Қоғам • 13 Қазан, 2020

«Еңбек» бағдарламасынан – кәсіпкерлікке

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында бөлінген гранттар мен шағын несиелер арқылы Ақмола облысының тұрғындары табысты түрде бизнес бастауда.

«Еңбек» бағдарламасынан – кәсіпкерлікке

Мәселен, Шортанды ауылындағы үш баланың анасы Мәдина Қалибекова «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өткен соң грант алып, көкөніс сата бастады.

«Менің күйеуім дәрігер, жұмысына байланысты осында көшіп келдік. Үйде біраз отырып қалдым. Содан кейін жолдасым маған осы жоба туралы айтты. Жазда оқудан өтіп, сертификат пен оған қоса грант алдым. Бірнеше ай бұрын азық-түлік дүкенін аштық. Жақында бизнесті кеңейту үшін тағы да несие алуға тырысып көруге болатынын білдім. Байқап көремін, себебі жоспарларым бар», дейді Мәдина Қалибекова.

Ал Софиевка ауылдық округінде тұра­тын көпбалалы ана Әбілхан Нұршаш кәсіп­керлікті дамытудың басқа бағытын таңдады. Ол мал шаруашылығын дамыту үшін несие алды. Қазір оның шаруа­шылы­ғында 15 бас ірі қара мал бар.

«Қыркүйек айындағы жағдай бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік қызметті дамытуға 486 шағын несие және 540 грант берілді. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 120 адам кәсіпкерлік негіздерін үйренді», деді Ақмола облысы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.

Басқарманың мәліметінше, облыста 14 мыңнан астам адам «Еңбек» бағдар­ламасының қатысушысы болды. 10 мың адам еңбекпен қамтылды, оның 6,6 мы­ңы тұрақты жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орындарына – 490 және қоғамдық жұмыс­тарға 2 884 адам орналасты. 786 қазақ­стан­дық жастар тәжірибесіне жолданды. Қыс­қамерзімді кәсіптік оқуға 702 адам тартылды, ал 1 қыркүйектен бастап облыста 9-11 сыныптардың 1 190 түлегі техникалық және кәсіби орта білім орындарында оқуды бастады.

Жалпы еліміз бойынша осы жылы «Еңбек» бағдарламасына 430 мың адам қатысып, оларға түрлі қолдау шаралары көрсетілді. 279,8 мың адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде 146,7 мың адам тұрақты жұмысқа кірді. 159,8 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылды. Бизнес-идеяларды дамытуға 6,9 мың микрокредит және 20 мың қайтарымсыз грант берілді. 30 мың азамат кәсіпкерлік негіздеріне қысқамерзімді оқудан өтуде.