Аймақтар • 13 Қазан, 2020

Күн тәртібінде – індетпен күрес мәселелері

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қоңыратбек Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығында «COVID-19 пандемиясы: Туберкулезге қарсы іс-шараларды ұйымдастырудың заманауи тәсілдері және эпидемиялық ахуалдың жаңа сын-қатерлеріне дайындық» тақырыбында III ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Күн тәртібінде – індетпен күрес мәселелері

Аталған іс-шараға еліміздегі және ше­тел­­дердегі туберкулезге қарсы ұйым­дар­дың, мемлекеттік органдардың басшылары, медицина саласының ғалымдары қатысты. Алдымен жаман тұмау жайлаған кезеңнің жай-жапсары қамтылған жинақтың тұсау­ке­сері өтті. Бұдан әрі облыстық фтизио­пульмонология орталығы мен көпсалалы облыстық ауруханада туберкулезге, онко­ло­гиялық патологияға және басқа да сыр­қат­тарға қажетті хирургиялық көмек көр­се­ту бойынша республиканың танымал хи­рургтерінің қатысуымен шеберлік сабағы ұйым­дастырылды.

COVID-19 пандемиясының алғашқы толқынынан қорытынды шығарып, өткенге көз жүгіртетін, медициналық көмекті жақсартудың қосымша шараларын анықтайтын уақыт келді. Пандемия күшейген кезеңде туберкулезге қарсы көмек, сонымен қатар эпидемиялық жағдайдың кез келген қиындықтары туын­да­уы әбден мүмкін.

Конференция барысында Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы Мәлік Әденов еліміздегі жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ақмола облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина қазіргі қауіп-қатерлер кезіндегі санитарлық-эпидемиялық қызмет жұмысының мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ коронавирус жұқпасымен күресте денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерін қаржылық қолдау шаралары мен індет кезінде қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдас­ты­ру жұмыстары да ұмыт қалған жоқ.

Сонымен қатар ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық бөлімі өтті. Онда Беларусь, Украина, Молдова, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдерінен және Ресейдің Санкт-Петербург, Архангельск, Омск қалаларынан келген медицина ғылымдарының докторлары, белгілі хирург дәрігерлер баяндама жасады. Пленарлық бөлімде жаман тұмауға байланысты алғашқы кезеңде орын алған кемшіліктерді жою мәселелері мұқият сарапқа салынды. Өткеннен сабақ алып, алдағы уақытта қолбайлау болған кейбір мәселелерді шешу жайы қарастырылды.

 

Көкшетау