Қоғам • 13 Қазан, 2020

Жаңа кен орындарын іздестіру қажет

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев геологиялық зерттеу­лер жұмы­сының деңгейі мен өңірдің ресурстық база­сының көрсеткіштерімен танысу үшін Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды.

Жаңа кен орындарын іздестіру қажет

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен бірлесе металлургия, тау-кен, көмір кені, мыс өндірісі салаларындағы өнеркәсіп орындары басшыларының қатысуымен жиналыс өтті. Атап айтқанда, кездесуде «АрселорМиттал Теміртау», «Қазақмыс», «Шұбаркөл Көмір», «YDD Corporation» компанияларының өкілдері және тағы басқалар болды.

Экология министрі М.Мырзағалиевтің айтуынша, Қарағанды облысының минералдық-шикізат базасының әлеуеті жоғары.

«Бұл жерде ірі тау-кен өндірістері бар. Соңғы 10 жылда өңірдің жер қойнауын пайдалануға инвестиция көлемі үш есеге өскен. Жер бетіне жақын кен орындарының қоры таусы­луға жақын екендігін ескере отырып, Қарағанды облы­сын­дағы геологиялық барлау жұмыстарын жаңа технология­ларды қолдану арқылы тереңдете түсу керек. Жаңа кен орнын табу мен оны қолданысқа енгізудің арасы 10-15 жыл болған­дықтан, бұл жұмысқа бүгін кірісу қажет», деді ведомство басшысы.

Министр сонымен бірге өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға байланысты шаралардың маңыздылығына тоқталды.

«Облыстағы атмосфералық ауаның ластану проблемасы өте өзекті. Бұл сөзсіз ірі өнеркәсіптің жұмысына байланысты. Сондықтан өндірісті арттыра отырып, шығарындылардың көрсеткішіне де назар аудару керек. Мысалы, YDD Corporation ЖШС зауытында өндіріс тиімділігі көрсеткішінің жоғарылығы байқалады. Шығарындылар көлемі аз», деді министр.

Қазір Қарағанды облысында мемлекет балансында 51 мыс, 56 алтын, 32 қорғасын, 28 мырыш, 36 марганец және 28 темір кен орындары бар. Тас көмір және қоңыр көмірдің негізгі қоры осында шоғырланған. Қарағанды көмір бассейні республикадағы металлургиялық өнеркәсіп кәсіпорындарына кокс көмірін жеткізеді.

«Мемлекет басшысы геологиялық барлаудың тұрақты дамуын қамтамасыз етуді және минералдық шикізат базасын толықтыруды тапсырған. Бұл үшін геологиялық барлаудың 5 жылдық мемлекеттік бағдарламасы жасалады. Аталған бағдарлама еліміздің табиғи байлықтарын геологиялық зерттеу саласындағы барлық тапсырмаларды орындауға бағытталған аса маңызды құжат болады», деп айтты министр.

Талқылау барысында минералдық шикізат базасы мыс, алтын, полиметалл және марганецті геологиялық барлау жұмыстарымен толығатыны айтылды.

 

Қарағанды облысы