакімнің жыры мен қара сөздерінен нәр алып, өзінің бүкіл ғұмырының бағдар беруші темірқазығына айналдырғанын айтқан екен.
«Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді» депті. Ол қандай іргелі істі қолға алса да Абайға жүгініп отырғанын, ұлы ойшылдың туған топырағын 40 жыл бойы улап келген тажалды полигонның жабылуы туралы Жарлыққа қол қойғанда да данышпанның сөзі ойында тұрғанын тілге тиек етіпті.
Абай айтқан «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген гуманистік қағида қазақ ұлты мен басқа ұлыстардың басын бірлік идеясына бағындыратын жаңа тәуелсіз мемлекет құруда басты ұстанымға айналған екен.
«Ел бірлігі ұранын бағзы замандардан бері талай сұңғыла бабаларымыз қайта-қайта көтеріп отырған. Сонау ХVІІІ ғасырдың өзінде Бұқар жырау:
...Егер Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын.
Көшің кетер бір жаққа,
Малың кетер бір жаққа,
Көш соңында жете алмай
Есің шығар сол шақта, – деп бірлікке шақырса, Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деп, ХІХ ғасырда-ақ бірлік арқылы күллі адамзаттың көшіне ілесе білуге шақырды», – деп жазады Елбасы «Абай аманаты» атты мақаласында.
Ұлы Абайдың 175 жылдығы әлемді қаусырған пандемияға тұспа-тұс келгеніне қынжыла отырып, бұл уақытша қиындықты еңсеретінімізге сенім білдіреді.
Абайдың аманатын орындай білген Алаш ұрпақтарының келешегі зор болатынына біздің де сеніміміз кәміл.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы