Тарих • 13 Қазан, 2020

Тараздықтар «Түркістан тарихымен» танысты

409 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлтымыздың ұлы тарихында көне Тараз бен Түркістан шаһарларын байланыстыратын оқиғалар көп. Қатар орналасқан қос аймақтың күні бүгінге дейін мәдени, рухани сабақтастығы үзілген емес. Жуырда ғана Тараз қаласындағы Көркемсурет галереясында Түркістан облыстық «Бейнелеу өнері» музейінің қорынан жасақталған «Түркістан тарихы» ат­ты кең ауқымды жылжымалы көр­менің ашылу салтанаты өтті.

Тараздықтар «Түркістан тарихымен» танысты

Атал­­ған шара Түркістан және Жам­был облысы әкімдіктерінің қол­дауымен ұйымдастырылды. Көп­шілікті тәнті еткен көркемсурет көр­месі «Бейнелеу өнері» музейінің құн­ды жәдігерлерінен жасақталған. Соны­мен қатар талантты суретшілер әрбір туындыларында ежелден ер түріктің бесігі болған Түркістан өлке­сінің тарихи шежіресін шынайы шабытпен өрнектеген. Бұл күні екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарының тұрғындары көз тоятын көркемдікке куә болды.

 Жалпы, аталған көрмеде бәрі бар. Мәселен, кезінде Түркістан өңірінде болған тарихи оқиғалардан бөлек, сол аймақтағы әйгілі жер-су атаулары да көркемсурет кеңістігінен орын алған. Сондай-ақ Әл-Фараби, Абай, Қажымұқан сияқты ұлттың ұлы тұлғаларының бейнесі де көрме көркін арттырған дүниелер болды. Түркістан облыстық мәдениет басқар­масының басшысы Әзімхан Қой­лыбаев көрмеге қойылған жәд­і­гер­лердің бәрі де оңтүстікте орналасқан өлкенің тарихы мен таби­ғатының сұлулығын танытуды мақсат еткенін жеткізді. «Түркістан аймағының тарихы мен мә­дениеті ежелден бай. Өңірдің табиғаты да өнер адамдарына шалқар шабыт сыйлайды. Міне, сондықтан да «Түркістан тарихы» атты кең ауқымды жылжымалы көрмесін тамашалаушылар көне ортағасырлық Отырар, Түркістан, Сидақ, Созақ, Сауран, Сайрам, Шымкент сияқты шаһарлардың, Қазығұрт, Қаратау мен Алатау тауларының, Мырзашөл мен Қызылқұмның берекелі қойнауының, Сырдария мен Арыс сияқты өзен су­лары­ның, жалпы, ұлы даланың ғажап көріністеріне көз сала алады. Қыл­қалам шеберлерінің назарынан ұлы тұлғалардың бейнесі, табиғаттың тылсым көріністері, халықтың тұрмыс-тір­шілігі мен салт-дәстүрлері де шет қалған жоқ», дейді басқарма басшысы.

Сан ғасырлық тарихы бар Түр­кістан өлкесінің өткені мен бүгіні туралы шежіре шертетін көрме туындылары белгілі бір хронологиялық тәртіппен орналастырылған. Әрі келушілер назарына музей қорынан алынған құнды туындылар мен фотосуреттер топтамасы ұсынылды. Жал­пы, көрменің өзі сегіз тақырыптық бө­лім­нен тұрды. Әрі әрбір бөлімнің өзіне тән ерекшелігі бар. «Мәселен, Көр­кемсурет галереясының фойесіне орна­ластырылған «Фотокөрме» бөлімінде «Түрленген Түркістан» көрме-байқауында жүлделі орынға ие болған шығармашылық фотосуреттер топтамасы жұртшылықтың назарын өзіне ауда­рады. Ал «Жер кіндігі – Қазығұрт» бөлімінде келу­шілерге киелі мекеннің тарихы, оған қатысты аңыз-әңгімелер сурет­телген туын­дылар ұсынылуда. Сонымен қатар өлке табиғаты мен тарихына қатысты туындылардың енді бір шоғыры «Түркістан табиғаты», «Түр­кістан тарихы», «Хандық дәуір», «Кеңес дәуірі» сияқты бөлімдерде топтас­тырылған. Сол сияқты «Танымал тұлғалар» бөлімінде Түркістан өңірі­нен шығып, аты елімізге, әлемге мәш­һүр болған тұлғалардың бейне­сін тама­шалауға мүмкіндік бар. «Облыс­тық өн­­ді­ріс орындары, дамуы, өркендеуі» бө­лімі өңірдің эко­но­микасында жетекші рөлге ие кәсіп­орындардың қалыптасу тарихы мен бү­гінгі тыныс-тіршілігінен хабар береді», дейді Түркістан облыстық бей­нелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспанов.

 Негізінен көрмеге 100 кескінде­мелік шығарма, 40 ауқымды көлем­дегі фотосурет қойылған. Әрқай­сысының көркемдік кеңістігі әр бөлек. Жергілікті жұрт­шылықтың қызы­ғушылығын тудырған туындылар да аз болған жоқ. Сондықтан да аталған мәдени шара арқылы Түр­кіс­тан және Жамбыл өңірлерінің арасындағы рухани байланыс жаңа белеске көтерілді деуге болады.

 

Жамбыл облысы