Өткен апта соңында өңірлік коммуникациялар қызметінде Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев брифинг өткізіп, БАҚ өкілдеріне мәселенің жай-жапсарын айтып берді.
Ауылдағы тұрғындардың дені осыдан 16 жыл бұрын құрылған «А.Тоқмағамбетов» ЖШС құрамында екен. Серіктестіктегі 875 тұрғын 2 мың гектардай егістік алқаптың 10% үлесіне ие, негізгі 90 пайыздық үлес жалғыз азаматқа тиесілі. Ерте көктемде осы құрылым иелігіндегі алқаптың 105 гектарына Азамат Ысқақов басшылық ететін «Азамат» шаруа қожалығы күріш егеді. Бұған жер үлесіне ие ауыл тұрғындары қарсы шығыпты. Кейіннен Азамат Ысқақовқа сол кездегі серіктестік төрағасы Меңдіғали Есжановтың құрылтайшыларға ескертпей, олардың келісімін алмастан рұқсат бергені белгілі болады. Құрылтайшының өкілі Мадияр Алдоңғаров бұл шешімді заңсыз деп тауып, маусым айында М.Есжановты қызметінен босатып жібереді. Екі шаруашылық арасында бұл туралы жасалған келісімде бір тараптың мөрі қойылмауы да істің дау-дамайсыз шешілуіне әжептәуір кедергі келтірсе керек. Осыдан да қазір «Азамат» шаруа қожалығы 105 гектар алқаптағы егінді жинап ала алмай отыр. Дәлірегі, алқаптың 70 гектары орылған, бірақ жиналмай жатыр. Ал атызда қалған күріштің өнімділігі күн сайын төмендей беретіні белгілі. 35 гектардай алқапқа әлі комбайн түспей тұр.
– Жалпы, бұл – екі кәсіпкер арасындағы дау. Бірақ мәселе ушығып бара жатқан соң жуырда алқаптың басына бардық. Проблема шешілмейінше егістікке екі жақтан да комбайн кірмесін дедік. Екі тарапқа да қатысы жоқ шаруашылықтардың техникасымен күрішті жинап алып, басқа қамбаға сақтай тұрайық дегенді де ұсыныс ретінде айттық. Оған екі жақ та көнбеді. Осыдан да орылған күріш әлі жиналмай жатыр, – дейді аудан әкімі.
Кейіннен аудан әкімінің кабинетінде жиын өтіп, үшжақты келісім жасалыпты. Бірақ ертесі-ақ серіктестік пен шаруашылық басшылары келісімнен бас тартатынын хабарлаған.
Аудан басшысы кәсіпкерлер арасындағы бұл дау тек сот арқылы шешілетінін айтып отыр. Бірақ ешқандай мәмілеге көнбей, өзара келісімге келмей отырған екі тараптың әлі күнге сотқа жүгінбегені түсініксіз. Құрылтайшы өкілі Ысқақов пен Есжанов жұмсаған шығындары көрсетілген құжаттарды ұсынса, шығындарын өтеп беруге де дайын екен. Бірақ олар әзірге мұндай құжаттар ұсынбаған.
Аудан әкіміне жуырда ауыл тұрғындарынан өкілдер келіп, 3 мәселені шешіп беруін сұрапты. Оның екеуі осы мәселеге қатысты. Сондай-ақ олар келешекте «А.Тоқмағамбетов» ЖШС-мен жұмыс істеуден бас тартатындарын да жеткізіпті. Ауылдағылар басқа үлкен серіктестіктердің елдің әлеуметтік мәселесін шешуге үлес қосып келе жатқанын айтып, «А.Тоқмағамбетов» серіктестігінің 16 жылдан бері мұндай іске ынта танытпай отырғанына наразылықтарын білдірген.
Аудан басшысының айтуынша, бұл мәселе егін жинау науқаны толықтай аяқталғаннан кейін жалпы жиналыста талқыланады.
Қызылорда облысы